22 мың SIM-карта тәркіленді: алаяқтарға аккаунт сатқан «активаторлар» ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — Биылғы 9 айда интернет-алаяқтық бойынша көрсеткіш төмендеді.

Полиция алаяқтық қоңыраулардың алдын алды: 24 мыңнан астам sim-карта тәркіленді
Фото: polisia.kz

Бұл туралы ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

— Жыл басынан тіркелген интернет-алаяқтықтардың саны 19 мыңнан 15 мыңға дейін, яғни 21%-ға азайды, — деді ол.

Спикердің сөзінше, ұйымдастырушылық-практикалық және алдын алу шаралары оң нәтиже беріп отыр. Байланыс операторларымен бірлесіп, алаяқтардың телекоммуникациялық инфрақұрылымды пайдалануына жүйелі түрде тосқауыл қойылып жатыр.

— Жыл басынан бері 90 миллионнан астам алаяқтық қоңырау бұғатталды, — деді департамент басшысы.

Сондай-ақ ол алаяқтық схемаларға қатысатын «активаторлар» туралы айтты. Бұлар мессенджер аккаунттарын өз атына тіркеп, алаяқтарға ұсынатын адамдар.

— Олар, мессенджер аккаунттарын өздеріне тіркеп, оны алаяқтарға ұсынатын адамдар. Бүгінгі таңда 150-ден астам «активатор» ұсталды, олардан 22 мыңнан астам SIM-карта тәркіленді, — деп толықтырды.

Брифингте дроптар туралы да айтылды. Олар банк карталарын өз атына рәсімдеп, аз ақыға алаяқтарға береді. Мысалы, қыркүйекте Түркістан облысында осындай топтың әрекеті тоқтатылды. Топ Өзбекстанның 27 азаматын тартқан. Олардың атына ұрланған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру үшін банк шоттары ашылған.

Айта кетейік, бұған дейін үш айда 1595 киберқылмыс анықталғанын жаздық.