22 НАУРЫЗ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
22 НАУРЫЗ, СЕНБІ
Наурыз мейрамы. Көктем мейрамы және Орталық Азия халықтарының Жаңа жылы. Бұл мереке бірнеше мың жылдан бері аталып келеді. Парсыша наурыз ай аты емес, тек бірінші айдың бірінші күні дегенді білдіреді. Бұл айды соғдалықтар «наусарыз», хорезмдіктер «наусарджи», армяндар «навасарди», чуваштар «норас-ойахе» деп атаған. Қазақстанда кеңес заманында талай жылдар бойы діни мереке деп саналып, тыйым салынды. Соңғы рет 1926 жылы тойланған Наурыз мейрамы Қазақстанда 1990 жылдардың басында қайтадан ресми түрде атала бастады. Оның жаңғыруына көрнекті мемлекет қайраткері, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібеков көп еңбек сіңірді.
Бүкіләлемдік су қорлары күні. 1992 жылғы маусымның 3-4-і аралығында Рио-де-Жанейро қаласында өткен БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау және дамыту жөніндегі конференцияда 22-ші наурыз - Бүкіләлемдік су қорлары күні деп жарияланды.
Балтық теңізі күні. 1974 жылы Финляндияның Хельсинки қаласында Балтық теңізі ауданындағы теңіз қоршаған ортасын қорғау жөніндегі Конвенцияға қол қойылды.
Планетарийлер күні. Көктемгі күн мен түннің теңесу күніне таяу жексенбіде аталып өтеді. Ең алғашқы рет 1990 жылы Италияда Итальяндық планетарийлер қауымдастығы бастамасымен өткізілген. Халықаралық мәртебеге 1994 жылы француздық «астрономия шіркеуі» қолдағаннан кейін ие болған. Бір жылдан соң бұл мейрам Европаның тағы да алты мемлекеті: Бельгия, Чехия, Словакия, Польша, Украина және Ресейде аталып өткен.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
2 4 жыл бұрын (1990) Алматыда «Ана тілі» апталық газетінің алғашқы саны жарық көрді.
2 3 жыл бұрын (1991) республикалық «Жас қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Еліміздің саяси, әлеуметтік және рухани өміріндегі өзекті мәселелерді қозғаған газет төрт жыл бойы шығып тұрды. 2001 жылғы тамыздың 11-де «Жас қазақтың» жалғасы ретінде «Жас қазақ үні» газеті жарық көре бастады.
21 жыл бұрын (1993) Павлодарда «Ватан» Әзербайжан ұлттық-мәдени орталығы құрылды.
1 9 жыл бұрын (1995) Мемлекеттік «Продкорпорация» компаниясы құрылды. Компанияның басты мақсаты болып еліміздің стратегиялық астық қорын сақтау, мемлекеттік астық қорына жауапкершілікпен қарау, ішкі астық нарығын және астық экспортын тұрақтандыру табылады.
1 4 жыл бұрын (2000) Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданының Жаңажол ауылындағы орта мектепке ақын Қасым Аманжоловтың есімі берілді.
1 3 жыл бұрын (2001) қазақстандық «Ұлытау» тобы алғаш рет өз өнерлерін ортаға салды. 2005 жылы топ «Жұмыр Қылыш» атты 10 композициядан тұратын жеке альбомын жарыққа шығарды. «Ұлытау» тобының продюсері - әнші Қыдырәлі Болманов.
9 жыл бұрын (2005) Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Ислам мәдени орталығының ашылу рәсімі болып өтті. Оған сонымен қатар Катар Мемлекетінен келген арнайы өкілі Мұхаммед әл-Имади қатысты.
8 жыл бұрын (2006) Отырар мемлекеттік мұражай-қорығы тарихи ескерткіштерінің электрондық тізімдемесі жасалды. Жобаны ұйымдастырушы - Ә.Марғұлан атындағы Археология институты. Қорықтың картасын жасау үшін ғарыштан жерсерік арқылы түсірілген суреттер, сонымен қатар стереофотографиялар пайдаланылған. Мұндай нысанның толық сипаттамасы Қазақстанда алғаш рет жасалынған. Болашақта ғалымдар осындай тізімдемені «Әзірет Сұлтан» мұражай-қорығына, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстанның басқа мұражайлары мен тарихи-мәдени ескерткіштеріне жасауды қолға алмақ.
6 жыл бұрын (2008) Ыстамбұлда Қазақстанның Мәдениет үйі мен қазақ тілін үйрену орталығы ашылды. Ыстамбұлда тұратын қазақ диаспорасының өкілдері мен Түркия Республикасының ниет білдіруші азаматтары осы орталықта қазақ тілін үйренуде. Түркиядағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің бастамасы мен өтінішіне орай Ыстамбұл қаласының муниципалитеті Топқапы бағында Қазақстанның Мәдениет үйі мен қазақ тілін үйрену орталығына арнайы ғимарат ұсынды.
5 жыл бұрын (2009) Молдабек Жанболатовтың көктем мейрамы тарихынан сын шертетін «Наурызнама» деп аталатын жаңа кітабы жарық көрді.
Бұл Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы алғашқы халық театрын және «Қаламқас» ансамблін жаңғыртушы ардагер-ұстаздың, қоғам қайраткерінің ұзақ жылғы еңбегінің жемісі. Наурыз мейрамының шынайы дәстүрін, ғылыми-тарихи және фольклорлық тұрғыдан зерттеуге байырғы ұстаз өзінің 20 жыл уақытын сарп етті. Жаңа кітапты жазу үстінде ол «Авеста» ежелгі ирандық ескерткішінде, фольклорлық аңыздар мен түркі тілдеріндегі энциклопедияларда Наурыз туралы айтылған нақтылы мәліметтерді тапқан.
Молдабек Жанболатов өзінің «Наурызнама» деген кітабында оқырмандарға Наурыз мейрамы тек Түркия мен Түркістанда ғана емес, Кавказда, Ауғанстанда, Иранда және Үндістанда аталып келгенін көне құжаттарға сүйене отырып дәлелдеген.
ЕСІМДЕР
10 9 жыл бұрын (1905-1996) ғалым, түркітанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Түркіменстанның, Қарақалпақстанның, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері БАСКАКОВ Николай Александрович дүниеге келді.
Ресей Федерациясында туған. Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген.
Баскаков көп жыл бойы КСРО ҒА Тіл білімі институтында бас ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. 1920-1930 жылдары Түркі халықтарының тілі жөнінен деректер жинау мақсатында Қарақалпақстан, Ойрат автономды облысы (Таулы Алтай автономды облысы) Оңтүстік Қазақстан, Қырғыстан, Дағыстан, Солтүстік Кавказ жерлерін аралады. Баскаков - түркі тілдерін жан-жақты зерттеген ғалым. Ол «Түркі тілдері» деген еңбегінде түркі тілдерінің даму тарихын кезеңдерге бөліп, грамматикалық, лексикалық, фонетикалық, ерекшелігін кеңінен анықтады. Еңбек төрт бөлімнен тұрады: 1) түркі тілдеріне қатысты тарихи-салыстырмалы және салыстырмалы зерттеулерге шолу; 2) түркі тілдерінің қалыптасуы мен даму кезеңдері; 3) түркі тілдері мен диалектілерін Батыс ғұн бұтағы, Шығыс ғұн бұтағы деп екіге бөліп топтастыру; 4) әр топтағы түркі тілдерінің топтастырылу үлгісін, дамуын көрсететін кестесін, дауысты, дауыссыз дыбыстарының транскрипциясын, түркі халықтары мен тілдерінің тізбесін жасады.
Баскаков түркі тілдерінің фонологиясын, морфологиясын, типологиялық сипатын, топонимия мен антропонимия мәселелерін зерттеп, жеке монографиялар жариялады. Алтай тілінің солтүстік диалектісін және құман, қарақалпақ диалектілерін зерттеді. Алтай, гагауз, қарайым, қарақалпақ, ноғай, ұйғыр, хакас тілдерінің аударма сөздіктерін жасауға қатысты. Баскаков - әлем шығыстанушылары арасында өзіндік орны бар ғалым. Ол - Финн-угор қоғамының корреспондент мүшесі, Орал-Алтай қоғамының, Венгрия ориенталистері ғылыми қоғамының, Ұлыбритания, Ирландия, Польша ориенталистері, Азия және Түркі лингвистикалық қоғамдарының құрметті мүшесі.
8 8 жыл бұрын (1926-1993) актер, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері ҚҰЛАНБАЕВ Мәкілқожа Иманәліұлы дүниеге келді.
Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Алматы театр училищесін бітіргеннен кейін Қызылорда облыстық қазақ драма театры труппасында қызмет атқарған. 1948 жылдан Қазақтың мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театры құрамында еңбек етті. Алғашқы рөлі Қуыршақ сатушыны (А.Толстой, «Алтын кілт») ойнап, актерлік талантын танытқан ол театр сахнасында Есен, Назарбек (М.Әуезов, «Еңлік - Кебек», «Алуа»), Әбутәліп (С.Мұқанов, «Мөлдір махаббат»), Қоңқай (Ғ.Мүсірепов «Ақан сері - Ақтоқты»), т.б. бейнелерін сомдады. Сонымен қатар көркем фильмдерге түсіп, Бала («Райхан»), Қаратай («Менің атым Қожа»), Ыдырыс («Балалық шаққа саяхат»), Ермат («Алтын күз»), т.б. рөлдерімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Қазақ радиосындағы радио-қойылымдарға қатысып, балаларға арналған «Ойлан, тап» атты радио ойынында Жұмбақбай атайдың бейнесін жасады.
«Құрмет белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған.
7 8 жыл бұрын (1936) Мұхамеджан Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы қаржы, есеп және аудит кафедрасының профессоры, экономика ғылымының докторы, Халықаралық сақтандыру бизнесі және әкімшілік академиясының, «Еуразия» ХЭА-ның академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген экономисі, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Еуразия» ХЭА сыйлығының лауреаты ЖҮЙРІКОВ Кеңес Қажгерейұлы дүниеге келді.
Семей қаласында туған. Семей қаржы-экономика техникумын, Алматы халық шаруашылығы институтын, Мәскеу және Ленинград қаржы-экономика институттарының біліктілікті көтеру факультеттерін бітірген.
1963-1979 жылдары Қазақстанның Қаржы министрлігі жүйесінде жауапты қызметтер атқарған. 1979-1996 жылдары - Мемлекеттік сақтандыру басқармасы бастығының орынбасары, бастығы, Мемлекеттік сақтандыру компаниясы басқармасының төрағасы. 1996-1998 жылдары - «Сенім» сақтандыру компаниясының президенті. 1998-2000 жылдары - Алматы экономика институты кафедрасының меңгерушісі. Қазіргі қызметінде 2000 жылдан бастап істейді.
370-тен астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 9 монографияның, 10 оқулық пен оқу құралының, қаржылық сақтандыру тақырыбына арналған 39 оқу-әдістемелік құралының және кітапшаның авторы. Ғылыми еңбектерінің негізгі бағыт жекешелендіру үдерісіндегі сақтандырудың мәні мен түрлеріне арналған. Ол сақтандыру саласында алғаш рет нарықты, бизнесті және сақтандыру шараларын біртұтас қарастыра отырып, нарықтық экономикаға көшу кезеңінде республикадағы сақтандыру үдерісіне экономикалық талдау жасады.
Халықаралық «Сақтандыру профессионалы» алтын медалімен марапатталған.
7 2 жыл бұрын (1942) Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер мұражайының жетекші ғылыми қызметкері БАРМАНҚҰЛОВА Баян Кәрібайқызы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің өнер тарихы бөлімшесін бітірген. «Үкі Әжиев», «Қазақстан акварелі», Қазақстанның бейнелеу өнері», «Қазақстандық портрет өнеріне жүз жыл», «Есімдер достастығы», «Марат Бекеев», «Әбдірашит Сыдыханов» кітап-альбомдарының, көптеген мақалалардың, жарияланымдардың авторы.
1965 жылдан - Т.Шевченко атындағы Қазақ Мемлекеттік көркемсурет галереясының аға ғылыми қызметкері. 1967-1969 жылдары - УКСР Донецк облысы Горловка қаласындағы көркемсурет галереясының аға ғылыми қызметкері. 1969 жылдан - В.И.Ленин атындағы ҚазПТИ этика және эстетика оқытушысы. 1976-1980 жылдары - Қазақстан Мемлекеттік өнер мұражайының «Өнер кеңесі» бөлімінің меңгерушісі. 1982-1997 жылдары - Алматы сәулет-құрылыс институтының өнер, сәулет, қала құрылысы және мәдениет тарихы оқытушысы. 1999-2005 жылдары - Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының шығармашылық психологиясы және өнер тарихы оқытушысы. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдан бері.
6 6 жыл бұрын (1948-2000) жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ҚАБАНБАЙҰЛЫ Марат дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Зайсан аудандық «Достық» газетінің корректоры, әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, «Лениншіл жас» газетінің тілшісі, «Жалын» баспасының редакторы, Қазақстан Мемлекеттік баспа комитетінің қызметкері, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі, «Парасат» журналының редакторы, «Ана тілі» газеті бас редакторының орынбасары қызметтерін атқарған. Жазушының шығармаларының дені балалар мен жасөспірімдерге арналған. «Бақбақ басы толған күн», «Арыстан, мен, виоленчель және қасапхана», «Жиһанкез Тити», «Пысық болдым, мінеки», «Қала мен қыз бала» атты повестер мен әңгімелер топтамалары, «Көркем дәм», «Айшылық алыс жол» романдары жарық көрді. Шығармалары орыс, украин, молдаван, латыш, неміс тілдеріне аударылған.
6 5 жыл бұрын (1949-1992) әнші, жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының иегері КӘРМЕНОВ Жәнібек дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында туған. Он жасқа толар-толмас шағында туған ел, өскен жерге арнайы сапармен келген М.Әуезовтің алдында ән салып, ұлы қаламгердің батасын алған. Алматыдағы өнер студиясын, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1979 жылдан бастап Ж.Елебеков атындағы эстрада студиясында ұстаздық қызмет атқарып, дарынды әншілердің, орындаушылардың бірнеше буынын тәрбиелеп шығарды. Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваторияда халық әндері кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. Оның «Ақылбайдың әні», «Махаббат әні», «Ғашықтың тілі» атты прозалық кітаптары, өнер адамдары туралы 200-ден астам мақаласы жарық көрді. 1990 жылы «Өнер» баспасынан екі томдық «Халық әндері мен халық композиторларының әндері» атты жинағы шықты. 1980 жылдардың басында «Асыл мұра» сериясы (А.Сейдімбековпен бірлесіп) бойынша телехабар жүргізіп, Ақан сері, Біржан сал, Абай, Мәди, Естай, Әсет, Кенен, Мұхит, Сәкен әндерін жаңаша қырынан, тың толғаммен қалың көрерменге насихаттады. Әншінің «Толғау», «Шыңғыстауға арнау», «Бабалар», «Ағалар-ай», «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» т.б. әндері бар.
6 1 жыл бұрын (1953) ҚР-ның Республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің мүшесі СӘРСЕНҚҰЛОВ Жансейіт дүниеге келді.
Алматы облысында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын, Орталық Азия университетін бітірген. 1993-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Бақылау палатасының инспекторы, аға инспекторы. 1995-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Салық комитеті басқармасының бөлім бастығы, басқарма бастығы. Маңғыстау облысы бойынша салық комитетінің төрағасы. 2001-2002 жылдары - Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары. 2002-2003 жылдары - Маңғыстау облыстық қаржы басқармасының бастығы. 2003-2005 жылдары - Маңғыстау облысы бойынша салық комитетінің төрағасы. 2005 жылы Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына Маңғыстау облысынан депутат болып сайланған.
Қазіргі қызметінде - 2011 жылғы маусымнан бері.
«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.
5 5 жыл бұрын (1959) «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы, журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты СӘРСЕНБАЙ Қали Қошқарұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысының Сарысу ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 1982-1988 жылдары - «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің корректоры, «Өркен - Горизонт» газетінің жауапты хатшысы. 1990-1995 жылдары - «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі, бөлім меңгерушісі. 1995-1997 жылдары - «Парасат» журналы бас редакторының орынбасары. 1997-2005 жылдары «Жас алаш» газеті бас редакторының орынбасары болған. Қазіргі қызметінде 2005 жылдан бастап істейді.
5 5 жыл бұрын (1959) Алматы қаласы бойынша экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес департаментінің бастығы АМАНБАЕВ Әмірхан Тапашұлы дүниеге келді.
Ақмола облысында туған. Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген, заңгер.
Көптеген жылдар бойы республиканың прокуратура органдарында прокурордың көмекшісі, тергеушісі, прокурордың орынбасары, прокурор сияқты жауапты қызметтер атқарды. 1997 жылдан - ҚР Бас прокуратурасы тергеу басқармасы бөлімінің прокуроры. 1998-2001 жылдары - Астана қаласы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің меңгерушісі. 2001 жылы ҚР Бас прокуратурасының әкімшілік, азаматтық және шаруашылық істері бойынша сот қаулылары мен атқарушылық өндірісінің заңдылығын қадағалау департаментінің бастығы. 2002-2007 жылдары - Қостанай облысының прокуроры. 2007-2009 жылдары - Қарағанды облысының прокуроры. 2009-2010 жылдары - ҚР Әділет министрлігінің тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитетінің төрағасы. 2010-2012 жылдары - ҚР Әділет министрінің орынбасары. Қазіргі қызметінде - 2012 жылғы ақпаннан бері
«Құрмет» орденімен (2008); «Астана» (1999), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Астананың 10 жылдығы» (2008) медальдарымен марапатталған. ҚР құрметті прокуратура қызметкері.