2029 жылға дейін жаңартылатын энергия көзі ірі объектісі аяқталады
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев елімізде инвестиция салуға қолайлы жағдай жасауға ерекше мән берілетінін айтты.

— 2029 жылға дейін Total Eren, Masdar, ACWA Power және China Power International Holding сияқты стратегиялық халықаралық серіктестердің қатысуымен жүзеге асырылып жатқан жаңартылатын энергия көзі ірі объектісін аяқтау жоспарланған, — деді Қанат Бозымбаев елордада өтіп жатқан Astana Finance Day — 2025 халықаралық форумында.

Үкімет басшысы орынбасарының мәлімдеуінше, аталған жобалар елімізге аса қажет.
— Өйткені, өңірлердің экономикалық мүмкіндігін күшейтеді, мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылады және сол арқылы азаматтардың әл-ауқатының өсуіне ықпал етеді. Сондықтан біз инвестициялық қызметтің табысты жүзеге асырылуына қолайлы жағдай жасауға ерекше мән береміз, — дейді ол.
Бұған дейін Қанат Бозымбаев Транскаспий дәлізі арқылы жүк тасымалы 10 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспары туралы айтқан еді.

Бүгін елордада Astana Finance Day–2025 өтіп жатыр.
Екі күнге жалғасатын Astana Finance Days-те әлемнің 70-тен астам елінен 5 000-нан аса қатысушы, оның ішінде брокерлер, банкирлер, инвесторлар мен инноваторларды қоса алғанда, қаржы және технологиялық сектор, сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор өкілдері бас қосып отыр.