2032 жылғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының ресми эмблемасы таныстырылды

АСТАНА. KAZINFORM – 2032 жылы Брисбенде (Аустралия) өтетін Олимпиада және Паралимпиада ойындарының ресми эмблемалары таныстырылды. Эмблемалардан елдің табиғаты мен мәдениетіне тән ерекшеліктерді көруге болады.

2032 жылғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының ресми эмблемалары таныстырылды
Фото: ҚР ҰОК

Эмблемалардың басты бейнесі - Аустралияда мекендейтін какадудың екі түрі. Олимпиада ойындарының символы ретінде қызғылт какаду, ал Паралимпиада ойындарының символы ретінде сары айдарлы какаду таңдалған.

Дизайнда басқа да нышандар көрініс тапқан. Құстардың айдарларынан Квинсленд штатының сұлбасын байқауға болады, ал Олимпиада және Паралимпиада алауы бірлік, үміт пен шабытты білдіреді. Үш және екі қауырсынның орналасуы Аустралияның жазғы Олимпиада ойындарын тарихта үшінші рет қабылдайтынын меңзейді. Бұл ойындар 2032 жылы өтеді.

2032 жылғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының ресми эмблемалары таныстырылды
Фото: ҚР ҰОК

Какаду бейнесі Аустралияның байырғы халықтары үшін де ерекше мәнге ие. Олардың мәдениетінде бұл құстар жермен және дәстүрмен тығыз байланысты. Сондай-ақ олар адамдарды белгілі бір жерлермен, тарихпен және жөн-жоралғыларымен байланыстыратын хабаршы ретінде саналады.

Екі эмблемада да арнайы әзірленген қаріппен жазылған «Brisbane 2032» деген жазу бар. Олимпиада эмблемасында бес сақина, ал Паралимпиада эмблемасында агитос белгісі бейнеленген.

2032 жылғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының ресми эмблемалары таныстырылды
Фото: ҚР ҰОК

Жаңа нышандар Квинслендтің әр өңірінде біртіндеп таныстырылды. Дизайнның алты бөлігі сол аймақтың бес жерінде, атап айтқанда, Үлкен тосқауыл рифінде, Касл-Хиллде, Рокгемптон жағалауында, Уайлдхорс тауында және Каррамбин жағажайында көпшілік назарына ұсынылды.

Кейін барлық элемент біріктіріліп, екі толыққанды эмблема жасалды. Олар алғаш рет Брисбеннің Саут-Бэнк ауданында көпшілікке көрсетілді.

ҚР ҰОК мәліметінше, көркемдік тұжырымдаманы «Брисбен-2032» Ұйымдастыру комитетінің жетекшілігімен жергілікті және халықаралық шығармашылық агенттіктерден құралған топ әзірледі.

2032 жылғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының ресми эмблемалары таныстырылды
Фото: ҚР ҰОК

Таныстырылған эмблемалар алдағы Ойындардың безендірілуінде кеңінен қолданылатын болады. Ал Олимпиада мен Паралимпиада ойындарының тұмары немесе тұмарлары кейінірек таныстырылады.

Айта кетейік, Брисбендегі жазғы Олимпиада ойындары 2032 жылы 23 шілде мен 8 тамыз аралығында, ал Паралимпиада ойындары 24 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында өтеді.

Айта кетейік, 2036 жылғы жазғы Олимпиада ойындарын өткізуге жеті ел үміткер.