21 тамыз. Жылнама
АСТАНА. KAZINFORM — Kazinform оқырман назарына 21 тамызға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР
Терроризм құрбандарын еске алу және қастерлеу күні
БҰҰ Бас Ассамблеясының 2017 жылғы 19 желтоқсандағы қарарымен үкіметтердің, жалпы жұртшылықтың назарын терроризм құрбандарын еске алуға, терроризмнен зардап шеккендерге ұзақ мерзімді физикалық, психологиялық, әлеуметтік және қаржылай көмек көрсетуге аудару мақсатында бекітілген.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1947 жылы бұрынғы Семей полигонының орталығы — Курчатов қаласы құрылды. Ол іргесі қаланғаннан СССР ыдырағанға дейін жабық қала мәртебесінде болды.
1991 жылы Президент Жарлығымен республикада Қазақ ССР Қауіпсіздік кеңесі құрылды. Кеңестің негізгі мақсаты — еліміздің егемендігін, мемлекеттілігін, экономикалық және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды. Қазақстанның Италиядағы Елшілігі 1996 жылы ашылды.
1992 жылы Қазақстан Республикасы Халықаралық азаматтық авиация ұйымына кірді.
2000 жылы Алматыда украин халқының ақыны Тарас Григорьевич Шевченконың (1814-1861) ескерткіші ашылды. Ескерткіш салмағы 12 тонна, биіктігі 3,5 метр. Авторы — украин мүсіншісі Виталий Рожик. Оңтүстік астанаға украин халқының сыйлығы Алматы әкімшілігі мен Украин елшілігінің бастамасымен жасалынды.
2004 жылы Ә.Қастеев мұражайында «ICOMOS Қазақстанда» атты жаңа қоғамдық ұйымның тұсаукесер рәсімі өтті.
ICOMOS мақсаты — әлемдегі мәдени мұралардың сақталуына көмек көрсету. Әлемде 7 мыңға жуық жеке тұлға мен мекеме аталған ұйымның мүшесі. Олар өз қызметтерін 110 елде орналасқан ұлттық комитет желілері арқылы жүзеге асырады.
2009 жылы Өскеменде «Дала әні» және «Көшпелілер» атты екі жаңа композициялық мүсіндер орнатылды. Мүсіндердің авторы — қазақстанның танымал дизайнері Жанат Елубаева.
«Дала әні» — ерекше композиция. Аталмыш мүсінің аталу себебі, ол жерде кішкене ғана жел соққан кезде ерекше бір дыбыс шығаратын камертон орналасқан. Бірінші мүсіннің таяу маңында «Көшпелілер» орналасқан. Бұл шығармалардың басты идеясы — атамұраны насихаттау.
2012 жылы Астанада «Қазмедиа орталығы» телерадиокешені ашылды. Ол Қазақстан телеарналарының басты технологиялық алаңына айналды. «Қазмедиа орталығында» «Хабар», «Хабар 24», «Qazaqstan», «balapan», «Qazsport», «Мир мемлекетаралық телерадиокомпаниясы», «Евразия бірінші арнасы», «Qazaq radiosy», «Астана», «Shalkar» радиолары және т. б. орналасқан.
2013 жылы Астанада туристерді қаланың көрікті орындарына қыдыртатын коммерциялық рейстер іске қосылды. Саяхатшыларға Лондондағы секілді екі қабатты автобустар қызмет көрсетеді. Автобустар «Hop-on-Hop-off» жүйесінде жұмыс істейді, яғни күні бойы оған қалағанша мініп-түсуге болады.
2013 жылы теңгенің 20 жылдығына орай құны 50, 500, 5 000 және 10 000 теңгелік төрт түрлі монета дайындалды.
2014 жылы Қазақстанның денешынықтыру мәдениеті мен спортын дамытуға сіңірген еңбегі үшін Лондон Олимпиадасының чемпионы Александр Винокуров құрмет белгісімен марапатталды.
2015 жылы Ұлытауда Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Бұланты шайқасы» ескерткіші ашылды. Монумент Бұланты өзенінің жағасында, қазақ әскері жоңғарларды ойсырата жеңген Үйтас қорымдарының жанынан бой көтерді.
2015 жылы «Жаңа толқын-2015» балалар музыка байқауында қазақстандық жас дарын иесі Данэлия Төлешова «Көрермен көзайымы» аталымында жеңіске жетті.
2016 жылы Павлодарда Орта жүздің қызыл тілді шешені, дарынды қолбасшы Малайсары батырға ескерткіш қойылды. Ол қазіргі Павлодар облысының аумағында дүниеге келген. Бөгенбай, Қабанбай, Райымбек, Баян, Наурызбай батырлармен бірге шайқасқан.
2017 жылы қазақстандық ауыр атлет Альберт Линдер Қытайдың Тайбэйінде өткен 2017 жылғы жазғы Универсиаданың алтын медалін жеңіп алды. Альберт қоссайыс қорытындысы бойынша, 333 килограмм (148+185) нәтиже көрсетіп, Универсиаданың рекордын орнатты.
2019 жылы Қостанайда «Регион-10» атты жоғалғандарды іздеу ресурсы пайда болды. www.region10.kz. сайтында жоғалған адамдарды іздеу бойынша ақпаратты білуге, сондай-ақ ғаламторда жиі кездесетін жалған ақпараттарды ажыратуға болады. Сайтты жасаушылар — Яна Маляр, Татьяна Милехина және Ирина Карпенко есімді еріктілер. Олар «Қызыл жарты Ай» және «ГРИН» ҮЕҰ-ның қолдауымен алғашқы көмек көрсету, іздестіруді ұйымдастыру және жоғалған адамдарды іздеу кезінде қажетті бастапқы әрекеттерді жүргізуде арнайы дайындықтан өткен.
2019 жылы елордада Орталық Азия мемлекеттерінің сыртқы істер министрлері мен АҚШ Мемлекеттік хатшысы орынбасарының қатысуымен «С5+1» форматында жоғары деңгейдегі кездесу өтті. «С5+1» форматы — өңірдің тұрақты дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды құрал.
2020 жылы танымал театр режиссері, актер, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театрының көркемдік жетекшісі Талғат Теменов «Достастық жұлдыздары» Мемлекетаралық сыйлығымен марапатталды.
2021 жылы Астана қаласының жүрек аурулары орталығында әлемдегі ең кішкентай электрокардиостимуляторды орнату бойынша ТМД-дағы алғашқы ота жасалды. Тәжірибелі кардиохирургтер туа біткен жүрек ақауы бар 14 жасар балаға операция жасады.
2023 жылы сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев ВКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы Нгуен Фу Чонгпен кездесті, Президент Во Ван Тхыонгпен, премьер-министр Фам Минь Чинмен және Ұлттық Ассамблея төрағасы Вуонг Динь Хюэмен келіссөздер жүргізді, сонымен қатар Бакнинь және Хайзыонг провинцияларындағы бірқатар экономикалық және мәдени нысандарды аралады.
2024 жылы Душанбеде Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасындағы Мәдениет күндері аясында қазақтың ұлы ақыны және философы Абай Құнанбаевтың бюстін ашу рәсімі өтті. Бюст Фирдавси саябағында орнатылды. Душанбедегі Мәдениет күндері аясында қазақ фильмдерінің көрсетілімі, көрмелер мен концерттер де өтті.
2024 жылы дәстүрлі Қарағанды жартылай марафонына Қарағандыдан және Қазақстанның, Қырғызстанның, Украинаның, Ресейдің және АҚШ-тың басқа қалаларынан 3192 әуесқой жүгіруші қатысты. Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы бірнеше қашықтық дайындады: ең ұзыны — 21 км 97,5 м; 10 км — 18 жастан асқандар үшін; 5 км — 15 жастан және одан жоғары; 2 км — 9 жастан 14 жасқа дейін; командалық эстафета «Екіден» — 21 км 97,5 м (16 жастан және одан жоғары). Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен, бағалы және ақшалай сыйлықтармен, ал қалған қатысушылар естелік медальдармен марапатталды.