2035 жылы экономиканың электр энергиясына қажеттілігі толық қамтылады – Энергетика министрі

АСТАНА. KAZINFORM – 2035 жылға қарай ел экономикасының электр энергиясына қажеттілігі толық өтелетін болады. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты.

электричество, электроэнергия, электр энергиясы
Фото: Александр Павский / Kazinform

— Энергетикалық қауіпсіздікті сақтау, ел экономикасы мен халқын сенімді энергиямен жабдықтау қажеттілігін ескере отырып, сондай-ақ электр энергиясын тұтынудың жыл сайынғы өсуін ескере отырып жаңа энергия қуаттарын енгізу және қолданыстағы электр станцияларын жаңғыртуды жүзеге асыру керек. Министрлік елдегі тапшылықты өтеу және экспорттық әлеуетті арттыру үшін 2035 жылға дейін қосымша 26 ГВт-тан астам жаңа өндіруші қуаттарды енгізуді көздейтін электр энергиясы саласын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірледі. Осылайша, экономиканың электр энергиясына деген барлық қажеттілігі өтеледі деп күтілуде, - деді министр Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, көміртегі ізін төмендету бағыты аясында баламалы энергетиканы дамыту және таза көмір технологиялары базасында көмір генерациясын одан әрі дамыту жұмыстары жоспарланған.

— 33,6 млрд. тоннаны құрайтын энергетикалық көмірдің расталған орасан зор қоры бола тұра, қолда бар көмірмен жұмыс істейтін энергия көздерінен толық бас тарту орынды болмайды. Осыған байланысты, жаңа көмір станцияларын салу, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған көмір станцияларын жаңғырту экологияға ең аз әсер ете отырып, экологиялық талаптар мен нормаларға сәйкес келетін таза көмір технологияларына негізделетін болады. Мұндай жобалардың айқын мысалы — Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жүзеге асырылатын жылу электр орталықтары, сондай-ақ Курчатов және Екібастұз қалаларындағы ірі электр станциялары, - деді ол.

Айта кетейік, кеше Мемлекет басшысы Жолдауында экономиканы цифрлық тұрғыдан жаңғырту үшін электр энергиясы жеткілікті көлемде болуы керегін ескерткен болатын.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум