2030 жылға дейін ірі қара саны 12 миллион басқа жетуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде маусым айының екінші жексенбісінде Мал шаруашылығы қызметкерлері күні атап өтіледі. Биыл отандық мал шаруашылығы мамандары кәсіби мерекелерін өндіріс көлемінің тұрақты өсуі, ауыл шаруашылығы жануарлары санының артуы, саланы ауқымды жаңғырту және жаңа инвестициялық жобалардың іске қосылуы сияқты табыстармен қарсы алуда.
Биылғы жылдың алғашқы төрт айында мал шаруашылығының жалпы өнімі 1 трлн 158 млрд теңгеден асты. Нақты көлем индексі 103,5%-ды құрап, саланың тұрақты қарқынды дамуын дәлелдеді.
Мал шаруашылығы қызметкерлерінің маңдай терінің арқасында негізгі өнім түрлерін өндіру көлемі артып келеді. Жыл басынан бері барлық санаттағы ет өндірісі 338,2 мың тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,4%-ға өсті. Оның ішінде 126,7 мың тонна құс еті, 112,9 мың тонна сиыр еті, 41,2 мың тонна жылқы еті, 34,7 мың тонна қой еті және 16,9 мың тонна шошқа еті өндірілді.
Сүт саласы да қарқынды дамуда. Сүт өндірісі 986,8 мың тоннаға жетіп, 3,1%-ға артты. Жұмыртқа өндірісі 1,5 млрд дана болып, өткен жылғы көрсеткіштен 8,6%-ға жоғары болды.
Ауыл шаруашылығы жануарларының саны да арта түсті. Бүгінгі таңда ірі қара мал саны 9,7 млн бастан асты, ұсақ мал саны – 25,7 млн бас, жылқы саны – 5,1 млн бас, құс саны 48,2 млн басқа жетті.
Саланың дамуына серпін беріп отырған негізгі бағыттардың бірі – құс шаруашылығы. Елде 37 өнеркәсіптік құс фабрикасы азық-түлік жұмыртқасын өндірумен айналысады. Жылдық қуаты 4,5 млрд жұмыртқа деп есептелген.
Бұл Қазақстанның ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етеді. Экспорттық әлеуетті одан әрі кеңейту мақсатында Ақтөбе облысында жергілікті құс фабрикасының қуатын жылына 180 млн жұмыртқаға дейін ұлғайту жобасы жүзеге асырылуда.
Ет бағытындағы құс шаруашылығында жалпы қуаты 505 мың тонна өнім өндіретін 32 кәсіпорын жұмыс істейді. Соңғы жылдары бірқатар жаңа өндірістер іске қосылып, импортқа тәуелділікті кезең-кезеңімен азайтуға ықпал етуде. 2020–2024 жылдар аралығында жылына 46 мың тоннадан астам құс етін өндіретін жаңа құс фабрикалары пайдалануға берілді.
Алдағы жылдары құс еті өндірісінің қуатын тағы 220 мың тоннаға арттыру жоспарлануда. Қазіргі уақытта жалпы қуаты 31,1 мың тонна болатын алты құс фабрикасы іске қосылды, ал қуаты 190 мың тонна болатын тағы төрт ірі жоба жүзеге асырылу үстінде. Олардың қатарында «Aitas» және «Алель Агро» компанияларының жалпы қуаты 170 мың тонна екі ірі жоба бар. Бұл жобалардың іске қосылуы ішкі нарықты толықтай отандық өніммен қамтамасыз етіп, экспорт көлемін едәуір ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Саланы дамытудың маңызды бағыттарының бірі – өндірістік үдерістерді цифрландыру және автоматтандыру. Қазіргі таңда Қазақстанда жылына 1 млн тонна сүт өндіретін 373 сүт-тауарлы фермасы жұмыс істейді. Олардың 112-сі заманауи цифрлық фермалар болып табылады және 594 мың тонна сүт өндіреді.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Солтүстік Қазақстан облысының табысты тәжірибесі еліміздің барлық өңірлеріне таратылуда. Жылына 600 мың тонна сүт өндіретін 116 заманауи сүт-тауарлы фермасын салу жоспарланған. Бүгінгі күні қуаты 500 мың тоннадан асатын 94 нысанның құрылысы қаржыландырылды. Оның ішінде 71 ферма пайдалануға берілді, ал биылғы жылдың соңына дейін тағы 19 нысанды іске қосу жоспарланып отыр.
Аталған жобаларды жүзеге асыру тауарлы сүт өндірісін арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін күшейтуге, сүт өнімдері бойынша импортқа тәуелділікті төмендетуге және ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Етті мал шаруашылығының инфрақұрылымы да қарқынды дамып келеді. Елде жалпы сыйымдылығы 575 мың басқа арналған 314 бордақылау алаңы жұмыс істейді. Түркістан облысында озық австралиялық технологияларды қолдану арқылы Орталық Азиядағы ең ірі 50 мың басқа арналған бордақылау алаңы іске қосылды. Сонымен қатар өткізу қабілеті 12 мың басқа дейін жететін алғашқы мамандандырылған мал биржасын салу жобасы қолға алынуда.
Саланың дамуына мемлекет тарапынан да айтарлықтай қолдау көрсетілуде. 2026 жылы мал шаруашылығын субсидиялауға 117,6 млрд теңге қарастырылған. Қаржының басым бөлігі сүтті және етті ірі қара шаруашылығын, ет бағытындағы құс шаруашылығын және қой шаруашылығын дамытуға бағытталған. 1 мамырдағы жағдай бойынша 48,9 млрд теңге игеріліп, бұл жалпы қаржыландыру көлемінің 41,6%-ын құрады.
Мал өнімділігін арттыру және генетикалық әлеуетін жақсарту мақсатында мемлекеттік қолдау нормативтері ұлғайтылды. Бір жынысты ұрықты пайдалануға жұмсалған шығындарды өтеу мөлшері 10 мың теңгеден 18 мың теңгеге дейін, ал ел ішінде жоғары құнды эмбриондарды сатып алуға берілетін қолдау көлемі 80 мың теңгеден 120 мың теңгеге дейін көбейтілді.
2026–2030 жылдарға арналған Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын іске асыру саланы дамытуға қосымша серпін бермек. Фермерлер үшін асыл тұқымды мал сатып алуға арналған жылдық 6%-дық мөлшерлемемен «Игілік» және «Береке» жеңілдетілген несие өнімдері іске қосылды. Жақын арада жайылымдық және көшпелі мал шаруашылығын дамытуға бағытталған бірыңғай «Жайлау» өнімі, сондай-ақ айналым қаражатын толықтыруға арналған жылдық 5%-дық жеңілдетілген кредиттік бағдарламасы іске қосылады.
Саланы білікті кадрлармен қамтамасыз етуге және мал шаруашылығы қызметкерлері үшін лайықты әлеуметтік қолдауға ерекше көңіл бөлінуде.
Қабылданып жатқан шараларды тиімді жүзеге асыру өндірісті кеңейтуге, ауыл шаруашылығы жануарларының санын арттыруға және саланың экспорттық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.
2030 жылға қарай Қазақстандағы ірі қара мал саны 12 млн басқа, ұсақ мал саны 28 млн басқа жетіп, ет өнімдерінің экспорты 2,5 есеге артады деп күтілуде.
Айта кетелік елімізде жайылым тапшылығы 3,5 млн гектарға қысқарған еді.