22 қазанда Қазақстанның қандай жолдарында шектеу бар

АЛМАТЫ. KAZINFORM — «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Қазақстан жолдарындағы шектеу туралы хабарлады.

дорога, трасса, автомобиль, жол, көлік
Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

22 қазан күні сағат 08:00–ден бастап республикалық маңызы бар «Өскемен — Алтай — Үлкен Нарын — Катонқарағай — Рахман қайнарлары» автожолының учаскесінде жүк тіркемелері мен жартылай тіркемелері бар жүк көліктерін, сондай-ақ жазғы дөңгелекпен жүрген көліктерді қоспағанда, барлық автокөлік түрлері үшін қозғалыс ашылды.

Шектеу 7–166 шақырым аралығындағы учаскеде (Ушановское ауылынан Алтай қаласына дейін) алынды.

Қай жолдарда шектеулер сақталады?

Сағат 08:00 жағдай бойынша Шығыс Қазақстан облысында жазғы дөңгелекпен жабдықталған көліктер үшін KAZ-08 «Алматы — Талдықорған — Өскемен — Шемонаиха — Ресей Федерациясының шекарасы» автожолының екі учаскесінде қозғалыс шектеулері күшінде:

— 1089–1191 шақырымдар — Өскеменнен Шемонаихаға дейін;

— 1194–1212 шақырымдар — Шемонаиха қаласынан Ресей Федерациясының шекарасына дейін.

Шектеулер 20 қазанда сағат 20:00–де ауа райының нашарлауына, атап айтқанда қар мен көктайғаққа байланысты енгізілген болатын. Жүргізушілерге жолға шыққан кезде ауа райы мен шектеулерді ескеру ұсынылды.

Еске салайық, 21 қазаннан бастап Қонаев — Талдықорған автожолында орташа жылдамдық бақыланады.