23 мың әскери қызметкер мен 2 мың техника: БАӘ өз тарихындағы ең ірі әскери парадты өткізді
АСТАНА. KAZINFORM – Біріккен Араб Әмірліктері өзінің Ұлттық күнін ел тарихындағы ең үлкен әскери шерумен атап өтті. Бұл туралы WAM хабарлады.

Бұл шара Әмірліктің құрылғанына 53 жыл толуына, сондай-ақ әскери қызмет туралы заңның қабылданғанына 10 жыл толуына байланысты өткізілгені атап өтілді. Парадты БАӘ премьер-министрі және Дубай билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум жүргізді.
Сонымен қатар, шараға елдің вице-президенті шейх Мансур бен Заид Әл Нахаян мен Дубайдың тақ мұрагері, Қорғаныс министрі шейх Хамдан бен Мұхаммед Әл Мактум қатысты.
Шеру Абу-Даби мен Дубай шекарасындағы Аль-Самих аймағында өтті. Дәл осы жерде 1968 жылы 18 ақпанда екі әмірліктің губернаторлары шейх Заид бен Сұлтан Әл Нахаян мен шейх Рашид бен Сайед Әл Мактум федерация құру туралы келісімге келген.
Парадқа F-16 және Mirage 2000 жойғыш ұшақтары, C-17 Globemaster III және C-130 Hercules әскери-көлік ұшағы, AH-64 Apache және CH-47 Chinook тікұшақтары қатысты. Мерекелік шеруге барлығы 23 мың әскери қызметкер мен 2 мың техника қатысты.
БАӘ қарулы күштерінің өкілі полковник Джамал әл-Балушидің айтуынша, бұл шара ел тарихындағы ең ірі әскери парад болды және оған дайындық бірнеше айға созылған.
Анықтама үшін, БАӘ үкіметі 2014 жылы «Ұлттық әскерге шақыру туралы» заңды қабылдады. Оның айтуынша, әскери қызметке 17 мен 30 жас аралығындағы денсаулығында ақауы жоқ ер азаматтардың барлығы алынады. Әскери қызмет өткеру мерзімі әскерге шақырылушының білім деңгейіне байланысты 11 айдан 36 айға дейін созылады. Әйелдер әскери қызметті өз еркімен өтей алады, олар үшін қызмет ету мерзімі 11 аймен шектелген.