21 мамыр. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 21 мамырға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

7 қыркүйек. Жылнама
Фото: Kazinform/Midjourney

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік диалог пен даму жолындағы мәдени әралуандық күні

2001 жылы UNESCO ұйымы Мәдени әралуандық жөніндегі Баршаға ортақ декларация қабылданды. Ал бір жылдан кейін БҰҰ Бас ассамблеясы Бүкілдүниежүзілік қарым-қатынас пен даму жолындағы мәдени әралуандылық күнін жариялады.

Бұл датаның басты мақсаты — адамдарға өз елінің ғана емес, өзге де халықтардың ұлттық мәдениеті қаншалықты әр алуан екенін түсінуге мүмкіндік беру. Осы арқылы салт-дәстүрлермен және ұлттық мұралармен алмасудың маңыздылығын түсіну.

Қазақстанда мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні

Бастапқыда Қазақстанда Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні 1998 жылы бекітіліп, қыркүйектің соңғы жексенбісінде атап өтіліп келді.

Бірақ 2013 жылы осы күнді 21 мамырға ауыстыру туралы шешім қабылданды. Бұл күн Президент жарлығына сәйкес мерекеленеді. Қазақстанның барша өнер, мәдениет қызметкерлері атап өтеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1940 жылы Қазақстанда Геологиялық зерттеулер институты құрылды. Институттың негізін қалаған әрі тұңғыш директоры Қаныш Сәтпаев. Қазіргі күні институт осы мекеменің негізін қалаған қазақтың әйгілі ғалымы, академик Қаныш Сәтпаев есімімен аталады.

1999 жылы қазақ ақыны Мұхтар Шахановқа халықаралық «Руханият» сыйлығы берілді.

1999 жылы Батыс Қазақстаннан Қара теңіз жағалауына дейін созылатын Каспий мұнай құбырын төсеу жұмыстары басталды.

2010 жылы ұлттық авторлар кітаптарын насихаттау және оқырмандарды тарту мақсатында «Бір ел — бір кітап» жобасының аясында Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» поэмасы таңдалды.

2012 жылы Өзбекстанның Науаи облысы Нұрата елді мекенінде Әйтеке би кесенесі ашылды. Бұл кесене туыс әрі көрші екі халық — қазақ пен өзбек ұлтының бауырлас, достық ниетін аңғартатын тату қатынасының белгісі болып танылды.

2013 жылы Қазақстанда алғаш рет А. Н. Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығында IV саусақтың проксимальді фалангааралық буынын эндопротездеу бойынша ота жасалды.

2014 жылы Орыс тілі мен мәдениетін дамытуға, сондай-ақ шетелде отандастарды шоғырландыру ісіне қосқан зор үлесі үшін «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі Ресей Федерациясы Үкіметінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Марапаттау рәсімі Шанхайда орыс тілді баспасөздің XVI дүниежүзілік конгресі аясында өтті.

2017 жылы «Барыс Аренада» Қазақстан хоккей тарихы залы ашылды. Онда Торонтодан алғаш рет әкелінген бірегей хоккей экспонаттары, соның ішінде 1987 жылғы Канада кубогы да бар.

2019 жылы Marche du Film атты Канн фестивалінде Almaty Film Festival және Almaty Film Commission стенді ұсынылған.

Оның жұмысы аясында қонақтар виртуалдық шынайылық көзілдірігімен Алматы және Алматы облысының барлық көрнекті жерлерін көріп, Қазақстан табиғатының сұлулығын тамашалады.

Marche du Film — әлемдік киноиндустрия саласындағы мамандардың ең ірі іскерлік халықаралық жиналысы. Оған жыл сайын бір уақытта шамамен 110 елден 15 мың қатысушы жиналады.

2022 жылы Көкшетау қаласындағы Медицина қызметкерлері аллеясында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар мен пандемияда кәсіби борышын өтеу кезінде мезгілсіз қаза тапқан медицина қызметкерлерінің құрметіне мемориалдық кешен ашылды.

2024 жылы Астанада мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтті — бұл кең ауқымды күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуге арналған ШЫҰ-ның маңызды форматтарының бірі. Шараны ашқан Мемлекет басшысы Қазақстан атынан, Шанхай ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы және жеке өзінің атынан осы елдің Президенті мен Сыртқы істер министрінің қайғылы қазасына байланысты бүкіл Иран халқы мен басшылығына көңіл айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Иран, сондай-ақ Беларусь үшін қиын кезеңдерге қарамастан Астанадағы Сыртқы істер министрлері кеңесінің жұмысына алғаш рет қатысып отырғанын атап өтті. ШЫҰ Еуразия құрлығының он мемлекетін біріктіреді, оларда жер шары халқының жартысына жуығы тұрады және әлемдік ішкі жалпы өнімнің төрттен бірі мен әлемдік сауданың 15% құрайды. Қазақстан ШЫҰ төрағасы ретінде Ұйымның әлеуетін одан әрі нығайтуға бар күш-жігерін салуда.

2024 жылы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ұйымдастыруымен өткен жиында «Пржевальский жылқысы» атауын қазақтың ежелгі «Керқұлан», «Кертағы» атауларымен толықтыру туралы шешім қабылданды. Жиынға Зоология институты, Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты және Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы қатысты. Отырыс қорытындысы бойынша тиісті құжаттарға «Пржевальский жылқысы» — «Керқұлан» деген атаумен қазақша атаумен, үтірмен — «Кертағы» деген атаумен өзгерту туралы шешім қабылданды.

2024 жылы Түркіменстан астанасында шығармашылығы Орта Азия халықтарының тарихымен және мәдениетімен тығыз астасып жатқан қазақтың ұлы күйшісі, композитор Құрманғазы Сағырбайұлының ескерткіші ашылды. Ескерткіш Түркіменстанның халық ақыны және философы Мақтымқұли Фрагиге арналған Ашхабад саябақ кешенінің аумағында тұрғызылды. Саябақ Ашхабадтың оңтүстік шетінде, Копетдаг тау жотасының етегінде орналасқан.

Соңғы жаңалықтар