21 маусым. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 21 маусымға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР
Дүниежүзілік музыка мерекесі
Францияда ең алғаш рет 1982 жылы маусымның 21-нен 22-не қараған түні музыка мерекесі өтті. Бұл күні барлық кәсіпқой музыканттар мен музыка өнеріне енді араласып жүргендер жиналып, Францияның барлық қалаларында қайырымдылық концерттерін өткізеді. Қазір Музыка мерекесі халықаралық мәртебеге ие және маусымның 21-де 5 құрлықтағы 100 мемлекетте атап өтіледі.
Халықаралық гидрография күні
1921 жылғы 21 маусымда халықаралық гидрография ұйымы құрылды. Кейіннен атап өту датасы ретінде осы күн белгіленді.
Халықаралық йога күні
БҰҰ Бас ассамблеясының 2014 жылғы 11 желтоқсандағы қарарымен халықаралық йога күні бекітілді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1824 жылы Қарқаралы қаласының іргесі қаланды. Алғашында бекініс ретінде салынған қамалдың орнынан 1827 жылы Қарқаралы станицасы бой көтерді. 1849 -1850 жылдары Қарқаралы бекінісін нығайту үшін Украина казактары қоныс аударылды, ал 1869 жылдан бастап Қарқаралы уезд орталығына айналды.
1918 жылы қазіргі Алматы облыстық «Жетісу» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Газет қазақ, ұйғыр, өзбек, татар тілдерінде шығып тұрған. Газеттің алғашқы редакторы болып С. Шәкіржанов тағайындалды.
1940 жылы академик Қаныш Сәтбаев атындағы Геологиялық зерттеулер институты құрылды.
1995 жылы ұлы ойшылдың шығармашылығы мен өмірі туралы деректері бар «Абай» энциклопедиясы жарық көрді.
2001 жылы Қостанай қаласындағы Октябрьдің 50 жылдығы көшесіне Алаш қозғалысының қайраткері, жазушы, ақын, драматург, журналист, ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ мәдениеті мен әдебиетінің ірі өкілі Міржақып Дулатовтың есімі беріліп, ескерткіш тақта орнатылды.
2007 жылы Семипалатинск қаласының аты Семей деп өзгертілді. Оған қалаға жақын маңдағы Семей-Тау жотасының аты негіз болды. Қаланың атын өзгертуге қаладан 130 шақырым жерде орналасқан бұрынғы Семипалатинск ядролық сынақ полигонының атын халықтың есіне салатыны себеп болды.
2010 жылы Орталық Азия өңірінде алғаш рет Алматыда ядролық сынаққа жаппай тыйым салу туралы шартты қолдау мақсатында Халықаралық оқу орталығы ашылды.
2012 жылы Польша азаматы Анджей Млынарек өзін аштықтан, аурудан құтқарған қазақ отбасына алғыс білдіру мақсатында 70 жылдан кейін Қазақстанға оралып, тағы бір мәрте қазақ халқының қонақжайлығы, адалдығы, мейірімі мен махаббатын сезінді.
Қонақ аудандық мешітке келіп, қиын-қыстау кезеңде оған көмек көрсеткен адамдарға құран бағыштады, зиратқа барып, гүл шоқтарын қойды.
2015 жылы Түркия астанасы Анкара қаласында саябаққа қазақ ақыны Сүйінбайдың есімі берілді.
2017 жылы Қазақстан Халықаралық инвестициялар және көпұлтты кәсіпорындар бойынша Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы (ЭЫДҰ) декларациясына қосылған 48-ші мемлекет болды және ЭЫДҰ Инвестициялар комитетінің қауымдастырылған мүшесі атанды.
2018 жылы Астанада Заманауи бессайыстан әлем кубогының финалы алғаш рет өтті. Ол Қазақстан Республикасының астанасы — Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеуге орайластырылған іс-шаралар қатарына кірді. Оны Халықаралық заманауи бессайыс одағы (UIPM) мен Қазақстан бессайыс федерациясы ұйымдастырды.
2018 жылы Алматыда «Кино» тобының көшбасшысы Виктор Цойға ескерткіш орнатылды. Монументтің ашылуы «Кино» рок-тобының көшбасшысы және негізін қалаушы Виктор Цойдың туған күнінде өтті. Монумент музыкант түскен «Игла» фильмінің түсірілімі өткен жерге орнатылды.
2019 жылы Ядролық жеткізушілер тобының (ЯЖТ) пленарлық отырысы барысында Қазақстан ядролық материалдар экспортын жүзеге асыратын және атом саласын дамытатын 48 мемлекеттің осы беделді бірлестігіне төрағалық етті. ЯЖТ төрағасының қызметін Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы ҚР Тұрақты өкілі Қайрат Сарыбай атқарады.
2021 жылы Тараз қаласындағы жағалау аймағының бес гектарында «Денсаулық» сауықтыру саябағы ашылды. Жаңа саябақта екі мерейтойлық стелла орнатылды — тұрғындарды денсаулықты сақтауға, серуендеуге, жүгіруге, спорттық ойындарға, белсенді демалысқа шақыруды білдіретін 6 метрлік «Денсаулығың өз қолыңда» стелласы. Ал екіншісы — COVID-19 вирусымен күресте қаза тапқан медицина қызметкерлерін еске алуға арналған монумент.
2021 жылы адами капитал саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге — бірінші кезекте ұлттың зияткерлік әлеуетін сақтауға және ұлғайтуға баса назар аударатын Қазақстан Республикасының 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы бекітілді. Ұлттық қауіпсіздіктің базалық факторларының қатарына биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жұмыспен қатар қоғамдық денсаулық сақтауды дамыту; құқық қорғау органдары мен сот жүйесі жұмысының тиімділігін арттыру, халықты құқық бұзушылықтардың барлық түрлерінен қорғау енгізілді.
2023 жылы Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық волонтерлар форумына қатысты. Шара 30-дан астам шет елдер мен Қазақстанның барлық аймақтарынан келген волонтерлердің тәжірибе алмасуға арналған ең үлкен алаңына айналды. Форум аясында волонтерлік қызметті дамыту перспективалары және халықаралық волонтерлік ұйымдардың өзара әрекеттестігі талқыланды.
2023 жылы Орал қаласындағы № 12, 14, 20, 32 және 38 мектептердің директорлары жаңа жайлы автобустар алды. Енді оралдық мектеп оқушылары Америкадағы оқушыларды тасымалдайтын үлгідегі автобустармен сабаққа барады. Жыл соңына дейін Орал қаласының мектеп паркі республикалық «Мектеп автобусы» бағдарламасы аясында тағы бірнеше автобуспен толығады. БҚО облыс орталығында 50 мектеп болса, оның 9-ында балаларды күнделікті сабаққа жеткізуді қамтамасыз етілуде.
2023 жылы ҚР Қорғаныс министрлігі міндетті әскери борышын өтеген әскери қызметшілерге қазақстандық жоғары оқу орындарында тегін білім алуға алғашқы сертификаттарды табыстады. Бұған дейін жоғары оқу орындарында білім алу үшін алғашқы гранттар әскерге шақырылған сарбаздар арасында бөлінген болатын. Қорғаныс министрлігі бұл жобаны алғаш рет жүзеге асырып отыр және оның мақсаттарының бірі — әскери қызметтің беделін арттыру. Болашақ студенттерге сертификаттарды ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов табыстады.
2024 жылы Алматыда ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтті. Отырыс барысында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ҰҚШҰ-ға төрағалығы кезіндегі басымдықтарды орындау жөніндегі шаралардың барысы туралы талқылады. Отырыс қорытындысы бойынша Ұйым қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған құжаттарға қол қойылды.
2024 жылы Ақорда резиденциясында төрт мемлекеттің Төтенше және Өкілетті Елшілерінің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті. Сенім грамоталарын Катар мемлекетінің Елшісі Абдалла бен Хусейн Мохаммед Джабер, Венесуэла Боливар Республикасының Елшісі Росальба Ло Буэ Антико, Камбоджа Корольдігінің Елшісі Чеа Сок және Бурунди Республикасының Елшісі Жозеф Нкурунзиза тапсырды.