23 қаңтар. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 23 қаңтарға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

16 маусым. Жылнама
Коллаж: Kazinform

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Қолмен хат жазу күні (Қолжазба күні)

Бүгінде баспа, цифрлы ақпарат жаулап алған кезеңде ұмыт бола бастаған қолмен жазылған хаттың маңыздылығын көпшіліктің есіне түсіруге арналды. Бұл атаулы күннің күнтізбеге енгізілуіне бастамашылық еткен Жазу құралдарын өндіру қауымдастығы болды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1982 жылы Қазақтың академиялық опера және балет театрында «Ақан сері — Ақтоқты» операсының премьерасы өтті. Алғашқы қойылымда бас партияларды Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Хорлан Қалиламбекова мен Кенжеғали Мыржықбаев орындады. Операның авторы — Сыдық Мұхамеджанов. Либреттосын жазған — Ғабит Мүсірепов.

1992 жылы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі отырысында Қазақстан Республикасын БҰҰ-ға мүше етіп қабылдау туралы қарар қабылданды. 1992 жылғы наурыздың 2-сінде Қазақстан БҰҰ-ның толық мүшесі болды. Айта кетерлігі, Қазақстан бұрынғы Одақ (ССРО) республикалары арасында БҰҰ-ға қабылдау туралы өтініш берген алғашқы ел болды.

1995 жылы Брюссельде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Еуропа ынтымақтастығы кеңесінің төрағасы Ален Жюппе Қазақстан Республикасы мен Еуропа ынтымақтастығы арасындағы серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

2007 жылы Өскеменде Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті ғимаратының алдында Қазақ филологиясының көрнекті қайраткері, қазақ тілі білімінің негізін салушылардың бірі, белгілі түрколог, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәрсен Аманжоловқа орнатылған ескерткіштің ашылу салтанатты өтті.Қола мүсiн ескерткiшi белгiлi қазақстандық сәулетшiлер — Қазақстан өнеріне еңбек сіңірген қайраткер, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор Е. Сергебаев және Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері Б. Әбішевтердің жобалары бойынша орындалған.С.Аманжолов (1903-1958) жоғары оқу орындарында қазақ тілін зерттеуде өзінің түбегейлі үлесін қосып, бағдарламалар мен курстарын енгізген, сонымен қатар мектептер мен университеттерге қазақ тіліндегі бірінші оқулықтарын жасаған түркітанушы.

2008 жылы ҚР Президенті бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің жыл сайынғы «Парыз» конкурсын өткізіп отыру туралы Жарлыққа қол қойды. Қазақстанның жеке кәсіпкерлік субъектілерінің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік принциптерін қалыптастыру мен ілгерілету және оларды осы саладағы ең үздік тәжірибені енгізуге ынталандыру мақсатымен құрылған.

2010 жылы Нью-Йоркте Қазақстан Республикасының бас консулдығы салтанатты түрде ашылды. Рәсімге АҚШ-та аккредиттелген елдер консулдығы қызметтерінің басшылары, БҰҰ жанындағы ТМД мемлекеттері дипломатиялық миссияларының басшылары, АҚШ-тың Мемлекеттік департаментінің, Нью-Йорк бизнес топтарының және мэриясының өкілдері қатысты.

2013 жылы Алматыда 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпиондарына арналған пошта маркалары шығарылды. Маркалар офсеттік әдіспен төрт бояумен, 150 теңгелік номиналмен, көлемі 28×40, 30 мың тиражбен жасалды. Суретшісі — Қуат Ыбырайшин. Пошта маркасына мөр дайындалды.

2015 жылы Мемлекет басшысы «Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника, әдебиет және өнер саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлықтары туралы» Жарлыққа қол қойды.

2017 жылы Астанада Сирия мәселесі бойынша Халықаралық кездесулер өтті. Сирия үкіметі және сириялық оппозиция, АҚШ, Ресей, Түркия, Иран елдерінің өкілдері, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшылығындағы Сирия бойынша арнайы елшісі келіссөздерге қатысатынын мақұлдаған.

2017 жылы Әбу-Дабиде өткен бразилиялық джиу-джитсудан «Abu Dhabi Grand Slam-2017» әлемдік турында Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Айдос Серікқалиұлы алтын медаль жеңіп алды. Турнирдің жүлде қоры — 155 000 доллар.

2019 жылы елордадағы «Нұр әлем» павильонында «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты жастар жылының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жыл бойы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мен жан-жақты қолдауға бағытталған шаралар ұйымдастырылды.

2020 жылы Өскемен қаласында кітапханашылар арнайы тифлокешенде қазақ тілінде бедерлі-нүктелі Брайль қарпімен орындаған «Абай» ақпараттық студиясының ашылуы және Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының тұсаукесері өтті. Барлығы төрт том басып шығарылды, ал бедерлі-нүктелі қаріптің ерекшелігіне байланысты 21 кітап болып шықты.

2020 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі Италияның ANSA ақпарат агенттігімен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.«Біз әлемнің жетекші және ірі ақпарат агенттіктерімен келісімге қол қоямыз. Меморандумға қол қойып отырған ҚазАқпарат France Press, EFE, ТАСС Синьхуа сияқты агенттіктердің қатарына кіреді. Екі агенттік арасындағы ынтымақтастық оқырмандарымызға бір-бірін тереңірек түсінуге және бизнес пен туризм сияқты бағыттарда ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік беретініне өте қуаныштымыз және сенімдіміз», — деп атап өтті Италия ақпарат агенттігінің басшысы Стефано де Алессандри.ANSA — ұлттық және халықаралық іс-шараларды қамтитын Италияның жетекші ақпарат агенттігі. Ақпарат агенттігінің елде 22 жеке кеңсесі бар және өз қызметін әлемнің 74 елінің 80-нен астам қаласында жүзеге асырады.

2021 жылы «Томирис» фильмі Әлемдік каскадерлер академиясының (АҚШ) «Таурус» сыйлығын жеңіп алды. Бұл — каскадерлердің «Оскары» саналатын жоғары марапат. Тұңғыш рет еліміздің тарихында қазақстандық фильм «Шетелдік фильмдегі трюктер қойылымы» номинациясында үздік деп танылды.

2024 жылы Қазақстанның Ұлттық қолжазбалар және сирек кітаптар орталығының мамандары ұлы ойшыл және ғалым Қожа Ахмет Ясауи еңбегінің көшірмесін жариялады. «Рисала Мират әл-Құлып» атты түпнұсқа кітап XII ғасырда араб қарпімен түркі тілінде жазылған және үш тараудан тұрады. Еңбекте әділдік, адалдық және мейірімділік сияқты гуманистік құндылықтар сипатталған. Қазіргі уақытта мамандар Вашингтондағы Конгресс кітапханасынан табылған қолжазбаның XVIII ғасырдағы көшірмесінің қолданыстағы түпнұсқадан қаншалықты ерекшеленетінін зерттеп жатыр.

«Ұлттық қолжазбалар және сирек кітаптар орталығы жазбаша мұраны жинау кезінде әртүрлі мұраны зерттеу әдістерін қолданады. Солардың бірі — интернеттен ежелгі қолжазбалардың, сирек кітаптардың және карталардың электронды нұсқаларын іздеу. Біз шетелдік веб-сайттардағы Қазақстан тарихына қатысты маңызды жазбаша деректердің көшірмелерін анықтаймыз және факсимильді көшірмелер жасаймыз», — деді Ұлттық қолжазбалар және сирек кітаптар орталығының бас сарапшысы Алмат Әбсалықов.

2025 жылы Маңғыстау облысында білім беру сапасы мен тиімділігін арттыру мақсатында «Табысты мектеп» жобасы іске қосылды. Жоба білім беру мекемелеріндегі озық тәжірибелерді насихаттауға, мектеп жетістіктерін анықтауға және мектепаралық бәсекелестікті дамытуға бағытталған. Жоба аяқталғаннан кейін Маңғыстаудағы ең үздік мектепке қызметтік көлік беріледі.

Соңғы жаңалықтар
Референдум