22 наурыз. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 22 наурыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады. 

22 наурыз. Тұлғалар туған күн
Фото: Kazinform/ Midjourney

Есімдер

64 жыл бұрын (1961) Алматы облыстың мәслихатының депутаты Махаббат Сәдуақасұлы БИГЕЛДИЕВ дүниеге келді.

Махаббат Сәдуақасұлы БИГЕЛДИЕВ
Фото: kazrestavratcziia.kz

Алматы облысы Жамбыл ауданында дүниеге келді. Алматы сәулет-құрылыс институтын бітірген.

Еңбек жолын 1978 жылы Күрті аудандық ішкі істер бөлімнің күзет бөлімінде жұмыскерліктен бастап, кейіннен құрылыс мекемесінің жұмысшысы, кеңшардың жұмысшысы болды. 1986-1989 жылдары Күрті аудандық коммуналдық мекемесінің шебері, бас инженері, 1989-1991 жылдары Күрті ауданының бас сәулетшісі, 1991-1996 жылдары Күрті аудандық жылу жүйелері мекемесінің директоры, 1998-1999 жылдары Талғар аудандық жылу жүйелері мекемесінің директоры, Алматы облыстық жылу жүйелері мекемесінің бас директоры қызметін атқарған. 1999-2001 жылдары «Алаутрансгаз» АҚ Алматы филиалының менеджері, бөлім меңгерушісі, «Жетісугаз корпорациясы» ААҚ «Алматыгазсервис» Іле филиалының бастығы, 2001-2002 жылдары Талғар ауданы Нұра ауылдық округінің әкімі, 2002-2005 жылдары Талғар ауданы Тұздыбастау ауылдық округінің әкімі, 2005-2007 жылдары Жамбыл ауданы әкімінің және Қарасай ауданы әкімінің орынбасары, 2009 жылы облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бастығы, 2009-2011 жылдары Жамбыл ауданының әкімі, 2011-2012 жылдары Талдықорған қаласының әкімі, 2012 жылы Алматы облысы әкімінің орынбасары, Алматы облысы Панфилов ауданының әкімі қызметін атқарған. 2013-2014 жылдары Алматы облысы Жамбыл ауданының әкімі, 2014-2016 жылдары Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары, 2016-2020 жылдары Алматы облысы Қарасай ауданының әкімі қызметінде болды.

2024 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі қызметінде.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

54 жыл бұрын (1971) Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Жамалқызы ХАДЖИЕВА дүниеге келді.

 Мария Жамалқызы ХАДЖИЕВА
Фото: Gov.kz

Еңбек жолын 1995 жылы ҚР Әділет министрлігінің Бас заңнама басқармасының конституциялық және әлеуметтік-мәдени заңнама бөлімінің жетекші консультанты лауазымынан бастады. Бағалы қағаздар нарығындағы қызметін 2000 жылы ҚР Ұлттық Банкінің заң департаменті бағалы қағаздар нарығын және жинақтаушы зейнетақы қорларын реттеуді құқықтық қамтамасыз ету басқармасының бас маманы лауазымынан бастады. 2006-2008 жылдары ҚР Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің бағалы қағаздар нарығының субъектілерін және жинақтаушы зейнетақы қорларын қадағалау департаменті директорының орынбасары болып жұмыс істеді. 2008-2011 жылдары департамент директоры лауазымында жұмыс істеді. 2011-2014 жылдары ҚР Ұлттық Банкінің Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау комитеті төрағасының орынбасары, 2014-2016 жылдары ҚР Ұлттық Банкінің бағалы қағаздар нарығының субъектілерін қадағалау департаментінің директоры лауазымын атқарды. 2016-2017 жылдары Бағалы қағаздар нарығы департаментін басқарды. 2017-2019 жылдары «Бағалы қағаздардың бірыңғай тіркеушісі» АҚ Басқармасы Төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалып, бір жылдан кейін оған басшылық етті.

Әртүрлі жылдары «Казкоммерц Секьюритиз», «Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі», «Бағалы қағаздардың бірыңғай тіркеушісі», «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының», Қазақстан қор биржасының Директорлар кеңесінің құрамына кірді.

2019 жылғы 26 желтоқсанда ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

123 жыл бұрын (1902-1985) қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам және мемлекет қайраткері, Социалистік Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақ КСР Ғылым академиясының Абай атындағы және Ш. Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Ғабит Махмұтұлы МҮСІРЕПОВ дүниеге келді.

Ғабит Махмұтұлы МҮСІРЕПОВ
Фото: novoetv.kz

Қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында дүниеге келген. Алғашқыда ауыл молдасынан арабша хат таныған. Ғабит жастайынан әуелі екі жылдық ауылдық орыс мектебінде, кейін төрт жылдық жоғары басқыш орыс мектебін бітірген. Қазақ төңкерісінен кейін үстемдік алған Кеңес өкіметінің жұмысына әжептеуір орысша сауаты бар адам ретінде араласып, түрлі қызмет атқарған. Орыс мектебінде жүргенде орыстың атақты ақын жазушыларының шығармаларын оқып білуі, ауыл мектебінде өзін оқытқан әдебиетші мұғалім Бекет Өтетілеуовтың әсер ықпалы болашақ жазушының әдебиетке ерекше ықылас аударуына септігін тигізеді. 1923-26 жылдары Орынбор қаласындағы жұмысшы факультетіне (рабфак) оқуға түсіп, оны бітірісімен Омбыдағы ауыл шаруашылық институтында оқыған. 1927-1928 жылдары — Бурабай орман шаруашылығы техникумында оқытушы, 1928-1933 жылдары Қазақ мемлекеттік баспасының бас редакторы, 1934-1938 жылдары «Социалистік Қазақстан» (Егемен Қазақстан) газетінің редакторы, Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариаты өнер секторының меңгерушісі, Қазақ өлкелік комитетінің баспасөз бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Компартиясы саяси-ағарту бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1938-1955 жылдары бірыңғай шығармашылық жұмыстармен айналысқан. 1956-1957 жылдары — «Ара» — «Шмель» журналының бас редакторы, 1957-1985 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы, КСРО Жазушылар одағы басқармасының хатшысы қызметтерін атқарған. 1958 жылдан КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы әдебиет, өнер және сәулет салалары бойынша Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтары жөніндегі комитеттің мүшесі болған. Ғ.Мүсіреповтің тұңғыш повестерінің қатарына «Тулаған толқында» мен «Американ бидайығы» шығармалары жатады. Жас жазушының болашағынан үміт күттірген бұл туындылар азаматтық тақырыпты толғайды. Ғ.Мүсірепов әңгіме жанрының өркендеуіне үлкен үлес қосты. Алғашқы шығармаларынан-ақ жазушылық шеберлігімен танылған. Ғ.Мүсірепов — көрнекті қоғам, мемлекет қайраткері. 1932 жылы шілде айында ол республикаға танымал адамдармен бірлесе отырып, халықтың басына төнген аштық нәубеті жайында БКП (б) қазақ өлкелік комитетіне «Бесеудің хатын» жолдаған. Ғабит Мүсірепов өзінің қоғамдық, публицистік, журналистік, сыншылдық қызметімен де туған халқының мәдениетінің дамуына зор еңбек сіңірді. Алайда қазақ халқы оны үлкен суреткер жазушы деп таниды, көркем сөздің хас шебері деп біледі, құрмет тұтады. Ол бірнеше мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, бір рет КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып сайланған. Үш мәрте Ленин орденімен және екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, Октябрь Революциясы орденімен және көптеген медальдармен марапатталған. Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрына жазушының есімі берілген.

99 жыл бұрын (1926-1993) актер, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының иегері Мәкілқожа (Мәкіл) Иманәліұлы ҚҰЛАНБАЕВ дүниеге келді.

Мәкілқожа (Мәкіл) Иманәліұлы ҚҰЛАНБАЕВ
Фото: kino-teatr.ru

Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Алматы театр училищесін бітіргеннен кейін Қызылорда облыстық қазақ драма театры труппасында қызмет атқарған. 1948 жылдан Қазақтың мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театры құрамында еңбек етті. Алғашқы рөлі қуыршақ сатушыны (А.Толстой, «Алтын кілт») ойнап, актерлік талантын танытқан ол театр сахнасында Есен, Назарбек (М.Әуезов, «Еңлік — Кебек», «Алуа»), Әбутәліп (С.Мұқанов, «Мөлдір махаббат»), Қоңқай (Ғ.Мүсірепов «Ақан сері — Ақтоқты»), т. б. бейнелерін сомдады. Сонымен қатар көркем фильмдерге түсіп, Бала («Райхан»), Қаратай («Менің атым Қожа»), Ыдырыс («Балалық шаққа саяхат»), Ермат («Алтын күз»), т. б. рөлдерімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Қазақ радиосындағы радиоқойылымдарға қатысып, балаларға арналған «Ойлан, тап» атты радио ойынында Жұмбақбай атайдың бейнесін жасады. «Құрмет белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған.

77 жыл бұрын (1948-2000) жазушы, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Марат ҚАБАНБАЙҰЛЫ дүниеге келді.

Марат ҚАБАНБАЙҰЛЫ
Фото: odb-abai.kz

Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Зайсан аудандық «Достық» газетінің корректоры, әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, «Лениншіл жас» газетінің тілшісі, «Жалын» баспасының редакторы, Қазақстан Мемлекеттік баспа комитетінің қызметкері, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі, «Парасат» журналының редакторы, «Ана тілі» газеті бас редакторының орынбасары қызметтерін атқарған. Жазушының шығармаларының дені балалар мен жасөспірімдерге арналған. «Бақбақ басы толған күн», «Арыстан, мен, виолончель және қасапхана», «Жиһанкез Тити», «Пысық болдым, мінеки», «Қала мен қыз бала» атты повестер мен әңгімелер топтамалары, «Көркем дәм», «Айшылық алыс жол» романдары жарық көрді. Шығармалары орыс, украин, молдаван, латыш, неміс тілдеріне аударылған.

76 жыл бұрын (1949-1992) әнші, жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының иегері Жәнібек КӘРМЕНОВ дүниеге келді.

Жәнібек КӘРМЕНОВ
Фото: egemen.kz

Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында туған. Он жасқа толар-толмас шағында туған ел, өскен жерге арнайы сапармен келген М.Әуезовтің алдында ән салып, ұлы қаламгердің батасын алған. Алматыдағы өнер студиясын, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1979 жылдан бастап Ж.Елебеков атындағы эстрада студиясында ұстаздық қызмет атқарып, дарынды әншілердің, орындаушылардың бірнеше буынын тәрбиелеп шығарды. Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда халық әндері кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. Оның «Ақылбайдың әні», «Махаббат әні», «Ғашықтың тілі» атты прозалық кітаптары, өнер адамдары туралы 200-ден астам мақаласы жарық көрді. 1990 жылы «Өнер» баспасынан екі томдық «Халық әндері мен халық композиторларының әндері» атты жинағы шықты. 1980 жылдардың басында «Асыл мұра» сериясы (А.Сейдімбековпен бірлесіп) бойынша телехабар жүргізіп, Ақан сері, Біржан сал, Абай, Мәди, Естай, Әсет, Кенен, Мұхит, Сәкен әндерін жаңаша қырынан, тың толғаммен қалың көрерменге насихаттады. Әншінің «Толғау», «Шыңғыстауға арнау», «Бабалар», «Ағалар-ай», «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» әндері бар.

Соңғы жаңалықтар