22 тамыз. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

22 тамыз, ЖҰМА
Бүгін - Ресей Федерациясының Мемлекеттік туы күні. Қазіргі көк-ақ-қызыл жолақты Ресей туы 1994 жылғы тамыздың 22-сінде мемлекеттік нышанға айналған. Ол туралы Жарлыққа сол кездегі Ресей Президенті Борис Ельцин қол қойған. Алғаш рет бұл түстерді Ұлы Петр алыс қашықтықтан көрінетін болғандықтан, белгі ретінде пайдаланған екен. Кейіннен Бірінші Петр оны Әскери флот туы ретінде бекіткен. Содан соң, ақ-көк-қызыл жолақты ту Ресей сауда флотының туы ретінде бекітіліп, сонымен бір мезгілде ол Ресей мемлекетінің нышанына айналды. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 25 жыл бұрын (1989) Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі қабылдаған «Тіл туралы» Заңға сәйкес, Қазақстан Республикасында қазақ тілі - мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болды. Бұл Заң 1990 жылғы шілденің 1-інде күшіне енді. 12 жыл бұрын (2002) Елбасы Н.Назарбаев Қазақстандағы Италия Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Ф.Пиаджезиді, Қазақстан мен Италия арасындағы достық қарым-қатынастың дамуына қосқан үлесі үшін, Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасымен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. 105 жыл бұрын (1909) Уфа қаласында ақын Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» атты өлеңдер жинағы басылып шықты. 150 жыл бұрын (1864) соғысып жатқан армиялардың жараланған солдаттарына көмектесу жөніндегі Женева конвенциясына 16 мемлекет қол қойды. Конвенция соғыс кезінде әскери госпитальдар мен медицина қызметкерлеріне ешкім тимейтіндеріне кепілдік етті. Олардың ерекшелік белгісі - ақ матадағы қызыл крест. Осылайша Қызыл Крест ұйымы дүниеге келді. 25 жыл бұрын (1989) Литва Жоғарғы кеңесінің арнайы комиссиясы 1940 жылы Латвия, Литва және Эстония КСРО-ға заңсыз түрде қосылған деген қорытынды жасады. 9 жыл бұрын (2005) Павлодар облысы Май ауданының Бозкөл ауылында тәулігіне 10 мың дана кірпіш шығаратын зауыт іске қосылды. 8 жыл бұрын (2006) Ақтөбеде Жамбыл көшесі бойындағы паталогоанатомиялық бюросы ғимаратында медицина ғылымының докторы, профессор Саламат Ахметқалиевке арналған ескерткіш тақта орнатылды. Саламат Ахметқалиев (1936-2005) Ақтөбе медицина институтын бітірген, сосын ассистенттен кафедра меңгерушісіне дейін өскен. 1997 жылы практикалық медицина саласына өтуіне байланысты, ол бiртұтас паталогоанатомия бюросын құрып, сол саланың дамуына өз үлесін қосты. 7 жыл бұрын (2007) Алматыда, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражайында тұңғыш рет үйлену тойының сәнді киімдер үлгісінің көрмесі болып өтті. Ұйымдастырушысы - ресейлік «Интер Групп» компаниясы. Көрменің мақсаты - қазақстандықтарды үйлену тойының сәнді киімдер үлгісін тігетін жетекші өндірушілермен таныстыру, шығармашылық және іскерлік қызығушылықты біріктіру, осы саладағы кәсіби тәжірибені алмастыру және жаңа ұтымды келісім шарттарға қол қою. Шара аясында сәнді киім үлгілерінің шеруі және кішігірім концерт болды. 5 жыл бұрын (2009) Мәскеуде Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Елшілігінің резиденциясында танымал журналист, «ҚазАқпарат» ҰК» АҚ меншікті тілшісі Сара Нұрғалиеваның «Теңдік белгісі» атты кітабының таныстырылымы өтті. Қазақ ғарышкері, Халық Қаһарманы және Ресей Батыры Талғат Мұсабаевқа арналған деректі повестің таныстырылымына орайластырылған кездесуге ұшқыш-ғарышкерлер - Юрий Маленченко, Юрий Батурин, Анатолий Арцыбарский, кітаптың бас кейіпкері Т.Мұсабаев, 1992-1994 жылдардағы Ленинск қаласы әкімшілігінің бірінші басшысы Виталий Брынкин және тағдырлары ұзақ жылдар бойы ғарышты игерумен байланысты болған басқа да тұлғалар қатысты. Кітап «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ тапсырысы бойынша басып шығарылды, бастапқы таралымы - 5 мың дана. ЕСІМДЕР 55 жыл бұрын (1959) АЮБАЕВ Мұхтар Ақатұлы дүниеге келді. Ол Қазақстан Республикасы Республикалық ұланының қолбасшысы қызметін 2014 жылдың сәуір айын дейін атқарды. Алматы облысында туған. Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын, Минск қаласындағы КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жоғары курсын бітірген. Алматы облысы Кербұлақ аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы, Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Шымкент облысы бойынша басқармасының жедел уәкілі қызметтерін атқарған. 1991-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Талдықорған облысы бойынша басқармасының жедел уәкілі, аға жедел уәкілі, хатшылық бастығы. 1995-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті жеке күзетінің бөлімше бастығы, бөлім бастығының орынбасары, бастығы. Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметінің 1-ші департаменті бастығының орынбасары. 2002-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі бастығының орынбасары. 2004-2006 жылдары - Республикалық гвардия қолбасшысының бірінші орынбасары. 2006-2011 жылдары ҚР Әділет министрлігінің ҚАЖ комитетінің төрағасы. 2006-2013 жылдың наурызы - Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметінің бастығы. 2-ші дәрежелі «Айбын» орденімен, медальдармен марапатталған. 59 жыл бұрын (1955) жазушы, журналист, «Үркер» журналының бас редакторы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы проза кеңесінің мүшесі ТҮМЕНБАЙҰЛЫ Қуандық дүниеге келді. Қызылорда облысының Шиелі ауданынында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Мәскеудің М.Горкий атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғары курсты бітірген. «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде тілші, Жалын баспасының редакторы, Алматы облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі, «Жұлдыз» журналының бөлім редакторы, «Алматы ақшамы» газеті Бас редакторының орынбасары, Қазақстан Республикасының Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінің Бас редакторы, Халықаралық журналистика институтында оқытушы, «Ақиқат» журналының редакторы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2008 жылдан бастап. «Қайын сапты кетпен», «Шоқты көрік», «Жүрдек поезд», «Каникулды күткен қыз», «Жігіттің Көктөбесі» атты повестер мен әңгімелердің, «Қанаты күйген қызғыш құс» деректі повестінің, «Сотталған домбыра», «Жібек жолы» әңгімелердің, «Көз», «Қобыздың мұңы» хикаяттар мен әңгімелердің, «Жасыл жанып тұрғанда» роман және әңгімелердің, «Сөздік-словарь» авторы. Халықаралық «Алаш», «Сорос-Қазақстан» сыйлықтарының лауреаты. Қызылорда облысы Шиелі ауданының Құрметті азаматы. 59 жыл бұрын (1955) физика-математика ғылымының докторы, Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Атом энергетикасы комитетінің Анализ және қадағалау басқармасының бастығы ДОНБАЕВ Қалдыбек Мамытұлы дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Новосібір мемлекеттік университетін бітірген. 1977-1996 жылдары - Қазақ КСР ҒА-ның ядролық физика институтының (қазіргі Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы) ғылыми қызметкерi, 1996-1999 жылдары - Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығының Атом энергиясы институтының ғылыми жұмысы жөніндегі директордың орынбасары, 1999-2000 жылдары - Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы бас директорының орынбасары, 2000-2006 жылдары - Ауыр иондар үдеткіші негізіндегі Салааралық ғылыми-зерттеу кешенінің және Астана қаласындағы ядролық физика институты бөлімшесінің (қосымша) жетекшісі, 2000-2006 жылдары - Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ физика кафедрасының меңгерушiсі, 2006-2009 жылдары - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің ғылыми және ғылыми-техникалық даму қызметін бақылау басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. Қазаіргі қызметінде - 2009 жылдың мамыр айынан бастап. «10 жыл Астана» мерейтойлық медальмен, «Қазақстан Республикасы ғылымының дамуына қосқан еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасы білімінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған. 68 жыл бұрын (1946-1973) ақын, жырау, қазақ ауыз әдебиетінің өкілі РҮСТЕМБЕКҰЛЫ Көшеней дүниеге келді. Қызылорда облысының Қармақшы ауданында туған. Қызылорда педагогикалық институтын бітірген. Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында, Ресей Ғылым академиясының М.Горький атындағы Әлем әдебиеті институтында жұмыс жасаған. Ақын «Көрұғлы», «Рүстем-дастан», «Қобланды батыр», «Алпамыс батыр», «Қыз Жібек» сияқты жыр-дастандарды, Базар жырау, Кете Жүсіп, Жиенбай жырау, Тұрмағамбет т.б. швғармаларын жатқа айтып, ел арасына таратты. Шығармаларының біразы «Қазақтың қазіргі халық поэзиясы», «Жамбыл және қазіргі халық поэзиясы» жинақтарында жарияланды. 68 жыл бұрын (1946) ҚР Парламентінің Беларус, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан Парламентаралық комитетіндегі өкілі, техника ғылымдарының кандидаты, Петров ғылым және өнер академиясының мүшесі БӘКЕНОВ Халел Закарияұлы дүниеге келді. Астана қаласына туған. Леннинград инженерлік-қүрылыс институтын бітірген. Қарағанды политехникалық институтында ассистент болды. 1969-1976 жылдары - Леннинград инженерлік-қүрылыс институтында кіші ғылыми қызметкер, аспирант болды. 1976-1993 жылдары - Ленинград құрылыс институтында, Санкт-Петербор сәулет-құрылыс университетінде кіші, аға, жетекші ғылыми қызметкер. 1993 жылдан - ҚР Жоғарғы Кеңесінің, Парламентінің ТМД Парламентаралық ассамблеясындағы өкілі, 1995 жылдың ақпанынан - ТМД Парламентаралық ассамблеясы кеңесі бас хатшысының орынбасары, 1996 жылғы мамырдан ҚР Парламентінің Беларус, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан Парламентаралық комитетіндегі өкілі. Қазақстан геотехникалық қауымдастығының вице-президенті, Санкт-Петербор мен Ленинград облысы Қазақ қоғамының президенті. 2-дәрежелі «Достық» орденімен, ТМД Парламентаралық ассамблеясының және Кеден одағы мемлекеттерінің Парламентаралық комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 120-дан астам ғылыми жұмыстардың авторы. 51 жыл бұрын (1963) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары ЖОШЫБАЕВ Рәпіл Сейітханұлы дүниеге келді. Қырғыз Мемлекеттік университетін, Санкт-Петербург Экономика және қаржы университетін бітірген. Экономика ғылымдарының докторы. Ағылшын тілін меңгерген. Бірінші сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломаттық дәрежесі бар. 1985 жылдан ғылыми жұмыспен айналысқан.1993 жылдан - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық экономикалық қатынастар басқармасының үшінші хатшысы, екінші хатшысы. 1996 жылдан - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі ТМД департаментінің бөлім бастығы. 1998 жылдан - Қазақстан Республикасының Балтық елдеріндегі Елшілігінің бірінші хатшысы, кеңесшісі. 2000 жылдың тамызынан - Қазақстан Республикасы Президентінің Протокол қызметі бастығының орынбасары. 2003 жылдың шілдесінен - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Конфессияаралық қатынастар жөніндегі бөлімінің меңгерушісі. 2004 жылдың қазанынан Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары. 2007 жылдың қазанынан Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы.2013 жылғы ақпаннан - Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесінің комиссары. Қазіргі қызметінде - 2013 жылғы мамыр айынакн бері. «Достық» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталған. 53 жыл бұрын (1961) «Қазақстан» РТРК» АҚ Қостанай облыстық филиалының директоры ҚАЗИН Манарбек Ауанұлы дүниеге келді. КСРО-ның 50 жылдығы атындағы Қостанай педагогикалық институтын бітірген, осында мұғалім, тағылымдамадан өтуші-зерттеуші болды. М.Горький атындағы Челябі мемлекеттік пединститутының педагогика кафедрасы жанындағы аспирантурасын бітірді. Челябі мемлекеттік университетінде педагогика тарихы және теориясы мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғады. Аспирантураны бітіргеннен кейін Қостанай пединститутінде аға оқытушы болып жұмыс жасады. 1994 жылы А.Байтұрсынов атындағы мемлекеттік университетінің физикалық-техникалық факультеті деканының орынбасары. 1996 жылы доцент ғылыми атағы берілді. 1996 жылдан - Қостанай облысы әкімдігінің ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің меңгерушісі. 1997 жылдан - Қостанай қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары. 2003 жылғы желтоқсаннан - «Қазақстан» РТРК» Қостанай облыстық филиалының директоры. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған. 48 жыл бұрын (1966) Республикалық ұланның Президенттік оркестрінің әртісі - Астана қаласы филармониясының концерт шараларын жүргізуші ЖҮЗБАЕВА Жансұлу дүниеге келді. Көкшетау облысы Щучье ауданы Жаңажол ауылында туған. Алматы республикалық эстрадалық-цирк өнері студиясын (1987) сөйлеу жанрының әртісі мамандығы бойынша; Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия үлттық университетін (2006) «Педагогика және психология» мамандығы бойынша бітірген. 1987 жылдан - Жамбыл атындағы Алматы филармониясының әртісі. 1990 жылдан - Құрманғазы атындағы ұлттық академиялық халық аспаптары оркестрінің әртісі. 1998 жылдан бері - Республикалық гвардияның Президент оркестрі сөйлеу жанрының әртісі - Астана Мемлекеттік филармониясының концерттік іс-шараларды жүргізушісі. «Азия дауысы» халықаралық конкурсының, «Жас қанат» республикалық конкурсының, «Шабыт» халықаралық шығармашылық жастар конкурсының, М.И. Глинка атындағы халықаралық классикалық әуендер конкурсының, Астана қаласы Мемлекеттік филармониясының республикалық би жанрлары конкурстарының, жеке ән айту және шығармашылық концерттердің жүргізушісі. Бүкілресейлік конкурстың лауреаты (1988). Астана қаласы әкімінің алғыс хаттарын алған (2000). 94 жыл бұрын (1920 - 2012) американдық фантаст-жазушы Рэй БРЭДБЕРИ дүниеге келді. 86 жыл бұрын (1927) ресейлік актриса Ирина СКОБЦЕВА дүниеге келді.