21 НАУРЫЗ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
21 НАУРЫЗ, ЖҰМА
Намибия мемлекетінің Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1990). Намибия - Африканың оңтүстік-батысында орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Ангола, Замбиямен, шығысында Ботсвана, Оңтүстік Африкамен, оңтүстігінде Оңтүстік Африкамен шектеседі. Астанасы - Виндхук қаласы. Мемлекеттік тілі - ағылшын, неміс тілдері. Ақша бірлігі - намибия доллары.
Нәсілдік кемсітушілікті жою жолындағы күрестің халықаралық күні. 1960 жылы наурыздың 21-де нәсілшілдік құрбандарын еске алу мақсатында БҰҰ Бас Ассамблеясының 1966 жылғы қазанның 26-ындағы XXI сессиясының шешімі бойынша атап өтіледі. Осыдан 46 жыл бұрын (1960) Оңтүстік Американың Шарпевил қаласы полицейлері бейбіт шеруге шыққан тұрғындарға оқ атып, 69 адам қаза тапқан болатын.
Дүниежүзілік поэзия күні. ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының 30-шы сессиясының шешімі бойынша наурыздың 21-і - Дүниежүзілік поэзия күні болып жарияланды. Бірінші Дүниежүзілік поэзия күні ЮНЕСКО-ның штаб-пәтері орналасқан Парижде өтті.
Ағаш күні (Италия). Бұл мереке жаңару, адамзаттың табиғатпен байланысының белгісі ретінде атап өтіледі. 19 ғасырдың аяғынан бастап, наурыздың 21-де әрбір мектеп оқушысы есік алдына, ең болмағанда, бір ағаш отырғызуы тиіс деген қағида дәстүрге айналды.
Наурыз мейрамы. «Наурыз» сөзі парсының «ноу» - жаңа, «руз» - күн деген сөздерінен қалыптасып, жылдың бірінші күнін білдірген.
Бұл мереке бірнеше мың жылдан бері аталып келеді. Қазақстан Наурызды мемлекеттік мереке ретінде 1999 жылдан бастап атап өтіп келді. 2008 жылдың 25 маусымындағы «Қазақстан Республикасындағы мереке күндері туралы» Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты, 2009 жылдан бастап 3 күн бойы атап өтіледі.
Қазіргі кездегі Наурыз көне дәуірдегі дәстүрлер сабақтастығын сақтап қалған - ұлттық мәдениетті қалпына келтіруде бұл «уақыт байланысының», Қазақстан тарихы мен қазіргі кезеңінің аса маңызды жалғастырушы буыны.
Қазақстанда Наурыз мейрамы - Мемлекеттік мейрам.
Көктемгі күн мен түннің теңесу күні. Жер күні. 1971 жылғы наурыздың 21-інде БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімінде жарияланған. Қазір ол дүние жүзінің 167 мемлекетінде атап өтіледі. Дүниежүзілік Жер күні тағы да сәуірдің 22-інде атап өтіледі.
1990 жылы алғашқы рет халықаралық мейрам ретінде атап өтілді. Қоршаған ортаны қорғау туралы жаһандық мәселелердің ұзақ мерзімді шешімінің бастамасы. АҚШ-тың бастамасымен өтеді, онда ол 1970 жылдан бастап дәстүрлі түрде атап өтіледі.
Халықаралық қуыршақшы күні. 2003 жылғы наурыздың 21-нен бастап Халықаралық қуыршақшы күні дәстүрлі түрде аталып өтеді. Халықаралық қуыршақшы күнін дүние жүзінде тойлау идеясы қуыршақшы театрының танымал қайраткері Дживада Золфагариходаға (Иран) тиесілі. 2000 жылы Магдебургтағы УНИМА-ның XVIII-ші Конгрессінде осы ұсынысты талқылауға берді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
6 4 жыл бұрын (1950) Өскемен қаласында Бүкілодақтық түрлі түсті металл ғылыми-зерттеу институты құрылды. Қазіргі уақытта металл, цинк алатын полиметалл кендерiн өндіру, байыту және қорғасын концентраттарын қайта өңдеу мәселелерiмен айналысатын республикамыздағы ірі институт болып табылады. Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Институттың 410 зерттемелері КСРО-ның Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінің (ВДНХ) алтын, күміс және қола медальдарымен атап өтілген. Институт КСРО-ның 1200 авторлық куәлігіне, Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының және алыс шетел елдердің 400 патентіне ие.
3 9 жыл бұрын (1975) жазушы Сапарғали Бегалиннің (1895-1983) «Замана белестері» атты алғашқы романы жарық көрді. Романның бас кейіпкері - тарихи тұлға, көрнекті кеңес қызметкері Мұхаметғали Тәтімов.
1 7 жыл бұрын (1997) «Ислам әлемі» баспасы ашылды.
1 4 жыл бұрын (2000) Алматыда қазақтың тұңғыш инженері Мұхаметжан Тынышбаев тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.
6 жыл бұрын (2008) «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығын беру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы шықты.
- бейбітшілік және халықтар арасындағы достықты, өзара сенімді, мемлекетаралық қатынастарда теңдік пен бірдей қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған белсенді қызметі үшін сыйлық беріледі;
- қоғамдық және ұлтаралық келісімді орнықтыруға, Республиканың көпұлтты халқының бірлігін нығайтуға қосқан ерекше үлесі үшін;
- демократия мен әлеуметтік прогресті дамытқаны үшін;
- Қазақстан ұлттары мен ұлыстарының мәдениеті мен тарихи дәстүрлеріне деген құрметті қалыптастыратын терең ойлы публицистикалық шығармалар үшін берілетін болады.
Мемлекеттік сыйлық жыл сайын Қазақстан Республикасының азаматтарына және шетелдіктерге беріледі, сондай-ақ отандық, халықаралық және шетелдік ұйымдарға берілуі мүмкін.
Мемлекеттік сыйлыққа ие болған адамдарға «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығының лауреаты» атағы беріледі, диплом, омырау белгісі, куәлік және ақшалай сыйақы тапсырылады.
6 жыл бұрын (2008) Елордадағы «Интерконтиненталь» қонақүйінде «Астана-Бәйтерек» клубы мен бас редакторлар клубының қолдауымен «Деловой мир» журналының «Астана - менің тағдырым» жобасының тұсауы кесілді. Жоба Астана туралы әңгімелер жинағын қамтитын болады. Елорда тарихы мыңдаған адамдардың тағдырымен ұштасып жатқандықтан жұртшылықтың қала жылнамасына қосар естеліктері баршылық. Журнал редакциясы астаналықтардың әңгімелерін жыл бойы қабылдайтын болады. Олардың ең үздіктері Қала күніне арналып жеке басылым болып шығарылды.
5 жыл бұрын (2009) 2006 жылғы қыркүйектің 8-де Семей қаласында қол қойылған Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ туралы Келісімшарт күшіне енді. Қазақстан жеріндегі тарихи келісімшартқа Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы қол қойды.
2 жыл бұрын (2012) Өскеменде халық әртістері - ағайынды Абдуллиндерді еске алу кеші болып өтті.
Белгілі болғандай, танымал ағайынды Абдуллиндер қазақ тыңдармандарына орыс және шетелдік классиктердің шығармаларын қазақ және орыс тілдерінде жеткізген алғашқы әншілер. Өскемен қаласының тумалары Ришат пен Мүсілім Абдуллиндер - қазақ әндерін дуэтпен айтқан алғашқы орындаушылар.
Әртістер Абдуллиндердің шығармашылық өмірі - қазақ ұлттық өнерінің қалыптасуының тірі тарихы, соны дамытуға олар өздерінің опералық-сахналық және концерттік шығармашылығының 30 жылын арнаған еді.
Мәскеуде оқуларын бітірген соң олардың сахналық қызметі Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында солист әншілер ретінде басталды. Мүсілім театрдағы жұмысын 1938 жылы, Ришат - 1939 жылы бастаған.
Ағайынды Абдуллиндер шетелдік және орыс классиктерінің барлық опералық репертуарының жетекші партияларын орындаған. Олар қазақ композиторлары опералық қойылымдарының тұрақты қатысушылары болған. Олар ұмытылмас бейнелерді сомдаған: Мүсілім - «Қыз Жібек» операсындағы Төлегеннің, «Жалбырдағы» Қайрақбайдың, «Ер Тарғындағы» Балпанның, «Абайдағы» Әзімнің, Ришат - Абай, Ер Тарғын, «Біржан мен Сарадағы» Қожағұлдың, «Назугум» операсындағы Гүлматтың рөлдерін орындаған.
ЕСІМДЕР
8 9 жыл бұрын (1925-1996) ақын, Қазақстан Республикасының халық жазушысы ШАҢҒЫТБАЕВ Қуандық Төлегенұлы дүниеге келді.
Ақтөбе облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.
Ақтөбе педагогикалық институтының кафедра меңгерушісі, Ақтөбе облысының «Социалистік жол», «Актюбинская правда» газеттерінде бөлім меңгерушісі, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында бас редактордың орынбасары, бас редактор, «Қазақфильм» киностудиясында, Қазақ радиосында бас редактор қызметтерін атқарған.
Алғашқы кітабы «Ар» деген атпен 1945 жылы жарық көрді. Кейін туған өлкенің шынайы өзгерістерін, замандастарының ақыл-парасатын, адамгершілік қасиетін жырлаған «Өлеңдер», «Аққу әні», «Ар ма, республикам», «Лирика», «Жыр жаһаны», «Гүлтолқын», «Саршатамыз», «Жыл құсы» атты лирикалық шығармалары жарық көрді.
Шаңғытбаев драматургия саласында да еңбек етіп, Қ.Байсейітовпен бірге «Беу қыздар-ай», «Ой жігіттер-ай», Құтырғаннан құтылған» пьесаларын және «Алтын таулар», «Айсұлу» операларының либерттосын жазды. Ол - көптеген ән өлеңдерінің авторы. Сондай-ақ А.Пушкиннің «Евгений Онегин» романын, М.Лермонтов, И.Гете, Р.Бернс лирикаларын, Омар Хаямның рубаяттарын, А.Горкийдің «Қыз бен ажал» поэмасын қазақ тіліне аударды.
6 6 жыл бұрын (1948-2006) жазушы, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі НҰРМҰХАМЕДОВ Дінәш дүниеге келді.
Қостанай облысының Аманкелді ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 1970 жылдан Қазақ радиосының тілшісі, редакторы, аға редакторы, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, Қазақ теледидары бас редакторы қызметтерін атқарған. Алғашқы әңгімелері мен повестер жинағы 1982 жылы «Ең бақытты күн» деген атпен жарық көрді. Одан соң «Жаңа жылға қараған түн», «Өмір», «Он бес пен он алтының арасында», «Таңертеңнен кешке дейін», «Жарық күн» повестер жинағы, «Алтын арна», «Әкеден қалған аманат», «Саусақтан төгілген сәуле» атты деректі хикаялар жинақтары оқырман қолына тиген. Кабардин жазушысы Ә.Кешоковтың «Сынған таға» эпопеясының алғашқы кітабын, поляк, украин және басқа халық қаламгерлерінің әңгімелерін қазақшаға аударған А.Байтұрсынұлы өмірінен «Сен ертең атыласың!» атты пьеса жазған. Сонымен қатар «Мейлі, өзендер шулай берсін», «Соңғы аялдама», «Деректірдің шопыры», «Адамның кейбір кездері», т.б. драмалық шығармалары бар. Оның жүздеген радио хабарлары Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақтаулы.
6 3 жыл бұрын (1951) Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Халықаралық Ғылым академиясы жоғары мектебінің академигі ӘШІМОВ Оңдасын Байкенұлы дүниеге келді.
Ақмола облысы Зеренді ауданында туған. Қазақ политехникалық институтын (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) бітірген.
1975-1996 жылдары - Алматы энергетика және байланыс институтының аспиранты, кіші, аға ғылыми қызметкері, аға оқытушысы, зертхана меңгерушісі, проректоры. 1996-2000 жылдары - Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің проректоры. 2000-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ЖАК төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. 2002 жылдан бастап - қазіргі қызметінде. Негізі ғылыми еңбектері электрлі термиялық аппараттарды құрастырудың, электр технолологиясының және энергия сақтаудың теориясы мен тәжірибесін зерттеуге арналған. Ол қиын балқитын оксидті материалдарды электр доғасымен өңдеудегі энергия мен масса алмасу және магнитті гидродинамикалық процестерді алғаш рет зерттеді. Осы жұмыстардың нәтижесінде тиімділігі жоғары, автоматты жолмен басқарылатын электрлі термиялық құрал-жабдықтарды құрастырудың жаңа бағыты жасалды. Ол 40 авторлық куәлік пен патенттің және 160-ден астам ғылыми жарияланымның авторы. Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері.
ІІ дәрежелі «Достық» орденімен, медальдармен марапатталған.
5 4 жыл бұрын (1960) ҚР Парламенті Сенатының аппаратының ұйымдастыру-бақылау және кадрлар жұмысы бөлімінің меңгерушісі ТОҚСАБА Абай Асанұлы дүниеге келді.
Алматы халық шаруашылығы институтын, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген, экономист, заңгер.
Кеңшардың аға және бас экономисі, Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының АӨК экономикасын ұйымдастыру Қазақ ҒЗИ жетекші, бас маманы-экономисі, кіші, аға ғылыми қызметкері, Жоғарғы Кеңес Аппараты қаржы-шаруашылық істері басқармасының сектор меңгерушісі, Сенат Аппаратының аймақтық даму және жергілікті өзін-өзі басқару комитеті хатшылығының консультанты, сектор меңгерушісі, Парламент Сенаты төрағасы орынбасарының көмекшісі, ҚР Парламенті Сенаты Аппаратының аймақтық және салалық даму комитетімен өзара іс-қимыл бөлімінің, Әкімшілік бөлімінің, ұйымдастыру-бақылау және кадрлар жұмысы бөлімінің меңгерушісі болды.
«Құрмет» орденімен, ҚР Құрмет Грамотасымен, ТМД ПАА Құрмет грамотасымен, бес медальмен марапатталған.
5 1 жыл бұрын (1963) ЕурАзЭҚ бас хатшысының орынбасары МҰСАТАЕВ Мұрат Қабдылжаппарұлы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. Семей мемлекеттік медицина институтын, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық мемлекеттік басқару жоғары мектебін, Астрахань мемлекеттік техникалық университетін бітірген.
1993 жылдан Алматы қаласындағы ҒЗИ кіші ғылыми қызметкері, «Богас» корпорациясының (Семей) маманы. 1994-1996 жылдары - «Асыл-инвест» инвестициялық-жекешелендіру қорының басқарушысы. 1995 жылғы шілдеден - ҚР Президенті жанындағы Ұлттық мемлекеттік басқару жоғары мектебінің тыңдаушысы. 1996 жылдан - «Мұхтар және К» фирмасының өкілі. 1997 жылдан - ҚР стратегиялық жоспарлау агенттігінде маман, бөлім бастығы, басқарма бастығы. 1997 жылдан ҚР табиғат ресурстары және қоршаған ортаны қорғау вице-министрі. 2002 жылдан - ҚР Президенті Әкімшлігінің ұйымдастыру-бақылау бөлімінің мемлекеттік инспекторы. 2003 жылдан - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы. 2005 жылғы ақпаннан - ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының кеңесшісі. 2005 жылғы тамыздан - ҚР Президенті Әкімшлігінің ұйымдастыру-бақылау бөлімінің мемлекеттік инспекторы. 2007 жылдан - Қарағанды облысы әкімінің орынбасары.
Қазіргі қызметінде - 2008 жылғы қыркүйектен бері.
«Астана», «Қазақстан Республикасының тәуелсiздiгiне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Парламентiне 10 жыл» медальдармен марапатталған. .
50 жыл бұрын (1964) «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары ЖҰМАБАЕВА Айгүл Мұратқызы дүниеге келді.
1964 жылы 21 наурызда РКФСР Мәскеу қаласында туған. С.М. Киров атындағы Қазақ ұлттық университетін (2001) журналист мамандығы бойынша; Maastricht school of Management бітірген (2004),
1981 жылдан - ҚазКСР телевизия және радиохабар бойынша Мемлекеттік комитетінің қызметкері, бағдарламалар бас дирекциясының әкімшісі. 1986 жылдан - республикалық телевизия режиссерінің көмекшісі, редакторы. 1997 жылдан - «Радиосити» ТРК" ЖШС директоры. 2003 жылдан - «Caspionet» каналының үйлестірушісі ; 2004 жылдан - бағдарламалар дирекциясы директорының орынбасары; 2006 жылдан бері - «Хабар» Агенттігі» АҚ «Caspionet» каналының директоры болып қызмет атқарды.
«Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медалімен, ҚР Президентінің алғысхатымен марапатталған.
67 жыл бұрын (1947) «Ғарыштық зерттеулер және технология ұлттық орталығы» АҚ президенті Жұмабек Шәбденаманұлы ЖАНТАЕВ дүниеге келген. Алматы облысы Іле ауданы Шилікемер ауылында туған. Физика-математика ғылымдарының докторы. 1970 жылы Қазақ политехнологиялық институтын (қазіргі Қазақ ұлттық технологиялық университет) бітірген. 1984-1990 жылдары Қазақстан ғылым академиясының Сейсмология институтында жауапты қызметтер атқарды. 1990-1997 жылдары «Қазақ селден қорғау» мекемесінде директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, лаборатория меңгерушісі, ғылыми-өндірістік кешен директоры болды. 1997 жылдан осы мекеменің «Болжау» ғылыми-өндірістік кешенінде жетекші ғылыми кеңесші. 1995 жылы «Модель напряженного состояния неоднородной земной коры и ее приложения к условиям Тянь-Шанского сейсмогена» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. 2008 жылдан бастап - «Ғарыштық зерттеулер және технология ұлттық орталығы» АҚ президенті.
«Құрмет» орденімен (2011), «Ерен еңбегі үшін» медалімен (2006) марапатталған.
11 9 жыл бұрын (1895-1982) кеңестік эстрада әртісі және әнші УТЕСОВ Леонид Осипович дүниеге келді.
7 2 жыл бұрын (1942) Йемен Араб Республикасның президенті (1978-1990), Йемен Президенттік Кеңесінің тұңғыш төрағасы (1990-1994), Йемен президенті (1994 жылдан бері) Али Абдулла САЛЕХ дүниеге келді.
7 2 жыл бұрын (1942) Сан-Томе және Принсипидің 3-ші президенті (2001-2011) Фрадике Бандейра Мелу де МЕНЕЗЕШ дүниеге келді.