2030 жылға дейін қатерлі вирусты жою қажет
Ол үшін отандық медицина саласының мамандары кешенді алдын алу жұмыстарын жүргізу керектігін алға тартады. Яғни метадонмен емдеу шараларын қолға алу керек деген ойда. Жақында «Аман-саулық» ҚҚ «Тиімді басқаруды қолдау бастамасы» бағдарламасы (USAID) аясында «Орталық Азия Қоры» КҚ-ның қолдауымен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен, ЖИТС-тың алдын алу және онымен күресу жөніндегі республикалық орталықпен, ҚР Психиатрия, психотерапия және наркология жөніндегі республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығымен бірлесе «Қазақстанда АИТВ-ның алдын алу үшін апиындық алмастырушы емді ендіру» жобасын аяқтады.
Жоба шеңберінде Қазақстан Республикасындағы ЖИТС пен АИТВ-ның алдын алу және инъекциялық есіртікіні қолданатындар арасында есірткіге тәуелділікті төмендету үшін төрт өңірде - Алматы, Ақтау, Атырау, Шымкентте демеуші ем мәселелеріне қатысты қоғамдық тыңдаулар өткен болатын. Мамандар тыңдау нәтижелерімен бөлісті.
Есірткілерді тұтыну және АИТВ індетінің кеңінен таралуы қоғамдық денсаулықты қорғау саласындағы күрделі мәселеге айналып отыр. Мәселен, АИТВ індетіне тез шалдығатындар қатарында көбіне инъекциялық есірткілерді қолданатын тұлғалар мен олардың жыныстық серіктері. Бағалау деректеріне сәйкес, инъекциялық есірткілерді қолданатындардың саны - 127 мыңнан асады, оның ішінде - 18 906 адам ғана ресми тіркеуде тұр. Қазақстанда АИТВ індетінің жыныстық қатынас арқылы таралуы көп кездеседі екен. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш 5 пайыздан 60 пайызға дейін өскен.
Әсіресе, инъекциялық есірткілерді қолданатындармен жыныстық қатынасқа түскен әйелдер жиі осы дерттің құрбанына айналады екен. Қазақстанда және жалпы бүкіл әлем бойынша есірткіге тәуелділікті емдеу үшін түрлі амал-тәсілдер қолданылып келеді. Соның қатарында зиянды төмендетуге бағытталған метадонды қолдана отырып жүргізілетін апиынды (опиоидная) алмастырушы ем секілді инновациялық әдістер бар. Мамандар бұл әдіс кеңінен зерттелгенін, оның үстіне көптеген зерттеулер оның тиімділігін дәлелдеп отырғанын айтуда.
- Метадон парентеральді (қан арқылы) қолдану арқылы АИТВ мен ЖИТС-тың таралуын азайтады. Өйткені ол инъекциялық есірткі емес. Алайда инъекциялық есірткі пайдаланатындардың 50 пайызы апиындық алмастырушы еммен қамтылған жағдайда ғана АИТВ азаймақ. 2017 жылға қарай есірткіге тәуелді 600 адамды осы еммен қамтуды жоспарлап отырмыз. Сөйтіп, жыл сайын олардың санын арттыра береміз. Өйткені әлемде барлық қылмыстың шамамен 60 пайызы адамдардың ащы суға сылқия тойғанында немесе есірткіден есі кеткенде орын алады. Мысалы, есірткіге тәуелді адам күніне героин сатып алуға шамамен 6 мың теңге жұмсайды, ал метадонның бір күндік мөлшері 200 теңге ғана тұрады, - дейді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бас психиатр-наркологы Сағат Алтынбеков.
Оның айтуынша, егер Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігі оң шешім қабылдаса, келер жылы республиканың 16 қаласында наркодиспансер жанынан метадон беретін орындар ашылуы мүмкін.
Метадон деп отырғанымыз - ішке қабылдайтын шәрбат немесе дәрі түріндегі синтетикалық есірткі дәрісі. «Облыстық наркодиспансерлердің жылдық бюджеті 300 миллион теңге, ал біз айтып отырған жобаға соның 1 пайызы ғана жаратылмақ» дейді Сағат Алтынбеков.
Жалпы, елімізде 2008 жылдан бастап бірқатар өңірде апиынды алмастыру емін ұсыну жөніндегі Біріңғай ұлттар ұйымының пилоттық жобасы іске қосылған. Қазіргі таңда жоба шеңберінде 10 қалада метадонды жіберетін бекеттер жұмыс істеп тұр. Бағдарлама аясында барлығы есірткіге тәуелді 295 адам метадонмен қамтылған. Биыл аталған пилоттық жоба аяқталады. Енді оны республика аумағына тарату қажеттілігі туындап отыр.
Мамандар апиындық алмастырушы ем заңсыз есірткілердің қолданылуын төмендететініне немесе мүлдем тоқтататынына, нәтижесінде, есірткіге тәуелділердің арасындағы қылмыскерліктің деңгейінің төмендеуіне әкелетініне сенімді. Есірткіні мөлшерінен тыс тұтыну қаупін азайтады, соның нәтижесінде, орындалатын өлім-жітім деңгейі төмендейді, алмастырушы емді қабылдайтындардың өмір сүру сапасы мен денсаулығы жақсарады, ұзақ уақыт бойы емделуді қажетсінетін аурулар (АИТВ, туберкулез, гепатит) кезінде емді бұлжытпай қабылдауға мүмкіндік жасайды деген тұжырымға келіп отыр. Сондай-ақ нашақорлықты емдеудің дәстүрлі стационарлық тәсіліне қарағанда алмастырушы емнің экономикалық тұрғыдан тиімді екені дәлелденген екен.
- «Зиянды төмендетуге» негізделген бұл тәсіл адамға есірткіден толығымен бас тартуға көмектесудің маңыздылығын жоққа шығармайды, алайда есірткіні қолданатын көптеген адамдар үшін осы мақсатқа жету ұзақ уақыт кетуі мүмкін екендігін, сондай-ақ осындай жағдайда вирустардың, бірінші кезекте, АИТВ-ның және гепатиттің таралуы, басқа да аурулардың даму қаупі жоғары болғанда қиындықтар болатынын мойындайды. 2016-2017 жылдар аралығында апиындық алмастырушы емді жүргізетін бекеттерді жергілікті бюджет есебінен қаржыландыру көзделуде. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің 2016 жылдың 6 маусымындағы № 05-1-30/3668 бұйрығына сәйкес осындай бекеттер наркологиялық ұйымдар құрылымына енгізілген, - дейді «Аман-саулық» ҚҚ президенті Бақыт Түменов.
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТОВА
"Айқын" газеті, 2016 жыл 13 шілде