22 қазан. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 22 қазанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады. 

Жылнама
Фото: Kazinform

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық тұтығып сөйлейтіндер күні

1995 жылы құрылған Тұтығып сөйлейтіндер (кекештер) халықаралық қауымдастығының қолдауымен пайда болды. Бұл тұтығып сөйлейтін адамның проблемасына қоғамның назарын аударуға арналған күн. Бұл күні кекештердің күнделікті өмірде кездесетін қиындықтары туралы халықаралық қауымдастықты хабардар ету мақсатында түрлі әлеуметтік шаралар өткізіледі.

Фехнер күні

Атаулы күн немістің әйгілі ғалымы, алғашқы экспериментшіл психологтердің бірі, психофизиканың негізін қалаған Густав Теодор Фехнердің құрметіне бекітілген. Фехнер күнін қазіргі психофизиктердің көбі кәсіби мерекесі ретінде атап өтеді. Фехнердің есімі ғылым тарихына психофизиканың атасы ретінде жазылды. Фехнер 1850 жылғы 22 қазан таңында кенет адам денесі мен ақыл-ойының арасындағы байланысты психикалық түйсіктер мен материалдық түрткілердің арасындағы мөлшерлік қатынасты анықтау арқылы табуға болатынын түсінді. Сондықтан 22 қазан Психофизика пайда болған күн әрі Фехнер күні ретінде аталып өтеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1915 жылы Семейдің теміржол вокзалы ашылды. Семей вокзалының тарихы 1915 жылы қазанда Новониколаевтан алғашқы пойыз келген күннен басталады. Осы жылдар ішінде ол екі рет күрделі жөндеуден өтті. Өз тарихында миллиондаған жолаушыны қабылдап, шығарып салды.

1993 жылы Ұлан-Батыр қаласында Қазақстан мен Моңғолия арасындағы достық қатынастары және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылды.

2003 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстанның жетекші ғалымдарының «ҚР Ұлттық ғылым академиясы» қоғамдық бірлестігін құру туралы бастамасы мақұлданды. 22 қазанда өткен құрылтай съезінде «ҚР Ұлттық ғылым академиясы» қоғамдық бірлестігінің жарғысы қабылданып, академик Мұрат Жұрынов оның президенті болып сайланды.

2004 жылы Сауд Арабиясы астанасы Әр-Рияд қаласында «Нәзір Төреқұлов — КСРО-ның Сауд Арабиясы Корольдігіндегі өкілетті төрағасы» атты кітап жарық көрді. Кітап араб тілінде жазылған, оған Н. Төреқұловтың күнделігі мен хаттары енген.

Нәзір Төреқұлов — 1928-1932 жылдары КСРО-ның Сауд Арабиясындағы дипломатиялық агенті және бас консулы, 1932-1936 жылдары сол елдегі Кеңес Одағының Төтенше және Өкілетті Елшісі болған. Оның хаттары мен күнделіктерін оқи отырып Н. Төреқұловтың өз қызметінің мәнін жақсы меңгерген көрнекті қайраткер екенін түсінуге болады.

2010 жылы «Қазпошта» АҚ Орталық және Шығыс Еуропадағы ең қуатты әрі ықпалды ұйымдардың бірі — Еуропаның Ұлттық пошта операторлары қауымдастығына қосылды (PostEurop). Сол арқылы Қазақстан үшін қызметтерді Еуропа нарығына шығару, кәрі құрлық елдерімен пошта алмасу деңгейін жақсарту мүмкіндігі ашылды.

2010 жылы Астанада бірнеше жыл бойы Қазақстанда, Тәжікстанда, Түрікменстанда қазба жұмыстарын жүргізген Германия археология институтының фотокөрмесі ашылды. Осы көрмеде Батыс Қазақстан облысындағы «Қырық оба ІІ» некрополінен табылған бұйымдар алғаш рет жұртшылыққа көрсетілді.

2014 жылы Астана әлемнің 21 зияткер қаласының тізіміне кірді. Бұл тізім жыл сайын Зияткерлік қоғамдастық форумында (АҚШ) анықталады.

2017 жылы Польша поштасы ЭКСПО-2017 көрмесіне арнап марка шығарды. Таралымы — 120 мың дана. Марканың қақ ортасында қазіргі Қазақстанның символы — Бәйтерек тұр. Марканың шығарылуы Польша мен Қазақстан арасындағы достық пен ынтымақтың белгісі болды.

2018 жылы Қазақстан командасы АҚШ-та өткен «Nasa Space Apps challenge» байқауында бірінші орынды жеңіп алды. Қазақстандық балалар «Бағдарламалық қондырғыны қолдану үздігі» («The best use of hardware») санатында жүлделі болды. Қазақстанның командасы жұмысын жанартаулар мен астероидтардың деректерін талдауға арнады. «Nasa Space Apps challenge» — ғарыш және Жерді зерттеуге бағытталған жаппай өтетін халықаралық байқау. Осы жолғы байқауға әлемнің АҚШ, Қытай, Үндістан секілді 70-ке жуық елінен 25 мың адам қатысты.

2019 жылы Қазақстандық жас режиссер Рамазан Халиолланың «Домбыра» фильмі Нью-Дели қаласында өткен 8-ші Халықаралық қысқаметражды фильмдер кинофестивалінде (Delhi Shorts International Film Festival) «Үздік фильм» аталымында жеңімпаз атанды.

2021 жылы елордадағы Ботаникалық саябақта жүрек донорларын еске алуға арналған әсерлі инсталляция ашылды. Инсталляцияның авторы — қазақстандық мүсінші Эдуард Казарян. Ұйымдастырушылар бұл жай ғана өнер нысаны емес, жүрек донорлары мен олардың отбасыларына шексіз алғыстың белгісі екенін атап өтті. «Сый» («Дар») инсталляциясының ресми ашылуының басты қонағы жүрек ауыстыру отасы жасалған Гүлмира Смайылова болды. Елорда тұрғыны дәрігерлер мен донорлардың туыстарына екінші рет өмір сүруге мүмкіндік бергені үшін алғысын білдірді.

2021 жылы Ыстанбұлда (Түркия) Қазақстан Түркі кеңесінің киноиндустрия мен БАҚ саласындағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктері, сондай-ақ жалған ақпаратқа қарсы, оның ішінде әлеуметтік желілерде бірлесіп күрес жүргізу мәселелері талқыланған «Негізі қаланған өткен шақ, берік болашақ» медиа форумына қатысты.

Медиа форум жұмысына Түркі кеңесіне мүше елдер — Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, бақылаушы ел — Мажарстан, сондай-ақ Түрікменстан елдерінен 350-ден астам қатысушы, оның ішінде жетекші БАҚ өкілдері, ғылым мен мәдениет, киноиндустрия өкілдері, мемлекеттік орган өкілдері, танымал блогерлер және студенттер қатысты.

2023 жылы ДДСҰ басшысы Тедрос Гебрейесус Қазақстанға алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі жаһандық конференция аясында келді.

Астанада өткен жарысқа Тедрос Гебрейесус те қатысып, қазақстандықтарды зиянды әдеттерден бас тартуға, ішімдік ішпеуге, дене шынықтыруға шақырды.

2024 жылы ҚР Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесі және лотереяны реттеу комитеті азаматтармен жедел араласуға арналған онлайн қабылдау орталығын іске қосты. Жаңа қызмет тиісті мәселелерді талқылау және туындаған мәселелерді шешу үшін комитетпен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді. 

Соңғы жаңалықтар