22 желтоқсан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 22 желтоқсан. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2016 жылғы 22 желтоқсанға арналған күнтізбесін ұсынады.
None
None

22 желтоқсан БЕЙСЕНБІ

Дунчжицзе қыс күндерінің тоқырау мейрамы. Жыл сайын қыстағы күннің тоқырау күні желтоқсанның 21-і мен 22-і аралығына келеді. Қыстағы күннің тоқырау күні жылдың ең қысқа күні және ең ұзақ түні болып есептеледі. Ежелгі Қытайда осы уақыттан бастап табиғаттың «еркектік күші» көтеріледі және жаңа кезең басталады деп есептелген. Сондықтан қыстағы күннің тоқырауы ең бақытты күн және тойлауға лайықты мейрам деп саналады.

Зимбабвенің бірігу күні. Бұл мереке 1997 жылы пайда болды және 1987 жылғы елдің екі басты саяси күштері - Зимбабве африкалық халық одағы (ЗАПУ) мен Зимбабве Африкалық ұлттық одағы (ЗАНУ) бірігу күніне арналған.

Энергетик күні. Ресейде, Украинада, Арменияда, Беларусьта және Қырғызстанда аталып өтіледі. Кәсіби мереке 1966 жылғы мамырда КСРО өмір сүріп тұрған кезде пайда болды. Ол кезде энергетик күні 1920 жылғы Ресейді электрландірудің мемлекеттік жоспары қабылданған күнге орайластырылған болатын.

Вьетнамдағы ұлттық қорғаныс күні. Мереке Вьетнам халықтық армиясының 1944 жылы құрылуына арналған. 22 желтоқсанда Во Нгуен Зиала басқарған Вьетнам тұрақты қарулы күштерінің алғашқы жасағы құрылды.

Индонезиядағы ана күні. 1953 жылы президент Сукарно 1928 жылғы Индонезия әйелдер конгресінің 30 жылдығына орай белгіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

24 жыл бұрын (1992) «Қазақстан Республикасының қорғанысы мен Қарулы Күштері туралы» Заң қабылданды.

17 жыл бұрын (1999) Алматыда белгілі ғалым Евней Арыстанұлы Бөкетов өмір сүрген үйінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Академик Е.Бөкетов (1925-1983) 9 ғылыми монография жариялады. Шәкірттері дайындаған 14 монографияға басшылық етті. Өз пікірлестерімен бірігіп, 242 ғылыми еңбек жазып шықты. 100 авторлық куәлігі бар. Кейбір жаңалықтарына АҚШ, Франция, Англия, Канада, Австралия, Италия, Германия мен Жапонияда патент алды. Бұл жаңалықтар әлі де өз пайдасын алып келуде.

16 жыл бұрын (2000) «Айгөлек» балалар журналының алғашқы саны жарық көрді.

16 жыл бұрын (2004) Өзбекстанда Брайл әрпімен терілген Құран басып шығарылды. Бұл кітап көзі көрмейтін және көзі нашар көретін адамдарға мұсылмандардың қасиетті кітабының уағыздарын оқуға мүмкіндік береді.

11 жыл бұрын (2005) «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Прогресс» ғарыш аппаратымен «Союз» зымырантасымалдағышы ұшырылды.

11 жыл бұрын (2005) Новосібірде қазақ қарпімен басылған «Ұлы Абайға адалдық» кітабының ілкі данасы Семейге жеткізілді.

Кітаптың баспадан шығуына Абай республикалық қоры жәрдемдесті. «Ұлы Абайға адалдық» кітабында Абай өмір сүрген кезеңнің белгілі оқиғалары мен бүгінгі күнге дейін жарық көрмеген материалдар да қамтылып отыр, яғни Абайдың тікелей ұрпағы - Мінаш Ысқақованың естеліктерін айтуға болады.

9 жыл бұрын (2007) Петропавлда Қазақстанның және Якутияның көрнекті мемлекет қайраткері Максим Амосовқа ескерткіш тақта орнатылды.

Максим Амосов (1897-1938) Батыс Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитеттерінің, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болған. Қазақстан экономикасының дамуына, босқын-қазақтардың туған жеріне оралуына, оларды баспанамен және жұмыспен қамтамасыз етуге үлкен үлес қосқан азамат. Голощекиннің саясатына наразы болғандардың бірі. Тұрар Рысқұловпен және Сәкен Сейфуллинмен дос болған. 1938 жылы Қырғызстанда репрессияға ұшырап, кейіннен атылып кеткен.

8 жыл бұрын (2008) Қызылордада ТМД елдерінде баламасы жоқ күріш кеспесін өндіретін зауыт ашылды. Кеспені өндіру кезінде күріштің барлық түрі пайдаланады. Өнім Америка мен Еуропа елдерінде жоғары сұраныста.

8 жыл бұрын (2008) Оралдағы Д.Қонаев атындағы ықшамауданда Кеңес Одағының Батыры Михаил Абдоловқа ескерткіш тақтасы орнатылды. М.Абдолов (1918-2006) барлаушы болып қызмет атқарды, Волгадан Берлинге дейін соғысқа қатысқан.

7 жыл бұрын (2009) Алматы қаласында физика-математика пәндері тереңдетіп оқытылатын «Абылай - Т» гимназиясы салтанатты түрде ашылды.

Жаңа гимназия 300 оқушыға лайықталған. Қазақ тілімен қатар әлемдік қолданыстағы қытай, ағылшын тілдерін жоғары дәрежеде үйретеді. Оқу ғимараты сапалы білім беру негізінде қазіргі заман үлгісіндегі материалдық-техникалық базамен жабдықталған. Оқушыларды 3 мезгіл тамақпен қамту мен мектепке әкелу мен үйлеріне жеткізіп салу қарастырылған.

ЕСІМДЕР

213 жыл бұрын (1803-1872) танымал күйші ДӨНЕНБАЙҰЛЫ Бисенбі дүниеге келді.

Ол 1840 Үштас жайлауында халық қадірлеген төрт бидің бірі болып сайланған. Алтай, Тарбағатай, Баян Өлгий аймағындағы қазақтардың саяси-әлеуметтік тағдырын шешкен келелі істердің басы-қасында болған. Оның «Жеке батыр», «Кеңес», «Ажар», «Ақ жал, кәрі боз», «Арман», «Майда қоңыр», «Толғау» және тағы басқа күйлері бар.

158 жыл бұрын (1858-1924) итальян композиторы Джакомо ПУЧЧИНИ дүниеге келді.

157 жыл бұрын (1859-1919) Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері ҚҰЛМАНОВ Бақтыгерей дүниеге келді. Жәңгір мектебін, Санкт-Петербургтегі Император университетінің Шығыс факультетін тәмамдаған. 1887 жылы ғылым кандидаты атағын алып, көп уақыт Бакудегі түрлі сайланбалы жауапты жұмыстарда болды. Б.Құлманов 1906-1907 жылдары І Мемлекеттік және ІІ Мемлекеттік Думаларға Ішкі орда қазақтарынан депутат болып сайланып, мұсылман фракциясын басқарған. 1917 жылғы сәуірдің 23-нен желтоқсанның 2-не дейін Бөкей ордасындағы уақытша үкіметтің комиссары болды. 1917 жылғы желтоқсанның 3-7 аралығында Орынборда өткен жалпықазақ съезінде президиум басқарып, Алашорда үкіметінің төрағалығына Ә.Бөкейхановпен бірге ұсынылды.

111 жыл бұрын (1905-1985) географ, геоморфолог, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген қайраткері, КСРО Ғылым Академиясының академигі, профессор, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Болгар Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, Польша, Сербия, Ұлыбритания, Австрия, Италия, Колумбия, Шотландия мемлекеттері географиялық қоғамдарының құрметті мүшесі ГЕРАСИМОВ Иннокентий Петрович дүниеге келді.

Ленинград университетін бітірген.

1926 жылы КСРО Ғылым Академиясының экспедициясы құрамында Қазақстанға келіп, Жем, Шаған өзендері аңғарларының пайда болу тарихын және онда төрттік кезең шөгінділерінің таралуын зерттеді. Қазақ жеріндегі далалы және шөлейтті аймақтың топырақ аймағын тұңғыш рет сипаттады. Арнаулы геоморфологиялық зерттеулердің нәтижесінде Каспий деңгейінің өзгеруі геологиялық факторларға байланысты екенін көрсетті.

Негізгі еңбектері палеогеография, геоморфология және топырақ географиясына арналған. Ол Қазақстан жері мен Батыс Сібірдің тың және тыңайған жерлерін игерудің, сол аймақтардың жер қыртысындағы топырақ эрозиясымен күресудің ғылыми негіздерін құруға үлес қосты.

2 рет Ленин орденімен және басқа да орден, медальдармен марапатталған.

108 жыл бұрын (1908-1987) мемлекет қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері БЕЙСЕБАЕВ Мәсімхан дүниеге келді.

Алматы облысы Қарасай ауданында туған. Алматы ауыл шаруашылығы техникумын, СОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебін бітірген. Ұзақ жылдан бойы лауазымды қызметтер атқарып, Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасы, КСРО Дайындау халық комиссариатының Қазақ КСР-і жөніндегі өкілінің бірінші орынбасары, Қазақстан Коммунистік партиясы Ақмола облыстық комитетінің екінші хатшысы, Көкшетау және Алматы облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшысы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары және төрағасы қызметтерін атқарған. Ол 20-шы ғасырдың 60-шы жылдарының 2-ші жартысында Қазақстандағы шаруашылық реформалардың жүзеге асырылуына елеулі үлес қосты. Бейсебаев басшылығымен Қазақстан титан, магний, синтетикалық каучук, полиэтилен, тағы басқа өндіріс түрлері қолға алынды. Өскемен конденсатор, Кентау трансформатор, Семей кабель зауыттары іске қосылды. Химия өнеркәсібі қуатты салаға айналып, Маңғыстаудағы мұнай және газ орындары игеріле бастады. Жеңіл және тамақ өнеркәсібі дамып, көлік, байланыс жүйелері жақсарды. Рудный, Ақтау сияқты жаңа қалалар бой көтерді. Қапшағайдың қала болып қалыптасуына, Қапшағай ГЭС-ін салдыруға үлкен үлес қосты. 1965 жылы Мәскеуге арнайы барып, Одақтың энергетика министрлігімен келісіп, ресми ортақ құжатқа қол қойдырып, ГЭС-тің ертерек іске қосылуына жағдай жасады. Қаланың құрылыс ұйымдарын, тұрғын үйлер тұрғызуды, әлеуметтік нысандарды, демалыс орындарын ретке келтірді. Арнайы шешім қабылдап, Қапшағай балық зауытын салдырды. Бейсебаев Қытайдан Қазақстанға оралған 20 мыңнан астам отандастарымызды қабылдап, атамекенге орналастыруда зор еңбек сіңірді.

Көптеген ордендермен, медальдармен марапатталған.

101 жыл бұрын (1915-1970) кен ісі саласындағы ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор ШӘРІПОВУақит Шәріпұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысы Егіндібұлақ ауданында туған. Қазақ тау-кен-металлургия институтын бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

1947 жылдан Қазақ КСР Ғылым Академиясы Тау-кен ісі институтының ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі болды.

Негізгі ғылыми жұмыстары жер астынан кен қазу жұмыстарын механикаландыруға арналған. Оның 100-ден астам ғылыми еңбегі, оның ішінде 3 монографиясы жарық көрген.

2-дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және медальдармен марапатталған.

101 жыл бұрын (1915-1999) геолог- ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ЛИ Виталий Гаврилович дүниеге келді.

Қазақ тау-кен институтын бітірген.

1941-1962 жылдары Қазақстан мен Ресейдің бірқатар кен-металлургиялық және геологиялық ғылыми-зерттеу орталықтарында, 1962-1999 жылдары Қазақстан ҰҒА Қаныш Сәтбаев атындағы Геология институтында жұмыс істеген.

Негізгі ғылыми еңбектері түсті және сирек кездесетін металдар барлау, Успен кентасты белдеуін геологиялық-геофизикалық және металлогендік зерттеу мәселелеріне арналған. Сонымен қатар Саяқ мыс кен орнын ашқан. 122 ғылыми еңбектің, соның ішінде 3 монографияның авторы.

77 жыл бұрын (1939) орыс кардиохирургі, ғалым және медицина ғылымдарын ұйымдастырушы, академик БОКЕРИЯ Лео Антонович дүниеге келді.











62 жыл
 бұрын (1954) ҚР Парламенті Мәжілісінің VI  шақыртылымының депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі ӨКСІКБАЕВ Омархан Нұртайұлы дүниеге келді.  

Алматы облысы Балқаш ауданы Көктал ауылында туған. 1975 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын «экономист» мамандығы бойынша бітірді. 1991 жылы Францияда (Парижде) «Нарықтық экономикадағы аудиторлық қызмет» мамандығы бойынша білім алды.  Экономика ғылымдарының докторы. 1976 - 1977 жылдары ГДР-дағы Кеңес әскерлері тобының құрамында әскери қызмет атқарды. 1977 - 1979 жылдары - Алматы облыстық қаржы басқармасында аға экономист. 1979 - 1984 жылдары - Алматы облысы Балқаш ауданының «Тыңға 25 жыл» кеңшарында бас экономист, Алматы облыстық суармалы жерлерді игеру басқармасының жоспарлау-экономика бөлімінің бастығы. 1984 - 1992 жылдары - ҚР Қаржы министрлігінің аға бақылаушы-тексерушісі, бас бақылаушы-тексерушісі, ұйымдастырушылық-инспекторлық бөлімінің бастығы, басқарма бастығының орынбасары. 1992 - 1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қаржылық бақылау комитетінің басқарма бастығы. 1996 жылғы ақпан - сәуір айлары аралығында - ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекетаралық қатынастар басқармасының бастығы. 1996 - 1998 жылдары - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі. 1998 - 2000 жылдары - Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік комиссиясының мүшесі. 2000 - 2002 жылдары - ҚР Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының орынбасары. 2002 жылғы ақпан айынан бастап - ҚР Президенті Әкімшілігінің Бас бақылау инспекциясының басшысы. 2002 жылғы шілде - 2003 жылғы маусым аралығында - Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы. 2003 - 2012 жылдары - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Төрағасы. 

2012 жылғы 21 қыркүйек айынан бастап - бесінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған. «Құрмет» орденімен (2004), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Тыңға 50 жыл» (2004), «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» (2005), «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» (2006), «Астананың 10 жылдығы» (2008), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011) мерекелік медальдарымен, III дәрежелі «Қаржы сақшысы» ведомстволық медалімен (2011), II дәрежелі «Қаржы сақшысы» ведомстволық медалімен (2012) марапатталған.

62 жыл бұрын (1954) ҚР Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалары мұрағатының директоры СЕЙІТОВА Алла Федоровна дүниеге келді.

Қарағанды облысында туған. Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін, Мәскеу мемлекеттік тарих-мұрағат институты жанындағы құжаттану факультетінің екіжылдық курсын бітірген.

ҚР Ұлттық мұрағат қорының аудиовизуальдық құжаттарын сақтау және пайдалану жөнінде ғылыми жинақтарда, мұрағат саласындағы арнайы журналдардағы, газеттердегі 40-тан астам жариялапнымның авторы. Көптеген телерадио бағдарламаларына қатысты. 1975 жылдан - Талдықорған қаласында орта мектепте орыс тілі мен әдебиеті оқытушысы. 1978 жылдан - ҚР Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалары мұрағатының аға мұрағатшысы, бөлім бастығы, директордың орынбасары. Қазіргі қызметінде - 1995 жылдан бері.

«Мұрағат ісінің үздігі» белгісімен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің грамоталарымен марапатталған, Мәдениет қайраткері.

Соңғы жаңалықтар