21 жастағы қостанайлықтың өлімі: Еңбек инспекциясы кінәлілерді атады

Адам мүрдесінің табылғаны туралы ақпарат 17 мамыр күні ТЖД-ның кезекші-диспетчерлік бөліміне түскен. Ведомстводан мәлім еткендей, жұмысшылар тобы «Юбилейный» шағын ауданында құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу үшін келген. Қаза болған слесарь-монтаждаушы өзгелермен бірге қазылған траншеяларға полиэтилен құбырларын тасып жүрген.
«Сағат 16:00-де жұмысшы жұмыс аумағынан алыстап, траншеяның 25-30 метр жердегі жиегіне жақындаған. Сол кезде траншеяның шеті опырылып, жұмысшы құлап кеткен. Мұны көрген кәсіпорынның өзге қызметкерлері ол жерді қаза бастаған. 10-15 минуттан соң жұмысшыны тауып, жедел-жәрдем мен полиция шақырған», - деді облыстық Еңбек инспекциясы басқармасынан.
Бұған байланысты облыстық Еңбек инспекциясы басқармасы арнайы комиссия құрған болатын.
Арнайы зерттеу нәтижесі бойынша қайғылы оқиға жәбірленушінің абайсыздығынан және жұмыс өндірісін дұрыс ұйымдастырмаудан болғаны анықталды. Оқиғаның мән-жайын анықтай келе комиссия жұмыс беруші мен жұмысшының кінәларын 50 де 50 деп тапты.