2030 жылғы қысқы Олимпиада қайда өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – Алдағы қысқы Олимпиада 2030 жылдың 1-17 ақпан аралығында Франция Альпілері аймағында (Франция) өтеді. Мұндай шешім 2024 жылдың 24 шілдесінде Франция астанасы Парижде өткен Халықаралық Олимпиада комитетінің 142-сессиясында белгілі болды.  

2030 жылғы қысқы Олимпиада қайда өтеді
Фото: ҰОК

Дүбірлі дода 2030 жылдың 1-17 ақпан аралығында Франция Альпілерінің Прованс-Альпі-Кот-д'Азур-Оверн-Рона-Альпі аймағында болады.

Жарыс бағдарламасына шайбалы хоккей, фристайл, сноуборд, бобслей, шана спорты, тау шаңғысы, тұғырдан секіру, биатлон, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, коньки спорты секілді көптеген спорт түрлері енгізілген. 

Айта кетсек, 2026 жылғы қысқы Олимпиада 6-22 ақпан аралығында Италияның Милане-Кортина д’Ампеццо өңірінде өтіп жатыр. Оған әлемнің 90-нан астам елінен шамамен 2 900-3 500 спортшы қатысты. Байрақты бәсекеде 16 спорт түрі бойынша 116 медаль жиынтығы сарапқа салынды.

Қысқы Олимпиадада еліміздің атынан мәнерлеп сырғанау шебері Михаил Шайдоров чемпион атағын жеңіп алды. Нәтижесінда қазір қазақстандық спортшылар жалпы командалық есепте 1 алтын медальмен 19-орынға тұрақтап тұр.

Еліміз биыл қысқы Олимпиада ойындарында 36 спортшыға үміт артып, жалпы тізімде 24-орынға табан тіреді. Дүбірлі додада еліміздің ұлттық құрамасы спорттың 10 түрінен 58 медаль жиынтығы бойынша бақ сынады. 

Олардың қатарында биатлон, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғы спорты, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарыстары, шаңғымен трамплиннен секіру, фристайл-могул және фристайл-акробатика бар.

Отандастарымыз қысқы Олимпиадада 1994 жылдан бері сынға түсіп келеді. Сол жылы шаңғышы Владимир Смирнов шаңғы жарысынан 50 шақырым қашықтықта жеңіс тұғырына көтерілсе, 10 және 15 шақырымда күміс жүлдегер атанды. 

1998 жылы коньки спортынан Людмила Прокашева 5000 метр қашықтықта қола алса, 2010 жылы биатлоншы Елена Хрусталева күміске қол созды. 

2014 жылы мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен үздік үштікті түйіндесе, 2018 жылы могулшы Юлия Галышева дәл сондай жетістікті бағындырды. 

Қазірге дейін отандастарымыз қысқы Олимпиадада барлығы тоғыз медаль жеңіп алды. 

Айта кетсек, ақпанның 22-нен 23-не қараған түні Италияның Верона қаласында 2026 жылғы XXV қысқы Олимпиада ойындарының жабылу салтанаты өтеді. Тікелей трансляция Қазақстан уақыты бойынша 23:45-те басталады және «Qazaqstan», «Qazsport» және «Хабар» телеарналарынан көрсетіледі.

Соңғы жаңалықтар
Референдум