23 наурыз. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 23 наурыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

23 наурыз. Тұлғалар туған күн
Фото: Kazinform

59 жыл бұрын (1966) ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылымдағы депутаты Еділ Терекбайұлы ЖАҢБЫРШИН дүниеге келді.

Еділ Терекбайұлы ЖАҢБЫРШИН
Фото: Адлет Беремкулов / Kazinform

Гурьев (қазіргі Атырау) облысында туған. 1990 жылы Алматы энергетикалық институтын бітірген.

Еңбек жолы: 1990-1992 жылдары Алматы энергетика институтында ассистент, 1992 -1993 жылдары ҚР Білім министрілігінің жетекші маманы, 1993 -1995 жылдары Ақтау политехникалық институтында аға оқытушы, доцент, ғылыми хатшы болып қызмет атқарған. 1995-1999 жылдары Ш. Есенов атындағы Ақтау университетінің мұнай-химия факультетінің деканы, 1999-2000 жылдары Орталық-Азия университеті Ақтау филиалы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, 2000-2007 жылдары Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті Ақтау филиалының директоры, 2007-2010 жылдары «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, 2012-2015 жылдары Ақтау қаласының әкімі, 2015-2021 жылдары «Азия Техно Сервис» ЖШС директорының орынбасары қызметінде болды. 2021-2023 жылдары ҚР Парламент Мәжілісінің VII шақырылым депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі.

2023 жылдың наурыз айынан бастап қазіргі қызметінде.

59 жыл бұрын (1966) Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Қалия Батталқызы ТӨРЕНОВА дүниеге келді.

Қалия Батталқызы ТӨРЕНОВА
Фото: Gov.kz

Омбы облысы Есілкөл ауданы Боевое ауылында дүниеге келген. 1988 жылы Ушинский атындағы Петропавл педагогикалық институтын «Орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша, 2021 жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын «Өңірлік даму магистрі» мамандығы бойынша аяқтаған.

Еңбек жолын 1983 жылы СҚО Булаев ауданы Молодежная ОМ пионер жетекшісі болып бастады. 1988-1993 жылдары СҚО Булаев ОМ орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет етті. 1993-1998 жылдары СҚО Булаев аудандық әкімшілігінің тілдер жөніндегі бөлімінің меңгерушісі болды. 1998-2003 жылдары СҚО М. Жұмабаев ауданы әкімі аппаратының ішкі саясат және әлеуметтік-мәдени сала бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етті. 2003-2006 жылдары СҚО М. Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарды. 2007-2009 жылдары «Сарыарқа» СПК» НК» АҚ Ақмола облысы бойынша департаментінің менеджері, бас менеджері болды. 2009-2011 жылдары «Қазақстан инжиниринг Астана қ.» Ұлттық компаниясы» АҚ әкімшілік департаментінің кадрлар бөлімінің бас менеджері болып еңбек етті. 2011-2015 жылдары Астана қаласындағы «Еврокоптер Қазақстан Инжиниринг» ЖШС адами ресурстарды басқару бөлімінің басшысы болып еңбек етті. 2017-2019 жылдары Астана қаласындағы «Мырза-Хан» ЖШС персоналмен жұмыс бөлімінің бастығы болды. 2019-2023 жылдары «Петропавл қаласы әкімі аппараты» басшысы қызметін атқарды.

2023 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі қызметінде.

53 жыл бұрын (1972) Астана қаласы мәслихатының құрылыс, экология, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасының орынбасары Ғабит Қалиұлы ТӘЖІМҰРАТОВ дүниеге келді.

Ғабит Қалиұлы ТӘЖІМҰРАТОВ
Фото: maslihat01.kz

Кунград қаласында (Қарақалпақ АКСР) дүниеге келген. 1997 жылы Мәскеу мемлекеттік азаматтық авиация техникалық университетін «Ұшу аппараттары мен авиациялық қозғалтқыштарды техникалық пайдалану» мамандығы бойынша, 2000 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша, 2018 жылы «IBS Astana» және «EU» Халықаралық Бизнес Мектебін бітірді (іскерлік әкімшілендіру магистрі).

Еңбек жолы: 1987-1989 жылдары Кунград ауданы Хлопковое совхозының слесарі, 1993-1994 жылдары РЭҚ-5 жұмысшысы, 1993-1995 жылдары № 19 Су 1-разрядты жұмысшы, Мосинжстрой ММК, 1998-1999 жылдары ҚР ККМ мемлекеттік авиация тіркелімі ӘК пайдаланушыларын сертификаттау бөлімінің жетекші сарапшысы қызметін атқарған. 1999-2001 жылдары «Қазавиасертификация» ЖАҚ коммерциялық әуе көлігі және жалпы мақсаттағы авиация пайдаланушыларының техникалық аудиті бөлімінің бас сарапшы-аудиторы, бастығы, 2001 жылы ҚР ККМ Көлік Заң департаменті органдар жүйесінің қызметін құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы, 2001-2003 жылдары ҚР ККМ Азаматтық авиация комитетінің авиакомпаниялар қызметін реттеу бөлімінің бастығы, 2003-2008 жылдары ҚР ККМ Азаматтық авиация комитетінің авиакомпания қызметін реттеу, әуе кеңістігін пайдалану, Экономика және қаржы басқармасының бастығы, 2008-2010 жылдары ҚР ККМ Көлік-коммуникациялық кешенін стратегиялық жоспарлау және дамыту департаменті азаматтық авиацияны дамыту басқармасының бастығы қызметін атқарған. 2010-2014 жылдары ҚР Президентінің Іс басқармасы ресми іс-шаралар және сыртқы байланыстар бөлімінің көліктік қамтамасыз ету секторының меңгерушісі, 2014-2015 жылдары «Airport Management Group» ЖШС бас директорының орынбасары (Қазақстан Республикасының әуежайлары бойынша басқарушы компания), 2015-2018 жылдары «Астана халықаралық әуежайы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары, операциялық қызмет жөніндегі басқарушы директоры болды. 2019 жылдан бастап Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының инфрақұрылымдық қамтамасыз ету жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары, 2019-2022 жылдары «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» Басқарма төрағасы лауазымын атқарған. 2022 жылдан бастап — «Қазақстанның Азаматтық авиация қауымдастығы» ЗТБ президенті.

«Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен (2021), «Құрметті авиатор» төсбелгісімен (2015) марапатталған.

51 жыл бұрын (1974) Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әсем Айтжанқызы ЖҮНІСБЕКОВА дүниеге келді.

Қарағанды облысында туған. Қазақ тұтыну кооперациясы институтын, 2014 жылы Қарағанды экономикалық университетін бітірді.

Еңбек жолын 1991 жылы аудандық мәдениет бөлімі клубының меңгерушісі болып бастаған.1994-1995 жылдары аудандық мәдениет бөлімінде хатшы болды. 1995-1996 жылдары Ульяновка селосы, Ақбел ауылы, Сәтбаев орта мектебінің қазақ тілі мұғалімі, 1996-1997 жылдары Ульянов аудандық халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің 1 санатты маманы, 1997-1998 жылдары Бұқар жырау аудандық халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің зейнетақыларды төлеу жөніндегі маманы, 1998-1999 жылдары Бұқар жырау аудандық халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің зейнетақыларды төлеу жөніндегі жетекші маманы, 1999 жылы Бұқар жырау аудандық халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің зейнетақыларды төлеу жөніндегі бас маманы, 1999-2000 жылдары Ботакара кенті, Бұқар жырау аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі, үйде әлеуметтік көмек бөлімінің басшысы болып қызмет атқарған. 2000-2006 жылдары Бұқар жырау аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыруға көмек көрсету бөлімінің басшысы, 2006-2010 жылдары Бұқар жырау ауданы әкімі аппаратының басшысы, 2010-2018 жылдары Абай ауданы әкімінің орынбасары қызметінде болды.

2025 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі қызметінде.

39 жыл бұрын (1986) Абай облысы Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Олжас Құрманбекұлы ҚҰРМАНБЕК дүниеге келді.

Олжас Құрманбекұлы ҚҰРМАНБЕК
Фото: Gov.kz

Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласында дүниеге келген. КазГЮУ Алматы заң академиясын «Құқықтану» мамандығы бойынша (2008); Абай атындағы Қазақ ұлттық университетін «Менеджмент» мамандығы бойынша (2011); ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Құқықтану» мамандығы бойынша магистратураны (2013) бітірген, заң ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесі берілген, Францияда, Париж қаласында тағылымдамадан өткен.

Еңбек жолы: ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің іс жүргізу жөніндегі инспекторы (2008); сарапшы, ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің Заң басқармасының бас сарапшысы; әр жылдары «Самұрық-Қазына „ұлттық әл-ауқат қоры“ АҚ-да әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеді; Алматы қаласы әкімі аппаратының бірыңғай персоналды дамыту қызметінің бас инспекторы (2021-2022); Алматы қаласы әкімі аппаратының Абай облысы әкімі аппаратының басшысы (2022-2024).

2024 жылдың желтоқсан айынан бастап қазіргі қызметінде.

100 жыл бұрын (1925-1983) қазақтан шыққан химик-металлург, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Жазушылар одағының мүшесі Евней Арыстанұлы БӨКЕТОВ дүниеге келді.

Евней Арыстанұлы БӨКЕТОВ
Фото: blog.karlib.kz

Солтүстік Қазақстан облысы Сергеевка ауданында (қазіргі Шал ақын ауданы) туған. Қазақ металлургиялық институтын (Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) бітірген.

Е.Бөкетов химия саласына жаңа леп қосқан — халькогендер мен халькогенидтер технологиясының негізін қалаған. Мыс құрамынан теллур мен селен сияқты зиянды қалдықтарды тазартудың гидрохимиялық жолын тапқан. Ғылым мен мәдениет саласындағы 50-ден астам еңбектің авторы. Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры болып, осы оқу орнына дарынды ғалымдарды топтастыруға көп еңбек сіңірді. Классикалық әдеби шығармаларды да тәржімалаумен айналысқан. Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған. 1992 жылы академик Е.Бөкетов есімі Қарағанды мемлекеттік университетіне берілді.

98 жыл бұрын (1927-2021) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, филология ғылымының докторы, КСРО педагогика ғылымдары академиясының кореспондент-мүшесі, көрнекті ғалым, әдебиет сыншысы Серік ҚИРАБАЕВ дүниеге келді.

Серік ҚИРАБАЕВ
Фото: astana-akshamy.kz

Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Атасу ауылында туған. 1951 жылы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының филология факультетін бітірген.

Институтты бітіргеннен кейін, аспирантурада оқи жүріп, қазақ көркем әдебиет баспасының аға редакторы, «Әдебиет және өнер» журналы редакциясының бөлім меңгерушісі болып істеген. 1952 жылдан 1955 жылға дейін С.Қирабаев — «Пионер» журналының редакторы, одан кейін «Социалистік Қазақстан» газеті редакциясының әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болған. 1957 жылы кандидаттық диссертация, ал 1964 жылы филология ғылымының докторы ғылыми атағына диссертация қорғаған. Кейін Педагогика ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі болып, Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік университетінде көп жылдар бойы дәріс оқып, қазақ әдебиеті кафедрасын басқарған. 1988-1995 жылдары М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры болып қызмет атқарған. С.Қирабаевтың шығармашылық қызметі студенттік жылдарынан басталған. 1948 жылдан бастап баспасөзде оның сын мақалалары жиі басылды. 1956 жылы «Ғабиден Мұстафин» атты монографиясы жарық көрді, екі жылдан кейін бұл кітап орыс тілінде шықты. Содан кейін «Спандияр Көбеев» (1958), «Өнер өрісі» (1968), «Сәкен Сейфуллин» (1973), «Әдебиет және дәуір талабы» (1976), «Революция және әдебиет» (екі томдық, 1977), «Шындық және шығарма» (1981), «Шындық және шеберлік» (1983), «Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері», «Жүсіпбек Аймауытов» (1990) және тағы басқа көптеген зерттеулер мен монографиялардың, әдеби процестің әртүрлі жақтарын әралуан қырынан сөз ететін көптеген мақалалардың, әсіресе, бірталай мектеп окулықтарының авторы ретінде қалың оқырман қауымға, әдеби-мәдени қоғамдық жұртшылыққа кеңінен танылды. Ол — қазақ әдебиеттану ғылымы саласындағы жетекші ғалымның бірі.

С.Қирабаев «Еңбек Қызыл ту», «Халықтар достығы» ордендерімен, «Еңбектегі ерлігі үшін», т. б. медальдармен марапатталған. 1996 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері болды.

Соңғы жаңалықтар