22 наурыз. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 22 наурыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
66 жыл бұрын (1960) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты, Аграрлық мәселелер жөніндегі комитет мүшесі Павел Олегович КАЗАНЦЕВ дүниеге келді.

1982 жылы Целиноград инженерлік-құрылыс институтын «Автомобильдер және автокөлік шаруашылығы» мамандығы бойынша тәмамдаған. 1986 жылы КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Ф.Э. Дзержинский атындағы Жоғары мектебін бітірді. 2003 жылы консалтингтік қызметтерді дамытуға арналған халықаралық бағдарламалар бойынша білім алды: «Қоғаммен байланыс — Қазақстан» бағдарламасы (Вермонт штаты, АҚШ, 2003 жыл) және Ислам даму банкінің «Дамушы экономикадағы консалтингтік фирмалардың рөлі» тақырыбындағы семинарына қатысқан.
Еңбек жолы: 1982-1986 жылдары Қазақ КСР Көлік министрлігі жанындағы Целиноград облысының жүк АВТО басқармасының аға инженері, ТҚ бастығы, ТБ және ОТ бойынша аға инженері, АТП-3 шебері болды. 1986-1992 жылдары Целиноград облысы бойынша КГБ басқармасында қызмет атқарды. 1992-1995 жылдары бөлім бастығы, сыртқы экономикалық байланыстар комитетінің төрағасы, ҚР Сыртқы экономикалық байланыстар министрлігінің Ақмола облысы әкімшілігіндегі өкілі болды. 1995-1997 жылдары Ақмола қаласы әкімінің орынбасары, 1997-1998 жылдары АЭА Әкімшілік кеңесі төрағасының орынбасарының кеңесшісі, 1998-1999 жылдары АЭА экономикалық және әлеуметтік даму қоры директорының орынбасары, «Ақмола» Қорының Басқарма төрағасының орынбасары және инвестициялар бөлімінің бастығы, 1999-2007 жылдары «Іскерлік бастамалар орталығы» консалтингтік компаниясының директоры, 1999 жылы Астана қаласы кәсіпкерлер қауымдастығының президенті, 2003-2007 жылдары Астана қаласы мәслихатының депутаты, 2005-2007 жылдары Астанадағы «СІЅСО» компаниясының өкілі, 2007-2010 жылдары «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары, бірінші орынбасары, 2010-2013 жылдары «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратының ұйымдастыру-саяси жұмыс департаментінің директоры, саяси жұмыс департаментінің директоры, 2011 жылы Астана парашют спорты федерациясының вице-президенті, 2012 жылы Қазақстан ММА қауымдастығының вице-президенті, 2012 жылы Қазақстан джиу-джитсу қауымдастығының вице-президенті, 2015-2016 жылдары ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағаның орынбасары- ұйымдық кадр жұмысы және активтер департаментінің директоры, 2016-2021 жылдары VI шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі, 2021-2023 жылдары VII сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары лауазымын атқарған.
Қазіргі қызметін 2023 жылдан бері атқарып келеді.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталған.
64 жыл бұрын (1961) Алматы облыстың мәслихатының депутаты Махаббат Сәдуақасұлы БИГЕЛДИЕВ дүниеге келді.

Алматы облысы Жамбыл ауданында туған. Алматы сәулет-құрылыс институтын бітірген.
Еңбек жолын 1978 жылы Күрті аудандық ішкі істер бөлімнің күзет бөлімінде жұмыскерліктен бастап, кейіннен құрылыс мекемесінің жұмысшысы, кеңшардың жұмысшысы болды. 1986-1989 жылдары Күрті аудандық коммуналдық мекемесінің шебері, бас инженері, 1989-1991 жылдары Күрті ауданының бас сәулетшісі, 1991-1996 жылдары Күрті аудандық жылу жүйелері мекемесінің директоры, 1998-1999 жылдары Талғар аудандық жылу жүйелері мекемесінің директоры, Алматы облыстық жылу жүйелері мекемесінің бас директоры қызметін атқарған. 1999-2001 жылдары «Алаутрансгаз» АҚ Алматы филиалының менеджері, бөлім меңгерушісі, «Жетісугаз корпорациясы» ААҚ «Алматыгазсервис» Іле филиалының бастығы, 2001-2002 жылдары Талғар ауданы Нұра ауылдық округінің әкімі, 2002-2005 жылдары Талғар ауданы Тұздыбастау ауылдық округінің әкімі, 2005-2007 жылдары Жамбыл ауданы әкімінің және Қарасай ауданы әкімінің орынбасары, 2009 жылы облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бастығы, 2009-2011 жылдары Жамбыл ауданының әкімі, 2011-2012 жылдары Талдықорған қаласының әкімі, 2012 жылы Алматы облысы әкімінің орынбасары, Алматы облысы Панфилов ауданының әкімі қызметін атқарған. 2013-2014 жылдары Алматы облысы Жамбыл ауданының әкімі, 2014-2016 жылдары Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары, 2016-2020 жылдары Алматы облысы Қарасай ауданының әкімі қызметінде болды.
2024 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі қызметінде.
«Құрмет» орденімен марапатталған.
124 жыл бұрын (1902-1985) қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам және мемлекет қайраткері, Социалистік Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақ КСР Ғылым академиясының Абай атындағы және Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Ғабит Махмұтұлы МҮСІРЕПОВ дүниеге келді.

Қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында туған. Алғашқыда ауыл молдасынан арабша хат таныған. Ғабит жастайынан әуелі екі жылдық ауылдық орыс мектебінде, кейін төрт жылдық жоғары басқыш орыс мектебін бітірген. Қазақ төңкерісінен кейін үстемдік алған Кеңес өкіметінің жұмысына әжептеуір орысша сауаты бар адам ретінде араласып, түрлі қызмет атқарған. Орыс мектебінде жүргенде орыстың атақты ақын жазушыларының шығармаларын оқып білуі, ауыл мектебінде өзін оқытқан әдебиетші мұғалім Бекет Өтетілеуовтың әсер ықпалы болашақ жазушының әдебиетке ерекше ықылас аударуына септігін тигізеді. 1923-26 жылдары Орынбор қаласындағы жұмысшы факультетіне (рабфак) оқуға түсіп, оны бітірісімен Омбыдағы ауыл шаруашылық институтында оқыған. 1927-1928 жылдары Бурабай орман шаруашылығы техникумында оқытушы, 1928-1933 жылдары Қазақ мемлекеттік баспасының бас редакторы, 1934-1938 жылдары «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінің редакторы, Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариаты өнер секторының меңгерушісі, Қазақ өлкелік комитетінің баспасөз бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Компартиясы саяси-ағарту бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1938-1955 жылдары бірыңғай шығармашылық жұмыстармен айналысқан. 1956-1957 жылдары «Ара» — «Шмель» журналының бас редакторы, 1957-1985 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы, КСРО Жазушылар одағы басқармасының хатшысы қызметтерін атқарған. 1958 жылдан КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы әдебиет, өнер және сәулет салалары бойынша Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтары жөніндегі комитеттің мүшесі болған.
Ғ.Мүсіреповтің тұңғыш повестерінің қатарына «Тулаған толқында» мен «Американ бидайығы» шығармалары жатады. Жас жазушының болашағынан үміт күттірген бұл туындылар азаматтық тақырыпты толғайды. Ғ.Мүсірепов әңгіме жанрының өркендеуіне үлкен үлес қосты. Алғашқы шығармаларынан-ақ жазушылық шеберлігімен танылған. Ғ.Мүсірепов — көрнекті қоғам, мемлекет қайраткері. 1932 жылы шілде айында ол республикаға танымал адамдармен бірлесе отырып, халықтың басына төнген аштық нәубеті жайында БКП (б) қазақ өлкелік комитетіне «Бесеудің хатын» жолдаған. Ғабит Мүсірепов өзінің қоғамдық, публицистік, журналистік, сыншылдық қызметімен де туған халқының мәдениетінің дамуына зор еңбек сіңірді. Алайда қазақ халқы оны үлкен суреткер жазушы деп таниды, көркем сөздің хас шебері деп біледі, құрмет тұтады.
Ол бірнеше мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, бір рет КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып сайланған. Үш мәрте Ленин орденімен және екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, Октябрь Революциясы орденімен және көптеген медальдармен марапатталған. Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрына жазушының есімі берілген.
100 жыл бұрын (1926-1993) актер, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының иегері Мәкілқожа (Мәкіл) Иманәліұлы ҚҰЛАНБАЕВ дүниеге келді.

Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Алматы театр училищесін бітіргеннен кейін Қызылорда облыстық қазақ драма театры труппасында қызмет атқарған. 1948 жылдан Қазақтың мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театры құрамында еңбек етті. Алғашқы рөлі қуыршақ сатушыны (А.Толстой, «Алтын кілт») ойнап, актерлік талантын танытқан ол театр сахнасында Есен, Назарбек (М.Әуезов, «Еңлік-Кебек», «Алуа»), Әбутәліп (С.Мұқанов, «Мөлдір махаббат»), Қоңқай (Ғ.Мүсірепов «Ақан сері-Ақтоқты»), т.б. бейнелерін сомдады. Сонымен қатар көркем фильмдерге түсіп, Бала («Райхан»), Қаратай («Менің атым Қожа»), Ыдырыс («Балалық шаққа саяхат»), Ермат («Алтын күз»), т.б. рөлдерімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Қазақ радиосындағы радиоқойылымдарға қатысып, балаларға арналған «Ойлан, тап» атты радио ойынында Жұмбақбай атайдың бейнесін жасады. «Құрмет белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған.
78 жыл бұрын (1948-2000) жазушы, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Марат ҚАБАНБАЙҰЛЫ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Зайсан аудандық «Достық» газетінің корректоры, әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, «Лениншіл жас» газетінің тілшісі, «Жалын» баспасының редакторы, Қазақстан Мемлекеттік баспа комитетінің қызметкері, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі, «Парасат» журналының редакторы, «Ана тілі» газеті бас редакторының орынбасары қызметтерін атқарған. Жазушының шығармаларының дені балалар мен жасөспірімдерге арналған. «Бақбақ басы толған күн», «Арыстан, мен, виолончель және қасапхана», «Жиһанкез Тити», «Пысық болдым, мінеки», «Қала мен қыз бала» атты повестер мен әңгімелер топтамалары, «Көркем дәм», «Айшылық алыс жол» романдары жарық көрді. Шығармалары орыс, украин, молдаван, латыш, неміс тілдеріне аударылған.
77 жыл бұрын (1949-1992) әнші, жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының иегері Жәнібек КӘРМЕНОВ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында туған. Он жасқа толар-толмас шағында туған ел, өскен жерге арнайы сапармен келген М.Әуезовтің алдында ән салып, ұлы қаламгердің батасын алған. Алматыдағы өнер студиясын, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.
1979 жылдан бастап Ж.Елебеков атындағы эстрада студиясында ұстаздық қызмет атқарып, дарынды әншілердің, орындаушылардың бірнеше буынын тәрбиелеп шығарды. Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда халық әндері кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. Оның «Ақылбайдың әні», «Махаббат әні», «Ғашықтың тілі» атты прозалық кітаптары, өнер адамдары туралы 200-ден астам мақаласы жарық көрді. 1990 жылы «Өнер» баспасынан екі томдық «Халық әндері мен халық композиторларының әндері» атты жинағы шықты. 1980 жылдардың басында «Асыл мұра» сериясы (А.Сейдімбековпен бірлесіп) бойынша телехабар жүргізіп, Ақан сері, Біржан сал, Абай, Мәди, Естай, Әсет, Кенен, Мұхит, Сәкен әндерін жаңаша қырынан, тың толғаммен қалың көрерменге насихаттады. Әншінің «Толғау», «Шыңғыстауға арнау», «Бабалар», «Ағалар-ай», «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» әндері бар.