22 тамыз. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 22 тамызға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР
Халықаралық дін және сенім-наным негізіндегі зорлық-зомбылық құрбандарын еске алу күні
БҰҰ Бас ассамблеясының 2019 жылғы 13 мамырдағы қарары негізінде жарияланды. Онда дін және сенім-наным негізінде кез келген адамға, оның мүлкі, үйі, мәдени құндылықтарына және т.б қатысты қандайда бір түрде зорлық-зомбылық көрсетуге тыйым салынған.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1832 жылы Ақмола сыртқы округі мен Ақмола дуаны құрылды. Округтің орталығы Есіл өзенінің жағалауындағы Қараөткел шатқалында орналасқан Ақмола бекінісі (1845 жылдан бастап Ақмола станицасы) болды.
1909 жылы Уфа қаласында ақын Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» атты өлеңдер жинағы басылып шықты.
2009 жылы Мәскеуде, Қазақстан Республикасының Ресейдегі елшілігінің резиденциясында белгілі журналист KAazinform агенттігінің меншікті тілшісі Сара Нұрғалиеваның «Теңдік белгісі» кітабы таныстырылды. Деректі повесть қазақстандық ғарышкер, Ресей Батыры және Қазақстанның Халық қаһарманы Талғат Мұсабаевқа арналған. Басылымның алғашқы таралымы 5 мың дана болды. Кітап жоғары және орта оқу орындарына, кітапханалар мен мұражайларға таратылды.
2011 жылы ҚР Ұлттық банкі «Әл-Фараби» (алтын) және «Алдар-Көсе» (күміс) естелік монеталарын айналымға шығарды.
2012 жылы жиырма бес жастағы қазақстандық скрипкашы Ержан Құлыбаев Буэнос-Айресте Халықаралық байқаудың бірінші жүлдесін иеленді.
2014 жылы Алматыда СССР халық әртісі, опералық әнші Ермек Серкебаевтың мемориалдық тақтасы ашылды.
2015 жылы Қазақстанның Түркиядағы елшілігінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған конференция болды. Онда Қазақстан мен Түркияның екіжақты қарым-қатынастары тарихына, Қазақстандағы айтулы оқиғаларға арналған фотокөрме ұйымдастырылды.
2015 жылы ШҚО Қатонқарағай ауданы Қарақаба жазығында Халықаралық түркі академиясы ұйымдастырған «Алтай — алтын бесігім» атты алғашқы халықаралық археологиялық экспедиция аяқталды.
2016 жылы Белградта Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың «Жамбыл. Ұлы дала ақыны» атты кітабы серб тілінде жарық көрді.
2017 жылы Арал маңындағы Қорқыт ата ескерткіш кешенінен қобыздың мүсіні табылды. Ғалымдар 40 сантиметр келетін тас мүсінді оғыздар дәуіріне жатқызды. Ол ІХ-Х ғасырларда портты қала Сортөбе орналасқан жерде жүргізілген археологиялық зерттеулер кезінде табылды.
2017 жылы «Атаулы күндер» сериясымен «Алтын сарбаз» Қазақстан Республикасының алғашқы пошта маркасына 25 жыл» тақырыбындағы пошта маркалары айналымға шығарылды. Пошта маркасында 1969 жылы Алматы маңындағы Есік қорғанында қазба жұмыстарын жүргізу кезінде табылған сақ жауынгері бейнеленген. Ғалымдар бұл қабірдің біздің дәуірімізге дейінгі V–VI ғасырларға жататынын айтады.
2017 жылы қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева Канаданың үздік мәнерлеп сырғанаушылары қатысқан клубтық турнирде ең үздік нәтиже көрсетті. Лиза Toronto CS& CC клубының намысын қорғады.
2019 жылы Алматыда «Central Asia Youth Festival» (CAYF) І Орталық Азия жастар фестивалінің ашылу салтанаты өтті,
«Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты аумағында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Түркиядан 18-29 жас аралығындағы 300-ден астам жас жиналды.
Іс-шара жас көшбасшылардың әлеуетін дамытуға, Орталық Азия жастары үшін тұрақты диалог алаңын құруға, аймақтық интеграцияға, серіктестік қарым-қатынас орнатуға, аймақ елдерінің жастар ресурстарын жұмылдыруға және жастар саясатындағы озық тәжірибемен алмасуға бағытталған.
2020 жылы Клуж-Напока қаласында Қазақстанның Мәдениет күндерінің ашылу салтанаты өтті, ол румын жұртшылығына еліміздің мәдениеті, салт-дәстүрі мен бай тарихы туралы көбірек мағлұмат берді.
Клуж-Напока — Румынияның үлкен экономикалық, әкімшілік және мәдени орталығы. Елдегі екінші ірі қала.
2021 жылы қазақстандық Nomad Stunts тобының каскадерлері Голливудтың «Киллер кодексі» фильміне түсті. Каскадерлер атыс-шабыс көріністеріне қатысып қана қоймай, кейіпкерлерді дубляждады, сонымен қатар олар актер ретінде эпизодтық көріністерге түсті. Атап айтқанда қазақстандық каскадерлар қарақшы, босқын, оққағар, шекарашылар мен бейбіт тұрғындар секілді түрлі бейнелердің рөлін сомдады.
2023 жылы ҚР Қорғаныс министрі Р.Жақсылықов Қырғызстан астанасы Бішкек қаласына жұмыс сапарымен келді. Қорғаныс ведомстволарының басшылары генерал-полковник Руслан Жақсылықов пен генерал-лейтенант Бақтыбек Бекболотов Жеңіс алаңындағы Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Сол күні қорғаныс министрлерінің кездесуі өтіп, онда тараптар өңірлік қауіпсіздік мәселелері мен екіжақты ынтымақтастықтың келешегін талқылады.
2024 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Кеншілер күні қарсаңында отандық көмір өнеркәсібіндегі жемісті еңбегі және шахта құрылысын дамытуға қосқан үлесі үшін бір топ сала қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды. Атап айтсақ, 36 кенші «Құрмет» орденінің иегері атанды, 1 жұмысшы 2-дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен, 27 кенші 3-дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен, 43 адам «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.