21 жаңа мектеп ел игілігіне берілді - ОҚО

Бұл туралы ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметінен хабарлады.
1200 орындық бұл мектеп Еламан шағынауданында салынды. Ғимарат құрылысын республикалық бюджет есебінен «Атамекен корпорациясы» ЖШС жүргізді. 3 қабатты білім ошағында сыныптар оқу құралдарымен қамтылған, арнайы пән кабинеттері қарастырылған, мәжіліс және спорт залдары, асхана, дәрігерлік көмек бөлмелері жабдықталған. Мектеп ұжымы мен оқушыларын, ата-аналарды жаңа оқу жылымен құттықтаған облыс әкімі өңірімізде 1 қыркүйекте жаңа 21 мектептің құрылысы аяқталып, ел игілігіне тапсырылғанын атап өтті. Жалпы биыл облыстағы 1022 мектепте 576918 оқушы білім алады. Соның ішінде 66259 оқушы мектеп табалдырығын алғаш рет аттап отыр. 2014 жылы облыста 112 білім нысанының құрылысы қолға алынды. Оның ішінде өңірде ғимараты апатты деп танылған 48 мектептің 32-сінде құрылыс жұмыстары жүргізілді. Жыл соңына дейін 25 мектеп пен 10 балабақшаның, 7 өзге де білім беру ұйымдарының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Биыл өңірдегі 789 мектеп ағымдағы жөндеуден өтті. Мемлекеттік қолдау мен ұстаздардың ерен еңбегінің нәтижесінде өткен оқу жылы ҰБТ-дан 2 оқушы - 125, 11 оқушы - 123 балл алса, 2370 түлек 100 балдан жоғары жинады. ҰБТ қорытындысы бойынша облыстың орта балы 74,5 құрап, «Алтын белгі» иегерлерінің саны 436-ға жетті. Сондай-ақ, 700-ден астам оқушы халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарына қатысып, жеңіс тұғырынан көрінді. Жалпы білім беретін пәндер бойынша ұйымдастырылған республикалық олимпиадада І орынды алып, «Ең үздік олимпиадалық команда-2014» атағына лайық деп танылды. Республикалық «КАТЕV» қазақ тілі олимпиадаларында екінші рет І орынды, екі жылда бір рет ұйымдастырылатын республикалық жазғы спартакиадада оңтүстікқазақстандық оқушылар І орынды жеңіп алды.