Жасанды интеллектінің жаһандық экономикаға үлесі 20 трлн долларға жетеді – Бектенов
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Жасанды интеллекттің жаһандық моделі бәсекеге қабілеттіден кооперацияға жылдам ауысып жатыр. Бұл туралы Digital Almaty 2025 цифрлық форумы барысында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов айтты.

Олжас Бектенов 2030 жылға қарай жасанды интеллекттің жаһандық экономикаға қосатын үлесі 20 триллион долларға жететінін атап өтті.
– Жетекші IDC сараптама компаниясының зерттеулеріне сәйкес, 2030 жылға қарай жасанды интеллекттің жаһандық экономикаға қосатын үлесі 20 триллион долларға жетеді. Сонымен қатар, тек қана AI арқасында жалпы ішкі өнімнің жыл сайын 2-3% өсуін қамтамасыз етуге болады. Бұл мүмкіндікті елдеріміздің экономикасын дамыту үшін пайдалану керек,– деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ ол жасанды интеллекттің әлемде айтарлықтай таралуына ықпал ететін үш негізгі аспектіні атады.
– Біріншісі – адами капиталды дамыту. Жасанды интеллекттің жаһандық моделі бәсекеге қабілеттіден кооперацияға жылдам ауысуда. Осы мақсатқа жету үшін IT саласының әлемдік көшбасшылары бірігіп, ғылыми жобаларын бірлесіп жүзеге асыруды қолға алды. Белгілі платформаларда энтузиастар өздерінің жобаларымен ашық бөліседі. Олар мұны жалпы технологиялық даму үшін жасайды. Біз бұл тәжірибені өзіміздің және бірлескен жобаларымыз үшін пайдалануымыз керек, – деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, Digital Almaty форумында Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Армениянның үкімет басшылары цифрлық жобалар көрмесімен танысып, пленарлық сессияға қатысып жатыр.
Digital Almaty халықаралық технологиялық жетінші форумының ерекшелігі - ол жасанды интеллектіге арналған.
Еске салайық, Алматыда Digital Almaty-2025 цифрлық форумы өтіп жатыр. Оған 40 мыңнан аса адам қатысуда.