22 қаңтар. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 22 қаңтар күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform

ЕСІМДЕР

56 жыл бұрын (1969) «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас директорының орынбасары Манас ОРЫНБАСАРОВ дүниеге келді.

 Манас ОРЫНБАСАРОВ
Фото: kazhydromet.kz

Ақтөбе облысында дүниеге келген. 1988 жылы Қатынас жолдары министрлігінің Ақтөбе теміржол көлігі техникумын «техник-электрші» мамандығымен, 2001 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін «заңгер» мамандығы бойынша, ал 2017 жылы «РФ Президентінің Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясы» жоғары білім беретін федералдық мемлекеттік бюджеттік білім мекемесінің магистратурасын «мемлекеттік және муниципалдық басқару» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы 1991 жылы «Өрлеу» өндіріс корпорациясының бас инженері ретінде басталған.

2017-2018 жылдары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» ҰАҚ Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру дирекциясының директоры, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» ҰАҚ Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру мәселелері жөніндегі басқарушы директоры лауазымдарын атқарды. 2018-2019 жылдары «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» ҰАҚ басқарма төрағасының кеңесшісі қызметінде болды.

Қазіргі лауазымын 2019 жылдың қазан айынан бастап атқарып келеді.

54 жыл бұрын (1971) Қазақстан Республикасы Жоғары есеп палатасының мүшесі Ардақ Мырзабайұлы ТЕҢГЕБАЕВ дүниеге келді.

Ардақ Мырзабайұлы ТЕҢГЕБАЕВ
Фото: Gov.kz

Торғай облысында туған. 1993 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «Бухгалтерлік есеп және шаруашылық қызметті талдау» мамандығы бойынша, 2002 жылы «Қайнар» университетін «заңгер» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1993 жылы Арқалық қаласында «Қазагроөнеаркәсіпбанк» АК-ның Торғай филиалында маман болып бастады. 1994-1996 жылдары Амангелді ауылында «Қазагроөнеаркәсіпбанк» АК-ның Амангелді филиалында экономист, аға экономист. 1996 жылы Арқалық қаласында «Қазагроөнеркәсіпбанк» Торғай облыстық филиалының аға инженері, бас инженер-бағдарламашысы, 1993-1997 жылдары «Қазагроөнеркәсіпбанк» АҚ Амангелді аудандық филиалының басқарушысы. 1997-2003 жылдары салық инспекторы, сектор меңгерушісі, бас салық инспекторы, бөлім басшысы, Алматы қаласы бойынша Салық комитетінің Басқарма бастығы лауазымдарында қызмет атқарды. 2003-2004 жылдары Алматы қаласы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменттің аға инспекторы, бөлім бастығы, басқарма бастығы болып жұмыс істеді. 2004-2005 жылдары «Ақпараттық технологиялар паркі» Салық комитетінің бөлім бастығы, 2005-2007 жылдары Семей қаласының Салық комитетінің төрағасы, 2007-2009 жылдары Маңғыстау облысы бойынша Салық комитетінің төрағасы, Маңғыстау облысы бойынша Салық департаментінің бастығы, 2009-2010 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің Салық комитетінің арнайы мамандандырылған басқармасының бастығы қызметін атқарды. 2010-2012 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Салық комитеті төрағасының орынбасары болды. 2012-2016 жылдары ҚР Қаржы вице-министрі лауазымында болды. 2016-2018 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы қызметін атқарды. 2019-2022 жылдары Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі.

2022 жылдың қараша айынан бастап қазіргі қызметінде.

ІI дәрежелі «Еуразиялық экономикалық одақты құруға қосқан үлесі үшін» (2015), ІІІ дәрежелі «Өз ісіне адалдығы үшін» «Атамекен» ҰКП (2016), «Еуразиялық экономикалық одақты құруға қосқан үлесі үшін» (2019) медальдарымен, ҚР Қаржы министрлігінің «Қаржы қызметінің үздігі» (2011) төсбелгісімен марапатталған.

38 жыл бұрын (1987) Кентау қаласының әкімі Жандос Қалмырзаұлы ТАСОВ дүниеге келді.

Жандос Қалмырзаұлы ТАСОВ
Фото: Gov.kz

Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысы, Түркістан қаласында туған. Халықаралық білім беру корпорациясының Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясын бітірген (2011); Х. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін бітірген.

Еңбек жолы: 2011-2013 жылдары «Градкомплекс» ЖШС қызметкері, 2013-2014 жылдары Түркістан қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің инспекторы, 2014 жылы Түркістан қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі бас маманының міндетін атқарушы, 2014-2017 жылдары Түркістан қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы, 2017-2018 жылдары Түркістан қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің қала құрылысы жобалары және сәулеттік жоспарлау секторының меңгерушісі, 2018-2020 жылдары Түркістан қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы қызметін атқарды. 2020-2021 жылдары Түркістан қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінің басшысы, 2021-2022 жылдары Түркістан қаласы әкімінің орынбасары лауазымын атқарды.

2022 жылдың тамыз айынан бастап қазіргі қызметінде.

37 жыл бұрын (1988) Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Сағидоллаұлы ӘБДІЛОВ дүниеге келді.

Әлібек Сағидоллаұлы ӘБДІЛОВ
Фото: Gov.kz

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «журналистика» мамандығы бойынша бітірген, әлеуметтік ғылымдар магистрі.

Еңбек жолы: әр жылдары түрлі телеарналар мен радиостанцияларда тілші, редактор, эфир жүргізушісі, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі, ҚР Қаржы министрлігініің баспасөз хатшысы болып қызмет атқарған.

ҚР Үкіметінің «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты (2017), «Ақпарат саласының үздігі» (2020).

93 жыл бұрын (1932-2013) Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті ақын Кәкімбек Салықұлы САЛЫҚОВ дүниеге келген.

Кәкімбек Салықұлы САЛЫҚОВ
Фото: 365info.kz

Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданы Еңбек ауылында туған.

1955 жылы Мәскеудің түсті металлургия және алтын институтын бітіргеннен кейін Жезқазған кенішінде кен шебері болып еңбек жолын бастаған. КСРО Жоғарғы кеңесінің экология жөніндегі комитетінің басшысы лауазымына дейін көтерілді. Көп жылдар Кеңес одағы Жоғарғы кеңесінің президиум мүшесі болды. Алғашқы өлеңдер жинағы «Сыр» 1977 жылы жарық көрді. Сол жылы «Жезкиік» атты жыр жинағы орыс тіліне аударылып жарияланды.

1981 жылы «Қырғызстан» баспасы оның «Нұрлы күндер» кітабын қырғыз тілінде, 1983 жылы Ғафур Ғулам баспасы «Жезкиік» жинағын өзбек тілінде шығарды. «Букетовке реквием», «Эдельвейс», «Ғасырға тең бір мезет», «Че Гевара» атты поэмалары орыс тіліне аударылды. К.Салықов — «Дала», «Қыран-дар», «Гәкку», «Жезкиік», «Еңлікгүл», «Тәттімбет», «Домбыра», «Қарақалпақ», «Кенесарының соңғы сөзі» секілді көптеген поэмалардың авторы.

Соңғы жылдары оның «Ойтолғақ» (2001), «Сырғалы сонеттер» (2001), «Күзгі шуақ» (2004), «Күзгі сарын» (2005), «Сенсің ел данасы» (2006), «Әлемнің сегізінші ғаламаты» (2006), «Мағжанға тағзым» (2008) кітаптары жарық көрді.

В. В. Маяковскийдің «В. И. Ленин» поэмасын, А. С. Пушкиннің өлеңмен жазылған «Евгений Онегин» романын, М. Ю. Лермонтовтың, Ю. П. Полонскийдің, Р.Ғамзатовтың, Алдан-Семеновтың, С. Норовчатовтың, В.Савельевтің, Я.Коластың, М.Львовтың, моңғол және өзбек ақындарының өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Б.Жұманиязов, Н.Тілендиев, Ә.Бейсеуов, Е.Хасанғалиев сияқты композиторлар ақынның көптеген өлеңдеріне ән шығарды. «Жезкиік», «Сағыныш», «Аққу әні», «Үш арыс», «Бір ауыз сөз», «Оқжетпес», «Көкшетау», «Жамбыл ата» сынды туындылары халық әніне айналып кетті.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне үш мәрте (IX, X, XI) депутат болып сайланған. КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты.

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағының иегері (2001), Халықаралық Қ.Сәтбаев қорының президенті, Қазақстан Республикасы «Экология» академиясының академигі. Ленин орденімен, екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Парасат» және Халықтар Достығы ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.

70 жыл бұрын (1955-1998) суретші, монументалист, спортшы, Қазақстандағы тұңғыш таэквондо федерациясының президенті Бексейіт Әбдезұлы ТҮЛКИЕВ дүниеге келген.

Бексейіт Әбдезұлы ТҮЛКИЕВ
Фото: Wikipedia

Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Мәскеу жоғары көркемсурет училищесін бітірген.

«Ұлы көш», «Замандастар», «Әке», «Ата-баба жері», «Суретшінің түсі», «Әже», «Түсіру алаңы», «Әкені майданға шығарып салу» және тағы да көптеген кескіндемелік еңбектердің авторы. Туындылары Бүкілодақтық және халықаралық көрмелерге қойылды. Түлкиев шығармашылықты спортпен байланыстыра білді, таэквондодан қара белбеу иегері. Бүгінде туған ауылындағы орта мектепке оның есімі берілген.

Соңғы жаңалықтар