23 қараша. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 23 қараша күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

календарь
Фото: Kazinform

71 жыл бұрын (1954) актер, театр режиссері, кинорежиссер, кинодраматург, Казақстанньң халық әртісі Талғат Досымғалиұлы ТЕМЕНОВ дүниеге келді.

Талғат Досымғалиұлы ТЕМЕНОВ
Фото: 365info.kz

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында туған. Алматы мемлекеттік консерваториясының театр бөлімін, Мәскеудегі бұрынғы КСРО Мемлекеттік кино жанындағы жоғары режиссерлер мен сценарийшілер курсын бітірген.

Талдықорған облыстық драма театры труппасының актері, «Қазақфильм» студиясында режиссердің көмекшісі әрі сценарийші, кинорежиссері, қоюшы кинорежиссері, «Мосфильм» студиясының кинорежиссері қызметтерін атқарған.

1994-2000 жылдары Алматы мемлекеттік театр және кино институтының (Қазақ ұлттық өнер академиясы) ректоры, 2000-2004 жылдары «Қазақфильм» кинокомпаниясының көркемдік жетекшісі, 2005 жылы Қазақтың мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрының директоры, 2014 жылы Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі болды.

Алғаш қойған «Адамдар арасындағы бөлтірік» атты толық метражды көркем фильмі Франкфурт қаласында өткен XV Халықаралық кинофестивальдің Гран-при, Италияда «Күміс аю» жүлдесіне және Португалияда өткен Халықаралық кинофестивалінің арнайы жүлдесіне ие болды.

Оның өзі жазған сценарийі бойынша қойған көркем фильмдері қатарында «Шаңырақ», «Қайдасың сен, Чапай?», «Торо», «Адамдар арасындағы бөлтірік», «Қызғыш құс», «Махаббат бекеті». «Алма бағы», «Көгілдір такси» (С. Сматаевпен бірігіп) пьесалар жазған.

Тарихи тақырыпқа қойылған «Көшпенділер» фильміне режиссер ретінде қатысқан. «Қайырлы таң» және «Гүлназ», «Ой жасын» атты повестер мен әңгімелер жинағының авторы.

«Құрмет» орденімен марапатталған. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (1993).

67 жыл бұрын (1958) «Ахыска» түрік этномәдени орталығының президенті Зиятдин Исмиханұлы ҚАСАНОВ дүниеге келді.

Зиятдин Исмиханұлы ҚАСАНОВ
Фото: assembly.kz

Алматы қаласында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген.

Еңбек жолы: 1981-1995 жылдары ҚазКСР мелиорация және су шаруашылығы министрлігі жүйесінде әртүрлі қызметтер атқарды. 1992 жылдан шетелдік капиталды тарта отырып, бірқатар ірі кәсіпорындар құрды. Өткен кезеңде ол «Kassanov Investment Group» брендімен әртүрлі салада 70-тен астам серпінді дамып отырған кәсіпорындарды біріктірді.

1999 жылдан «Ахыска» түрік этномәдени орталығының президенті.

«Құрмет» (2004) орденімен, 2005 жылы Еуропа жаратылыстану ғылымы академиясының «Алтын қыран» орденімен марапатталды, оған Еуропалық «Күн адамы» университетінің құрметті атағы берілген.

2006 жылы Түркияның «Түркі әлемінде халықаралық байланысты дамытуға, нығайтуға және сақтауға қосқан үлесі үшін» сыйлығы берілді.

63 жыл бұрын (1962) «QARMET» АҚ Бас директоры Вадим Борисович БАСИН дүниеге келді.

БАСИН Вадим Борисович
Фото: Gov.kz

Семей қаласында туған. 1985 жылы Қарағанды политехникалық институтын «Тау-кен жұмыстарын электрлендіру және автоматтандыру» мамандығы бойынша, 1990 жылы Томск автоматтандырылған басқару жүйелері және радиоэлектроника институтын «Өнеркәсіптік электроника» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1986-1995 жылдары металлургия комбинатында электромонтер, 1995-2003 жылдары комбинаттың аглофабрика электр жабдығы бойынша цех бастығының орынбасары, 2003-2011 жылдары «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас энергетигі, 2011-2013 жылдары «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жөндеу жөніндегі директоры болып жұмыс атқарған. 2013 жылы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жөндеу жөніндегі атқарушы директорының орынбасары болды. 2017-2021 жылдары «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры, 2021-2023 жылдары Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымын атқарды. 2023 жылы «Арселор Миттал Теміртау» АҚ басшысының м. а. қызметінде болды.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың желтоқсан айынан бастап атқарып келеді.

«Отан», «Құрмет» ордендерімен марапатталған. «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие.

48 жыл бұрын (1977) ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Ерғали Қуандықұлы ЕГЕМБЕРДІ дүниеге келді.

Ерғали Қуандықұлы ЕГЕМБЕРДІ
Фото: primeminister.kz

Шымкент қаласында туған. Қазақ мемлекеттік заң академиясын, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, Дипломатиялық академияны бітірген, Бостон университетінің (АҚШ) түлегі. Саясаттану ғылымының кандидаты.

Еңбек жолы: 1998-2000 жылдары Астана қаласы Қаржы басқармасының заңгері, 2000-2001 жылдары Астана қаласы әкімдігі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас маманы, 2001-2002 жылдары «Астана — жаңа қала» еркін экономикалық аймағы Бас дирекциясының мониторинг есебі және құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы, Астана қаласы әкімдігінің Сауда басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарған. 2002-2003 жылдары ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Байланыс және ақпарат комитетінің Бухгалтерлік есеп, ұйымдастыру және құқықтық жұмыс басқармасы Заң және кадр жұмысы бөлімінің бастығы, 2004 жылы Астана қаласы Тұрғын үй департаменті бастығының орынбасары, 2004-2006 жылдары Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары, 2006-2007 жылдары Қарағанды облысы Біржолғы талондар беру басқармасының бастығы, 2007-2008 жылдары Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары, 2008-2009 жылдары Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы аудан әкімі, 2009-2010 жылдары Қарағанды облысы әкімі аппаратының басшысы лауазымын атқарған. 2010-2012 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің ұйымдастыру жұмысы және аумақтық даму бөлімінің бас инспекторы, 2012 жылы ҚР Парламенті Мәжілісі аппаратының басшысы, 2012-2013 жылдары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, 2014 жылдың тамыз айынан бастап ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары болған. 2017-2018 жылдары Астана қаласы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы, 2018-2019 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы, 2019 жылы Астана қаласы Сарыарқа ауданының әкімі қызметін атқарды. 2019-2020 жылдары Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданының әкімі, 2020-2022 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, 2022-2023 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары лауазымын атқарған. 2023-2025 жылдары ҚР Қаржы министрлігі аппаратының басшысы болды.

2025 жылдың мамырынан бері қазіргі қызметінде.

47 жыл бұрын (1978) Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов атындағы аудан әкімі Руслан Әкімжанұлы АҢБАЕВ дүниеге келді.

 Руслан Әкімжанұлы АҢБАЕВ
Фото: pkzsk.info

СҚО Тимирязев ауданы Целинное елді мекенінде туған. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдаған. Мамандығы — экономист-менеджер, агроном және юриспруденция бакалавры.

Еңбек жолын 1999 жылы Тимирязев ауданында аудит бөлімінің аға салық инспекторы болып бастаған. 2002-2015 жылдары Есіл, Тайынша, Тимирязев аудандарында салық қызметінде түрлі лауазымдарды атқарды. 2015-2019 жылдары СҚО әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары болды. 2019-2020 жылдары Мамлют ауданын басқарса, 2020-2022 жылдары Тайынша ауданының әкімі болды. 2022-2023 жылдары — Петропавл қаласының әкімі.

2023 жылдың шілде айынан бастап қазіргі қызметінде.

43 жыл бұрын (1982) Абай облысы полиция департаментінің басшысы Эльдар Нұрланұлы ДАНИЯРОВ дүниеге келді.

Эльдар Нұрланұлы ДАНИЯРОВ
Фото: Gov.kz

Қарағанды қаласының тумасы. 2007 жылы С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолы: 2009-2010 жылдары Астана қаласы Ішкі істер департаменті ЖПБ жол полициясы жекелеген мамандандырылған батальонының аға инспекторы, 2010-2014 жылдары Астана қаласы Ішкі істер департаменті Жол полициясы басқармасы тіркеу-емтихан бөлімінің мемавтоинспекторы, 2014-2015 жылдары Астана қаласы Ішкі істер департаменті Әкімшілік полиция басқармасы тіркеу-емтихан жұмыстары бөлімінің аға мемавтоинспекторы, 2015-2016 жылдары Астана қаласы Ішкі істер департаменті Әкімшілік полиция басқармасы тіркеу-емтихан бөлімі бастығының орынбасары, 2016-2019 жылдары Астана қаласы Ішкі істер департаменті Жол полициясы басқармасы тіркеу-емтихан бөлімінің бастығы, 2019-2021 жылдары Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті Тылмен қамтамасыз ету басқармасы бастығының орынбасары болып қызмет атқарған. 2021-2022 жылдары Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті Тылмен қамтамасыз ету басқармасының бастығы, 2022-2024 жылдары бастап Астана қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары болып жұмыс атқарған. 2024-2025 жылдары Астана қаласы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары болып қызмет атқарды.

Қазіргі қызметіне 2025 жылғы қыркүйек айында кірісті.

41 жыл бұрын (1984) Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Бүркітбайұлы АТАМҰРАТОВ дүниеге келді.

Құралбек Бүркітбайұлы АТАМҰРАТОВ
Фото: GOV.kz

Алматы қаласында туған. 2005 жылы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін қоғаммен байланыс мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 2005-2006 жылдарыҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің әлеуметтік технологиялар басқармасының жетекші маманы, 2006-2008 жылдары ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Қоғамдық-саяси жұмыс және қоғаммен байланыс департаментінің саяси жоспарлау бөлімінің жетекші маманы, 2008-2009 жылдары ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі хатшылығының сарапшысы, 2010-2011 жылдары «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ үйлестіру басқармасының сарапшысы, 2011-2012 жылдары «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ үйлестіру басқармасының баспасөз хатшысы, 2013-2018 жылдары «Sana Media» ЖШС бас директоры, 2018-2019 жылдары «Sana Media» ЖШС бас директорының орынбасары, 2019 жылы Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының инспекторы, 2019-2020 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы, 2020 жылы Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, 2020-2021 жылдары «Алаш Production» ЖШС бас директоры болып қызмет атқарды.

Қазіргі лауазымын 2023 жылдың мамыр айынан бері атқарып келеді.

40 жыл бұрын (1985) ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары Ерлан Ибрагимұлы ӘЛЖАН дүниеге келді.

Ерлан Ибрагимұлы ӘЛЖАН
Фото: GOV.kz

2008 жылы Қарағанды «Болашақ» өзекті білім беру институтын Құқықтану мамандығы бойынша, 2014 жылы Қарағанды «Болашақ» университетін Қаржы мамандығы бойынша, 2018 жылы өңірлік әлеуметтік-инновациялық университетін заң ғылымдарының магистрі мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 2009-2011 жылдары Қарағанды қаласы бойынша Әділет басқармасының халықты құжаттандыру және тіркеу бөлімінің жетекші маманы болып жұмыс істеген. 2011-2012 жылдары Қарағанды облысы облыстық соты кеңсесінің № 2 Шет аудандық соты кеңсесінің сот отырысының бас маманы-хатшысы болған. 2012-2013 жылдары ҚР Бәсекелестікті қорғау Агенттігінің Қарағанды облысы бойынша монополияға қарсы инспекцияны тергеу және құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы қызметін атқарған. 2013-2014 жылдары ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің (монополияға қарсы агенттік) заң қызметі департаментінің талап қою жұмысы басқармасының сарапшысы, бас сарапшысы лауазымында болған. 2014-2019 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау Комитетінің бақылау және наразылық-талап-арыз жұмысы басқармасының бас сарапшысы, басшысы болған. 2020-2022 жылдары Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің тергеу департаментінің директоры қызметін атқарды.

Қазіргі лауазымына 2023 жылғы қаңтар айында тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар