22 қазан. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 22 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР
57 жыл бұрын (1968) «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Абай Ноғайұлы АСЫЛОВ дүниеге келді.

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетін физика және информатика пәнінің мұғалімі (1987-1992), Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін заңгер мамандығы бойынша (1995-1998), Агротехникалық университетті, инженер-механик мамандығы бойынша (2001-2004), У. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін Электр энергетикасы мамандығы бойынша бітірген (2012-2014).
Еңбек жолы: 1993-1995 жылдары Мойымқұм аудандық әкімшілігінде хатшы-референт, 1995-1997 жылдары Жамбыл облысы Ішкі істер басқармасы бастығының әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, 1998-1999 жылдары Тараз қаласы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас маманы, 1999-2007 жылдары Көліктік бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің көліктік бақылау жөніндегі бас маманы, 2007-2008 жылдары «Аллел-Агро» АҚ директорының орынбасары, 2009-2010 жылдары Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары департаменті директорының орынбасары, 2011-2012 жылдары Тараз инновациялық университетінің проректоры, 2013 жылы «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ ДМТО басшысы, 2013-2015 жылдары «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС бас директорының орынбасары, 2015-2016 жылдары «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС бас директоры, 2016-2022 жылдары «Мойнақ су электр станциясы» АҚ басқарма төрағасы болды.
2022 жылдың мамыр айынан бері қазіргі қызметінде.
57 жыл бұрын (1968) Қазақстан Республикасының Марокко Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Сәулекүл САЙЛАУҚЫЗЫ дүниеге келді.

Алматыда туған. Алматы педагогикалық шет тілдер институтын, ҚР СІМ Дипломатиялық академиясын бітірген, халықаралық қатынастар саласындағы маман.
Еңбек жолы: 1992-1993 жылдары Алматы мемлекеттік университетінің француз тілі оқытушысы, 1993-2012 жылдары ҚР СІМ Орталық аппаратында түрлі лауазымдарда жұмыс істеді, Қазақстанның Франциядағы, Израильдегі, Бельгиядағы, Вьетнамдағы елшіліктеріне іс-сапарға жіберілді. 2012-2015 жылдары ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы жанындағы Дипломатия институтының басшысы, 2015-2021 жылдары ҚР СІМ Таяу, Орта Шығыс және Африка елдері департаменті директорының орынбасары.
2021 жылдың наурыз айынан бастап қазіргі қызметінде.
55 жыл бұрын (1970) «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Өндірістік процестер бойынша басқарушы директоры Бауыржан Пазылбекұлы ОРЫНБАСАРОВ дүниеге келді.

Қызылорда облысында туған. 1993 жылы Алматы теміржол көлігі инженерлері институтының «Теміржол көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру және қозғалысты басқару» мамандығын бітірген.
Еңбек жолын 1994 жылы Батыс Қазақстан темір жолы Қызыл-Орда теміржол станциясында жолдар бойынша кезекші болып бастаған. 1994-1996 жылдары Алматы темір жолының Алма-Ата 2 станциясында кезекші, 1996-1997 жылдары Алматы темір жолы Алма-Ата 2 станциясының пойыз диспетчері, 1997 жылы «Қазақстан темір жолы» РМК жол диспетчері, Жүк және коммерциялық жұмыс тасымалдары бас басқармасының аға диспетчері, 1998 жылы «Қазақстан темір жолы» РМК Жүк және коммерциялық жұмысты тасымалдау бас басқармасының жетекші инженері, бас маманы болып еңбек етті. 1999 жылы «Қазақстан темір жолы» РМК өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы, 1999-2001 жылдары «Қазақстан темір жолы» РМК бас директоры бірінші орынбасарының көмекшісі, кеңесшісі, 2001-2002 жылдары «Қазақстан темір жолы» РМК тасымалдау процесін үйлестіру басқармасының бас инженері, 2002 жылы «Инфрақұрылым» ЕМК тасымалдарды үйлестіру басқармасының бас инженері, 2002-2006 жылдары «ҚТЖ» ҰК» АҚ Тасымалдау дирекциясының бас инженері, 2006-2007 жылдары «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Магистральдық желі дирекциясы» филиалы директорының орынбасары — бас инженері қызметтерін атқарды. 2007-2008 жылдары «ҚТЖ» «ҰК» АҚ «Қарағанды жол бөлімшесі» филиалының директоры, 2008-2010 жылдары «ҚТЖ „ҰК“ АҚ „Тасымалдау процесі дирекциясы“ филиалының атқарушы директоры, директоры болды. 2010 жылы „ҚТЖ“ ҰК» АҚ «Алматы жол бөлімшесі» филиалының директоры, 2010-2012 жылдары «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарушы директоры — бас инженері, 2012-2014 жылдары «ҚТЖ „ҰК“ АҚ пайдалану жұмысы жөніндегі басқарушы директоры, 2014 жылы „Қазтеміртранс“ АҚ президентінің міндетін атқарушы, 2014-2016 жылдары „ҚТЖ ‚ҰК‘ АҚ вице-президенті, 2016-2017 жылдары ‚ҚТЖ ‚ҰК‘ АҚ бас инженері, 2017-2018 жылдары ‚ҚТЖ ‚ҰК‘ АҚ инфрақұрылымдық жобалар жөніндегі вице-президенті, 2018-2020 жылдары инфрақұрылым жөніндегі басқарушы директор — ‚ҚТЖ‘ ҰК ‚АҚ‘ Магистральдық желі дирекциясы“ филиалының директоры қызметтерін атқарды.
2022 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі қызметінде.
«Құрмет» (2011), «Парасат» (2016) ордендерімен, ҚР мерекелік медальдарымен марапатталған.
53 жыл бұрын (1972) Түркістан облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар ОРАЗҰЛЫ дүниеге келді.

Түркістан облысы, Сайрам ауданында туған. Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын экономист және құрылысты басқару мамандығы бойынша бітірген, инженер-экономист (1996); Орталық Азия университеті, инженер (2006).
Еңбек жолы: 1997-1998 жылдары сәулет және қала құрылысы бөлімінің инспекторы, 1998-1999 жылдары Өндірістік жоспарлау бөлімінің бастығы, 1999-2002 жылдары сәулет және қала құрылысы бөлімінің жарнама жөніндегі инженері, экономикалық талдау және сметалық стандарттау бөлімінің бас маманы, 2002-2009 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша облыстық сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының басшысы, Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басшысының орынбасары және Оңтүстік Қазақстан облысының құрылыс басқармасы басшысының орынбасары, 2013-2014 жылдары KazMTOGroup директорының орынбасары, 2014-2016 жылдары «Тау-Кен Самұрық» АҚ Ұйымдастыруды қамтамасыз ету департаментінің директоры, 2016-2018 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының құрылыс басқармасы басшысының орынбасары, 2018-2025 жылдары Түркістан облысы құрылыс басқармасының бастығы болып қызмет атқарған.
2025 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі қызметінде.
41 жыл бұрын (1984) «Ордабасы» ФК президенті Асхат Рашидұлы СЕЙСЕНБЕК дүниеге келді.

Павлодар қаласында туған. Д.Қонаев атындағы университетті заңгер мамандығы бойынша (2006 ж), «Командалық спорт түрлері бойынша менеджер» мамандығы бойынша мемлекеттік басқару университетін (2007), АҚШ-тағы «ELS тіл мектебін» бітірген (2017).
Еңбек жолы: 2006-2007 жылдары Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің заң кеңесшісі, 2007-2008 жылдары ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт комитеті төрағасының кеңесшісі, 2008-2011 жылдары «2011 жылғы 7-қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы» АҚ басқарушы директоры, 2008-2012 жылдары Халықаралық спорт федерациялары бас қауымдастығы (GAISF) президентінің кеңесшісі, 2011-2012 жылдары ҚР Туризм және спорт министрінің кеңесшісі, 2012-2013 жылдары ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің Спорттық инфрақұрылым департаментінің директоры, 2012-2014 жылдары «Unifight» Азия әмбебап жекпе-жек федерациясының президенті, 2014-2015 жылдары ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары, 2017-2020 жылдары «Алтай» атлетика клубының атқарушы және спорттық директоры, 2018 жылы ҚР Жеңіл атлетика федерациясының бас хатшысы, 2019 жылы Азия жеңіл атлетика қауымдастығының жарыс комиссиясының мүшесі, 2020-2024 жылдары «Туризм және спорт саласын қолдау қоры» корпоративтік қорының бас директоры болып қызмет атқарған.
36 жыл бұрын (1989) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс жәнее қауіпсіздік комитетінің мүшесі Геннадий Геннадьевич ШИПОВСКИХ дүниеге келді.

Қызылорда облысы, Арал ауданының Сексеуіл кентінде туған. Әкесі Шиповских Геннадий Павлович пен анасы Куликова Лидия Николаевна қайтыс болғаннан кейін 2004 жылы Макаренко атындағы Қызылорда қалалық балалар үйіне түскен. Сол жылы қазақ отбасы асырап алады.
2009 жылы Қызылорда қаласындағы № 6 кешкі мектепті бітіргеннен кейін Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде № 5 кәсіптік лицейіне «Машинист көмекшісі» мамандығы бойынша оқуға түседі. 2010 жылы оқуды үздік бітіріп, Қызылорда Локомотив жөндеу депосына жылжымалы құрам слесарі ретінде жұмысқа орналасады. 2013 жылы Қызылорда Локомотив пайдалану депосына «машинист көмекшісі» лауазымына ауыстырылды. 2014 жылы Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда агротехникалық колледжіне оқуға түседі. Облыстық және қалалық бірнеше қоғамдық шараларға белсене қатысқан. «Қазақстан темір жолы» АҚ «Evolution» атты «Көңілді тапқырлар клубының» мүшесі болды. 2016 жылғы наурызда алтыншы шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына сайланды. Экология және табиғатты пайдалану мәселелері комитетінің мүшесі болды.
2021 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі қызметінде.
«20 жыл Астана», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», «Ерен еңбегі үшін» медальдарімен марапатталған.
147 жыл бұрын (1878-1924) ақын Омар ШОРАЯҚҰЛЫ дүниеге келді.
Қызылорда облысының Қармақшы ауданында туған. Ауыл молдасынан сауат ашып, кейін өз бетінше білімін толықтырған.
Он алты жасынан өлең шығара бастаған. Ал алғашқы өлеңдерінде («Сөйле, тілім, жосылып», «Шығарған сөзім шырайлы», «Өмір өрнектері», т. б.) ақындық пен сөз өнерін жырға қосты. «Аталық кеңес», «Жастарға өсиет» өлеңдерінен ұлттық тәлім-тәрбие тағылымы танылады. Діни тақырыптағы «Барамыз байтақ орынға», «Әмманың ажал тағдыр мұрасындай», «Айналайын атыңнан», «Әуелі аспан менен жер жараттың», «Жәрдемші Жаппар атты жалғыз елге», т. б. жырлары мұсылмандықты насихаттап, адамгершілікті уағыздайды. Оның адалдықты үлгі ететін («Жарлы Тәліп», «Қара шекпен»), әйел махаббатының құдіретін ұлықтайтын, зұлымдықтың зардабын сөз еткен («Үш күлше») дастандарымен қатар ислам дінінің қалыптасуы мен таралуын қамтитын, діни-ағартушылық бағыттағы «Мұхаммед», «Мағауия», «Хақ Сүлеймен», «Калимулла», «Әбу Шахыма» сияқты жыр дастандары сақталған. «Тау еліне» атты тарихи хат-д146астаны — қазақтың мәдени дәстүрінің өркендеуін мазмұндаған эпикалық шығарма.
Ақынның Таубайдың Жүсібімен, Нұрмақанмен, Қарасақал Ерімбетпен жазбаша айтыстары, сондай-ақ, әдебиет тарихында «Алты ақынның өмір туралы айтысы», «Шәкей сал мен алты ақын» деген атпен белгілі сөз сайыстары сақталған.
Оның шығармалары туралы алғаш рет М. Байділдаев «Ақындар творчествосы» атты кітабын жазды. Ақын өлеңдері «ХХ ғасыр басындағы қазақ ақындарының шығармалары», «Үш ғасыр жырлайды», «Айтыс», «Бес ғасыр жырлайды», «Ай, заман-ай, заман-ай», «Қазақ поэзиясының антологиясы» атты жинақтарда жарияланған.
101 жыл бұрын (1924-2022) әйгілі қазақ жазушысы, публицист, қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әбдіжәміл Кәрімұлы НҰРПЕЙІСОВ дүниеге келді.

Қызылорда облысы Арал ауданында туған. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Мәскеудегі М. Горький атындағы әдебиет институтын бітірген.
1962-1964 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы болған. 1992-2000 жылдары Қазақ ПЕН-клубының президенті, 2000 жылдан «Таң-Шолпан» журналы редакторлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған.
Тұңғыш шығармасы — Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына арналған «Курляндия» романы 1950 жылы жарық көрді. Бұл шығармасы үшін жазушыға Жамбыл атындағы республикалық сыйлық берілді. «Курляндия» романы кейіннен өңделіп, толықтырып, 1958 жылы «Күткен күн» деген атпен қайта жарияланды. «Қан мен тер» трилогиясы және «Сең», «Соңғы парыз» романдары дүниежүзі халықтарының көптеген тілдеріне аударылған. «Қан мен тер» трилогиясы орыс, француз, испан, чех, румын және түрік тілдеріне аударылған. Осы роман бойынша жасалған инсценировкасы М. Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының репертуарынан тұрақты орын алып, экранға шығарылған. Таңдамалы әдеби-сын мақалалары «Толғау» (кейіннен «Жүрегі толы жыр еді») деген атпен қазақ және орыс тілдерінде жеке кітап болып шыққан. 1985 жылы «Ақбидай туралы аңыз» атты очерктер жинағы жарық көрген. А. Чеховтың, М. Горькийдің, Назым Хикметтің, испан жазушысы А. Кэсоның шығармаларын қазақ тіліне аударған.
1974 жылы КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 2001 жылы Мәскеудегі Халықаралық Әдеби қордың «За честь и достойнство», 2003 жылы Халықаралық М.Шолохов атындағы сыйлықтардың лауреаты атанған. Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.