2050 жылға арналған температура болжамдары 2025 жылы-ақ орындала бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Әлемнің көптеген елінде тіркеліп жатқан температураның көтерілуі қала ішіндегі «жылу аралдары» секілді факторлардың әсерінен одан әрі күшейіп отыр. Келер жылдарға арналған болжамдар мерзімінен бұрын орындалып жатыр, деп хабарлайды Анадолы.

аптап ыстық
Фото: Анадолы

Бұл туралы Богазичи университеті жанындағы Климаттың өзгеруі және саясатты зерттеу орталығы басқармасының мүшесі, профессор Мұрат Тюркеш мәлімдеді.

Еуроодақтың Copernicus климаттың өзгеруі қызметінің мәліметінше, 2025 жылғы маусым адамзат тарихындағы ең ыстық бесінші маусым болып тіркелді. Copernicus деректеріне сәйкес, Еуропада 2025 жылғы маусымдағы орташа температура 18,46°C-ты құрады. Бұл — 1991–2020 жылдар аралығындағы маусым айының орташа мәнінен 1,10°C жоғары.

Осылайша, 2015 жылы жарияланған Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) 2050 жылға арналған температура болжамдары 2025 жылы-ақ орындала бастағаны байқалады.

Метеорологиялық ұйымның 2050 жылғы 10 тамызға арналған болжамы бойынша, Испанияның Уэльва қаласында ауа температурасы 43°C болуы тиіс еді. Алайда, 2025 жылғы 28 маусымда Уэльвада температура 46°C-қа жеткен.

2050 жылдың 18 тамызына арналған болжамда Францияның Ажен және Страсбург қалаларында 41°C, Парижде — 40°C, Лионда — 42°C, ал Ним қаласында — 43°C болатыны көрсетілген.

Францияның ұлттық метеорологиялық қызметі Meteo France хабарлағандай, 19 маусымнан бастап ел аумағында аномальды ыстық орнап, күндізгі орташа температура 40°C-тан асқан, ал түнде 20°C-тан төмен түспеген.

Тулуза, Авиньон, Перпиньян және Кольмар қалаларында ауа температурасы 35°C-тан жоғары болған. Экстремалды ыстықтың салдарынан екі адам көз жұмды.

1 шілде күні Францияның метеорологиялық қызметі Парижді қоса алғанда 16 аймақта ең жоғары — қызыл қауіп деңгейін, ал 68 аймақта — қызғылт сары қауіп деңгейін жариялады. 2 шілдеде 4 провинцияда қызыл, ал 55 провинцияда қызғылт сары деңгей сақталған.

Агенттікке сұхбат берген маманның айтуынша, жаһандық жылыну салдарынан соңғы жылдары құрлық пен теңіз беті температурасы тұрақты түрде артып келеді.

Оның пікірінше, жаһандық деңгейде ұзаққа созылған жоғары температура толқындардың пайда болуына алып келіп, бірқатар ел мен аймақтарда аномальды ауа райы тіркелген.

Бұған дейін Испанияда аптап ыстық соңғы екі айда 1180 адамның өмірін жалмағанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар