2030 жылға қарай Қазақстанда қуат тапшылығы сағатына 13 млрд киловаттан асуы мүмкін – халықтық штаб
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб мүшелері Ақмола облысында болып, еңбек ұжымдарымен кездесті.

Көкшетауда Халықтық штаб мүшелері «Новопэк» фабрикасының жұмысшыларымен, денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен, Көкшетау қаласының өрт сөндіру бөлімінің ардагерлерімен және ұжымымен кездесіп, елімізде АЭС салудың жай-жапсарын талқылап, маңызын түсіндірді.

Облыс орталығында штаб мүшелері Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары Павел Казанцев, Айна Мысрәлімова, энергетика саласындағы мамандар Тимур Жантикин және Николай Радостовец болды. Кездесулерде сөз сөйлеген Халық штаб мүшелері атом электр станциясын салудың басты қажеттілігі электр энергиясының тапшылығын шешу деген пікір білдірді.
«Сарапшылардың пікірінше, 2030 жылға қарай Қазақстанда қуат тапшылығы сағатына 13 млрд киловаттан асуы мүмкін. Нәтижесінде біз электр энергиясын көрші елдерден қомақты сомаға сатып алуға мәжбүрміз. Сондықтан жеке атом электр станцияларын салу маңызды. Бұл бізге энергетикалық тәуелділіктен арылуға мүмкіндік беріп қана қоймай, экономикалық өсудің жаңа кезеңіне өтуді қамтамасыз етеді», - деп атап өтті мәжіліс депутаты Павел Казанцев.
Облыстық көпсалалы аурухананың медицина қызметкерлерімен кездесуде сарапшылар атом станциясының құрылысы экологиялық проблемаларды тиімді шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Өз кезегінде кездесуге қатысушылар ой бөлісті. Облыстық аурухананың жедел зертханасының медбикесі Ксения Герасимова атом саласы тек өнеркәсіп пен технология ғана емес, сонымен қатар ғылым екенін атап өтіп, электр энергиясының заманауи көзіне деген қолдауы мен сенімін білдірді.

«Ғылымда «бейбіт атом» ұғымы бар. Бұл тұжырымдама адамзаттың игілігі үшін қолданылатын атомдық қасиеттерді қамтиды. Медицинада көптеген заманауи жабдықтар атомның пайдалы қасиеттеріне негізделген. Яғни, біз атом сөзінен қорықпауымыз керек. Медицина «бейбіт атомнан» ең жақсысын алды, бүгінде Ядролық медицина ең перспективалы салалардың бірі болып саналады, әсіресе онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеу мәселелерінде сұранысқа ие болып келеді», - деді Ксения Герасимова және әріптестерін Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысын қолдауға шақырды.
Ақмола облысының ардагерлер кеңесі біздің елімізде АЭС салу үшін мамандар бар-жоғын сұрады.

«Бүгінгі таңда Қазақстанның атом өнеркәсібінде 20 мыңнан астам адам жұмыс істейді, оның 15 мыңы - негізгі өндірістік персонал. Сондай - ақ, көптеген мамандар Ұлттық ядролық орталық пен ядролық физика институтында жұмыс істейді, олар ондаған жылдар бойы табысты жұмыс істеп келеді», - деп атап өтті «Қазақ атом электр станциялары» ЖШС Бас директоры Тимур Жантикин.
Сондай-ақ, республикалық халық штабының мүшелері Көкшетау қаласының өрт сөндіру бөлімінің ұжымымен кездесті. Кездесу барысында халық штабының мүшесі Николай Родостовец АЭС құрылысында қолданылатын экологияға зиянсыз заманауи технологиялар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Айта кетсек, бұдан бұрын Еуропа елдерінде атом энергетикасы қалай дамып жатқаны туралы жазған едік.
