Үш айда 1595 киберқылмыс анықталды — ІІМ

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл 1 шілде мен 30 қыркүйек аралығында елімізде «Hi-tech» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Нәтижесінде 1595 киберқылмыс анықталды.

кибер
Фото: Pixabay

Бұл туралы ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
Оның сөзінше, іс-шара киберқылмыстың алдын алуға, оны ашуға және қылмыстық схемаларға қатысушыларды анықтауға бағытталған.

Жандос Сүйінбай
Фото: ortcom.kz

— Қорытындысы бойынша 1595 киберқылмыс анықталып, 1242 іс аяқталды. Бұрын жасалған 917 қылмыс ашылды. Осындай әрекеттер үшін барлығы 724 адам ұсталды. Олардың 22-сі — шетел азаматы. 97 адам қамауға алынды. Сонымен қатар іздеуде жүрген 8 адам ұсталды, — деді департамент басшысы.

Спикердің айтуынша, заңсыз интернет-ресурстарды анықтау мақсатында желіге тұрақты мониторинг жүргізіледі. Биыл 9 айда 82 мыңға жуық құқыққа қайшы ресурс анықталып, бұғаттауға жіберілген.

— Профилактикалық жұмыс та жалғасып жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдарында осы тақырыпта 2,5 миллионнан астам материал жарияланды. Ұйымдарда 104 мың профилактикалық кездесу өтті, 18 мың азаматтар жиыны ұйымдастырылды. 4,7 миллионнан астам жадынама мен брошюра таратылды, — деп толықтырды ол.

Айта кетейік, Құрылтай Қазақстанның киберқылмысқа қарсы күресін күшейтетін құжатты қабылдады.