22 мамыр. Жылнама

Жылнама
Фото: Kazinform

Kazinform оқырман назарына 22 мамырға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық биологиялық әртүрлілік күні

1994 жылы өткен Биологиялық әртүрлілік туралы Конвенция (CBD) Тараптар Конференциясының ұсынымы негізінде БҰҰ Бас Ассамблеясы 1995 жылы арнайы қарарда (No A/RES/49/119) жариялады. Бастапқыда мереке Биологиялық әртүрлілік туралы конвенция күшіне енген күні 29 желтоқсанда тойланды. БҰҰ Бас Ассамблеясының 2001 жылғы 8 ақпандағы № A/RES/55/201 қарарына сәйкес Халықаралық биологиялық әртүрлілік күні Конвенция мәтіні қабылданған күн 22 мамыр болып белгіленді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымына (ЮНЕСКО) кірген 164-ші мемлекет болды.

2006 жылы Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктерімен дипломатиялық қарым-қатынасын нығайту мақсатында Әбу-Даби қаласында Қазақстан Республикасының Елшілігі ашылды.

2012 жылы Нью-Йорктің орталық көшелерінің бойында жыл сайынғы түркі халықтарының шеруі өтіп, оған Қазақстан азаматтары алғаш рет қатысып, түрлі бауырлас ұлт өкілдеріне өздерінің туларын көтеріп, ұлттық киімдерін көрсетуге мүмкіндік берді.

2013 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен серпінді ғылыми зерттеулері және енгізілген жаңалықтары үшін ғалымдарға арналған әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлық тағайындалды, ол жыл сайын жеті номинация бойынша беріледі.

2013 жылы Даму институттарын, қаржы ұйымдарын басқару жүйесін оңтайландыру және ұлттық экономиканы дамыту мақсатында "Бәйтерек "Ұлттық басқарушы холдингі" АҚ құрылды, оның негізгі қызметі оған меншік құқығында тиесілі және ұлттық даму институттарының, ұлттық компаниялардың және басқа да заңды тұлғалардың акциялар пакеттерін (қатысу үлестерін) сенімгерлік басқаруға берілген басқару болып табылады.

2014 жылы С.Сейфуллина атындағы Қазақ агротехникалық университеті ТМД-ның сегіз елі арасында Өнертабыстар бойынша үздік жоғары оқу орны атанды. Еуразиялық кеңестің шешімімен ЖОО ректоры Ақылбек Күрішбаевқа алтын медаль табысталды. С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ - Қазақстандағы Еуразиялық патенттік ұйымның наградасы-В.И. Блинников атындағы "Өнертапқыштық және патенттік іске қосқан үлесі үшін"Алтын медалі берілген жалғыз жоғары оқу орны.

2014 жылы Қазақстан Республикасы Тұрақты даму жөніндегі Азия-Тынық мұхиты форумының төрағасы болып сайланды. Азия-Тынық мұхиты форумы даму мәселелері бойынша өңірлік диалогқа жәрдемдесу мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия және Тынық мұхиты елдері үшін экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (ЭСКАТО) қолдауымен өткізіледі.

2017 жылы Шанхайда садақ атудан әлем кубогында Қазақстан тұңғыш рет алтын медаль жеңіп алды. Әлем кубогының жеңімпаздары Денис Ганкин, Санжар Мұсаев және Ойбек Сайдиев болды.

2021 жылы Қазақстанның Швейцариядағы Елшісі Әлібек Бақаев Дүниежүзілік пошта одағының (ДПО) Бас директоры Бишар Хусейнге осы халықаралық ұйымда аккредитациядан өтуіне байланысты сенім грамотасын тапсырды.

1874 жылы Берн келісіміне сәйкес Дүниежүзілік пошта одағы құрылды. 1948 жылдан бастап ол халықаралық пошта қызметтерін реттейтін БҰҰ мекемесі болды. Қазақстан ДПО-ға 1992 жылы ресми түрде қосылды.

2021 жылы Вальруа шағын коммунасында (Мерте және Мозель департаменті) Францияны азат ету кезінде қаза тапқан кеңес жауынгерлерінің құрметіне Стелла мемориалына ескерткіш гүл шоқтарын қою және Бейбітшілік ағашын отырғызу рәсімі өтті.

Мұнда қызыл әскердің 54 жауынгерінің күлі жерленген, олардың арасында қазақ жауынгерлері де бар. Онда Зейнолла Әлімғазиев пен Қоныспек Жақиянов жерленгені анықталды.

2023 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапур президенті Халима Якобты 1-дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Салтанатты шара барысында Қазақстан басшысы Сингапур Президентінің екіжақты қарым-қатынастарды нығайту мен дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар