2,1 млн қазақстандық дәрігер көмегін қашықтан алды: оның 39%-ы – ауыл тұрғындары

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда телемедицинаға жүгінетіндер саны артып келеді. 2026 жылдың басынан бері 2,1 млн-нан астам адам қашықтан медициналық көмек алған, олардың 39%-ы – ауыл тұрғындары. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

2,1 млн қазақстандық дәрігер көмегін қашықтан алды: оның 39%-ы – ауыл тұрғындары
Коллаж: Kazinform/ изображение сгенерировано ИИ

Телемедицина ауылдық жерлердегі бейінді мамандар тапшылығын өтеудің тәсілдерінің біріне айналып отыр.

Жыл басынан бері 1 млн-нан астам телеконсультация өткізілді, 2,1 млн-нан астам адамға қашықтан медициналық қызмет көрсетілді, олардың 39%-ы — ауыл тұрғындары. 709 медициналық ұйымның мамандары қашықтан медициналық көмек көрсетуде.
Енді шалғайдағы ауыл тұрғыны бейінді маманның консультациясын алу үшін ғана облыс орталығына баруға мәжбүр емес.

Пациенттің маршруты мына қағидат бойынша ұйымдастырылған:

  • ауылдық фельдшерлік-акушерлік пункт немесе амбулатория 
  • үйлестіру орталығы
  • маманның телеконсультациясы
  • шешім қабылдау
  • қашықтан бақылау.

Бүгінде ауылдық денсаулық сақтау саласында 1 122 медицина қызметкері тапшы. Дегенмен телемедициналық технологиялар мамандардың жетіспеушілігін ішінара толықтыруға мүмкіндік береді.

— Қашықтан электрокардиография, жедел талдаулар, сондай-ақ цифрлық медициналық құрылғылардың көмегімен жүргізілетін зерттеулер қолжетімді. Алдағы уақытта қызмет түрлері УДЗ, флюорография, рентген және генетик консультациясы есебінен кеңейтіледі, — делінген хабарламада.

Цифрлық контурға қылмыстық-атқару жүйесінің 72 мекемесі де қосылған. Қамту көрсеткіші шамамен 12 мың сотталған адамды құрайды.
Мектеп медицинасын цифрлық сүйемелдеумен 6 936 мектеп және 3,67 млн бала қамтылған.

Цифрландырудың тағы бір нәтижесі — санитариялық авиацияның жұмысы. Ұшып шығуға өтінімді рәсімдеу уақыты 180 минуттан 30 минутқа дейін қысқарды.

Осылайша, денсаулық сақтауды цифрландыру медициналық көмекті жүйенің орталығынан біртіндеп тікелей адамға — ауылға, мектепке, тіпті дәрігерге физикалық қолжетімділік шектеулі жерлерге жақындата түсуде.

Айта кетейік, МӘМС жүйесінде қаржылық бақылаудың жаңа моделі енгізілді.