23 мың қазақстандық жалға берілетін тұрғын үйге субсидия алуға шақырту алады

«Біздің банк жалға берілетін тұрғын үй субсидиясына өтінімдерді қабылдай бастады. Қабылдау биыл 18 сәуірден қолға алынды. Аталған бағдарламаға қатыса алатын 70 мың қазақстандықтың 12 мыңына Отбасы банктің атынан хабарлама жіберілді. Ертең тағы 23 мың азаматқа жалға берілетін тұрғын үй субсидиясын алуға шақырту хабарламасы жіберіледі. Республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы түскеннен кейін субсидия беруді бастаймыз деп отырмыз», - деді «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Банк басшысының айтуынша, өтініш беру үшін кезекке тұрып, банкке келудің қажеті жоқ. Өтінім онлайн форматта қабылданады.
«Жалға берілетін тұрғын үй субсидиясын алуға мына 4 санатқа жататын Қазақстан азаматтары жатады. 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар, жетім немесе ата-анасының қамқорлығынан айрылған балалар», - дейді ол.
Айта кетейік, бүгінде 601 мың қазақстандық тұрғын үй кезегінде тұр. Оның ішінде 215 мыңы көпбалалы отбасы, 1 және 2 топтағы мүгедек, жетім балалар және мүгедек баласы бар отбасылар.