21 қазаннан бастап Қонаев – Талдықорған автожолында орташа жылдамдық бақыланады
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл 21 қазаннан бастап Қонаев – Талдықорған автожолында көліктердің орташа жылдамдығын бақылау жүйесі іске қосылады. Осылайша республикалық жолдарда орташа жылдамдықты асыру деректері тіркелетін бөліктердің саны 16-ға жетеді.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында жылдамдықты автоматты түрде бақылау жүйесін кезең-кезеңімен кеңейтіп келетінін мәлімдеді. Енді Алматы және Жетісу облыстарын байланыстыратын Қонаев – Талдықорған бағытында да жүргізушілердің белгіленген жылдамдықты сақтауына бақылау жүргізіледі.
Жол бойындағы камералар автокөліктің бақылау аркаларынан өткен уақытын тіркейді. Осы мәліметтер мен екі арканың арақашықтығы негізінде көліктің орташа жылдамдығы есептеледі.
Сондықтан камераға жақындағанда ғана жылдамдықты төмендету ереже бұзушылықты тіркеуден құтқармайды. Егер жүргізуші бақылаудағы жол бөлігінде рұқсат етілген орташа жылдамдықтан асса, бұл дерек автоматты түрде тіркеледі.
2026 жылдың басынан бері республикалық автожолдарда орташа жылдамдықты асырудың 550 мың, ал камера орнатылған нүктелерде жылдамдықты асырудың 163,5 мың дерегі анықталды. Жалпы жылдамдықты асыруға қатысты 713 мыңнан астам құқықбұзушылық тіркелген.
Еске салайық, республикалық автожолдарда орташа жылдамдықты бақылау жүйесі 2025 жылғы 17 наурызда іске қосылды. Алғашында жалпы ұзындығы 3 мың шақырымға жуық 11 ақылы жол бөлігін қамтыды.
Атап айтқанда: Астана – Щучинск; Астана – Павлодар; Астана – Теміртау; Шымкент – Қызылорда; Шымкент – Тараз; Павлодар – Семей – Қалбатау; Орал – Ресей шекарасы (Саратов); Павлодар – Ресей шекарасы (Омбы); Алматы – Қорғас; Көкшетау – Петропавл; Ақтөбе – Қандыағаш.
Биылғы 13 қазаннан бастап бұл тізімге тағы төрт бағыт қосылды: Орал – Ресей шекарасы (Самара); Ақтөбе – Ресей шекарасы (Орынбор); Қостанай – Денисовка; Қандыағаш – Мақат.
Ал 21 қазаннан бастап Қонаев – Талдықорған тасжолының қосылуымен орташа жылдамдықты бақылау жүйесі республикалық жолдардың 16 бөлігінде жұмыс істейтін болады.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мәлімдеуінше, жүйені кеңейтудегі басты мақсат – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру және республикалық жолдардағы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Ұлттық компания жүргізушілерді жол бойында белгіленген жылдамдықты сақтауға және өзге жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Бұған дейін ҚазАвтоЖол жүргізушілерге ескерту жасағанын жазған едік.