2030 жылға дейін елордада жеке тұрғын үй құрылысына 26 мың жер телімі беріледі

Дәл осы «жел сөз» елордалықтардың көңілін бұзып, үйсіз жүрген талай жанға үміт отын оятты. 25 тамыздан бастап бүгінге дейін Жер қатынастары басқармасына өтініш берген азаматтардың саны 8 мыңнан асып отыр. Жалпы, бүгінге дейін кезекте тұрған азаматтардың саны 83 мыңнан асып жығылады.
Есте болса, 2006 жылғы 1 тамызда Үкімет жеке тұрғын үй құрылысына жер беру ережесі туралы арнайы қаулы қабылдаған болатын. Міне осы құжатты бірден тегін жер беріледі деп түсінген халық әкімдікке өтініш беруге асықты. Тіпті өтініш берген азаматтар Қазақстанның басқа да өңірлерінен табылды.
Бүгін Астана қалалық жер комиссиясы жоғарыда аталған жеке тұрғын үй салу үшін жер теліміне өтініш берген 8 мыңнан астам азаматтың 2245-ін арнайы кезекке қойды. Алқалы жиын алдында БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берген Астана қалалық жер қатынастары басқармасының бастығы Төлеуғазы Нүркеновтің атап өтуінше, 2006 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін қала бойынша Ильинка кенті жанынан 1333 жер телімі тегін берілген. Оның ішінде 2006 жылы - 113, 2007 жылы - 1120 азамат қайтарымсыз жер телімін алған. Аталған аймаққа жол салу, инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бюджеттен 10 млрд. 700 млн теңге қаржы жұмсалған. «Жеке тұрғын үй құрылысына жер телімін бөлу - өте қиын мәселе. Өйткені қалаға салмақ түсірмейтін жер жоқ. Яғни, қаланың 2030 жылға дейін арналған бас жоспарына сәйкес тұрғын үй құрылысына 44700 жер телімі бөлінеді. Оның 18 мыңы қазірдің өзінде салынып тұрған баспаналар болса, 26 мыңы келешекте салынатын үйлер, оның ішінде шамамен 2 мың жер теліміндегі ескі үйлер сырылып тасталып, сол жерлерде баспана бой көтереді», - деді ол.
Оның атап өтуінше, жоғарыда аталған 24 мың жер телімін беру үшін ауыл шаруашылығы өндірушілердің иелігіндегі жерлерді сатып алу қажет. Жалпы ауданы 10 сотық болатын 1000 жер теліміне жол салып, инженерлік желі жүргізу үшін 6,6 млрд. теңге қаржы жұмсалады. Ал 26 мың жер телімін бірден дайындауға 178 млрд. мемлекет қаржысы қажет болады. Айта кетерлігі, бұл қаржыға ауыл шаруашылығы иелігіндегі жерлерді сатып алу, ескі үйлерді сырып тастау сынды шығындар кіріп отырған жоқ. «Біздің қала - дотациялық қала. Егер де біз жоғарыда аталған жер телімдерін бір мезетте дайындайтын болсақ, онда мектеп, балабақша, аурухана, емхана, жол салу сынды әлеуметтік маңызы бар бағдарламалардан бас тартуымыз қажет болады. Сондықтан қала 2030 жылға дейін бекітілген бас жоспар бойынша дамиды. Яғни жеке тұрғын үй құрылысына берілетін жерлер кезең-кезеңімен дайындалады және олар кезекпен беріледі», - деді Т.Нүркенов.
Сонымен қатар оның сөзіне қарағанда, жер телімдерін беру барысында Ұлы Отан соғысы, Ауған соғысы ардагерлеріне, Чернобль атом стансасында орын алған апаттың салдарын жоюға және Семей ядролық сынағына қатысқандарға ғана жеңілдіктер қарастырылған.
Ескере кетерлік жайт, ағымдағы жылы еліміздің Жер кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізілген болатын. Бұған дейін әкімдік тарапынан жер берген кезде мемлекеттік актісі қоса берілетін. Ал аталған өзгертулерге сәйкес, ендігі уақытта азаматтар 1 жылдың ішінде баспанасын жобалап, салып біткеннен кейін ғана жер актісін ала алады. Ал 1 жылдың ішінде жер теліміне ешқандай құрылыс жұмыстарын жүргізбесе, онда ол жер телімі қайта мемлекет қарауына өтіп, кезекте тұрған келесі азаматқа берілетін болады.