21 наурыз. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 21 наурыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

21 наурыз. Тұлғалар туған күн
Фото: Kazinform/Midjourney

47 жыл бұрын (1978) - «Байтақ» партиясының төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі Азаматхан Сайлауұлы ӘМІРТАЕВ дүниеге келді.

Азаматхан Сайлауұлы ӘМІРТАЕВ
Фото: kznews.kz

Жамбыл облысында туған. 2000 жылы Алматы энергетика және байланыс институтын, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету мамандығым бойынша, 2005 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетін, мемлекеттік жергілікті басқару мамандығы бойынша, 2009 жылы Лондон қаласындағы Bellerbys колледжін, 2009 жылы Сан-Франциско қаласындағы Kaplan Aspect тіл мектебін, 2016 жылы «Сколково» Мәскеу басқару мектебін, Executive MBA (2016) тәмамдаған.

Еңбек жолы: 1995-1998 жылдары ақпараттық жүйелер және технологиялар саласындағы жеке кәсіпкерлік қызмет (Information technology), 1999-2000 жылдары пейджингтік фирманың Алматы филиалының директоры, 2001-2005 жылдары «Kaznewtech» ЖШС директоры, 2005-2006 жылдары «Қазақстан темір жолы»ҰК АҚ бірінші вице-президентінің ақпараттандыру жөніндегі кеңесшісі, 2007-2009 жылдары «Қазақстан темір жолы «ҰК» АҚ президентінің ақпараттандыру бойынша кеңесшісі , 2004-2008 жылдары «Қазақстандық бағдарламалық компаниялар қауымдастығы» вице-президенті, 2005-2008 жылдары «Транстелеком» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі, 2008-2014 жылдары «Қазақстандық бағдарламалық компаниялар қауымдастығы» президенті, 2014-2016 жылдары «Инвесторлар Альянсы» ҚҚ президенті (тікелей инвестициялар қорлары) болды. 2016 жылдан бастап «Байтақ-Болашақ «Экологиялық қозғалысы» РҚБ президенті, 2019-2020 жылдары ҚР Президентінің жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, 2020-2021 жылдары «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі (KZAG) АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі болды.

2023 жылдан бастап «Байтақ» партиясының төрағасы.

43 жыл бұрын (1982) Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Дін істері жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Әнуар Нұрманұлы ХАТИЕВ дүниеге келді.

2004 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша, 2006 жылы Д.А. Қонаев атындағы университетті заңгер мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 2005-2007 Ақмола облысы прокуратура органдарының қызметкері, 2007-2014 жылдары ҚР Монополияға қарсы органда түрлі қызметтерде, 2015-2016 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігінің көліктегі тұтынушылар құқықтарын қорғау комитеті департамент бастығының орынбасары, 2016-2017 жылдары ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Мемлекеттік қызметтерді дамыту департаментінің директоры болды, 2019 жылы ҚР цифрлық даму, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің «электрондық үкіметті» даму және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер департаментінің директоры лауазымын атқарды.

2019 жылдан бастап қазіргі қызметінде.

«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011) мерейтойлық медалімен марапатталған.

100 жыл бұрын (1925-1996) ақын, Қазақстан Республикасының халық жазушысы Қуандық Төлегенұлы ШАҢҒЫТБАЕВ дүниеге келді.

Қуандық Төлегенұлы ШАҢҒЫТБАЕВ
Фото: wikipedia.org

Ақтөбе облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.

Ақтөбе педагогикалық институтының кафедра меңгерушісі, Ақтөбе облысының «Социалистік жол», «Актюбинская правда» газеттерінде бөлім меңгерушісі, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында бас редактордың орынбасары, бас редактор, «Қазақфильм» киностудиясында, Қазақ радиосында бас редактор қызметтерін атқарған. Алғашқы кітабы «Ар» деген атпен 1945 жылы жарық көрді. Кейін туған өлкенің шынайы өзгерістерін, замандастарының ақыл-парасатын, адамгершілік қасиетін жырлаған «Өлеңдер», «Аққу әні», «Ар ма, республикам», «Лирика», «Жыр жаһаны», «Гүлтолқын», «Саршатамыз», «Жыл құсы» атты лирикалық шығармалары жарық көрді. Шаңғытбаев драматургия саласында да еңбек етіп, Қ.Байсейітовпен бірге «Беу қыздар-ай», «Ой жігіттер-ай», Құтырғаннан құтылған» пьесаларын және «Алтын таулар», «Айсұлу» операларының либерттосын жазды. Ол - көптеген ән өлеңдерінің авторы. Сондай-ақ А.Пушкиннің «Евгений Онегин» романын, М.Лермонтов, И.Гете, Р.Бернс лирикаларын, Омар Хаямның рубаяттарын, А.Горькийдің «Қыз бен ажал» поэмасын қазақ тіліне аударды.

Соңғы жаңалықтар