21 қаңтардан бастап Көксарай су тоспасының жобалық қуаттылығы іске қосылып, 3 текше шақырым тасқын суын қабылдай алады

Бұл туралы Шымкентте орталық және жергілікті мемлекеттік органдар жетекшілерінің қатысуымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев өткізген көшпелі кеңес барысында ҚР Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Валерий Петров хабарлады.
«Бүгінде тасқын суын жинау мен сақтап тұру үдерісіне қатысатын су тоспасының барлық құрылыстары дайын болғандықтан, бөгет бекітілген көлемдегі 3 млрд. текше метр суды қабылдауға дайын. Ауыл шаруашылығы министрлігі дайындаған кестеге сәйкес ертең Көксарай су тоспасы су қоймасы толғанға дейін секундына 500 текше метр көлемдегі су қабылдауды бастайды», - деп атап өтті төтенше жағдайлар министрінің орынбасары В. Петров.
Ол сондай-ақ бөгеттің дайындығы мен қауіпсіздігін өзі көзімен көргенін жеткізді. Сонымен қатар жағдайды төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко жеке өзі бақылап отыр. «Сонда да тағы бір рет барлығын тексеріп шығыңыздар. Әкімдік пен Ауыл шаруашылығы министрлігі адамдар жібереді. Тағы да бір рет қарап шығыңыздар», - деді Ө.Шөкеев.
Естеріңізге сала кетейік, бұл жерде су тоспасының екінші кезеңін пайдалануға беру туралы сөз қозғалып отыр.
Шымкентте өткен кеңесте Ө.Шөкеев Сырдария өзенінің алабындағы су тасқынына қарсы шараларды ұйымдастыру, өңірдің суармалы сумен қамтамасыз ету, Батыс Еуропа-Батыс Қытай жолының оңтүстік аумағындағы мал шаруашылығы мен құрылыстың даму мәселелерін де талқыға салды.