23 НАУРЫЗ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 23 наурыз. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 23 наурызға арналған күнтізбесін ұсынады.
None
None

23 НАУРЫЗ, ЖЕКСЕНБІ Бүкіләлемдік метеорология күні. 1950 жылғы наурыздың 23-де БҰҰ-ның арнайы мекемесі Бүкілдүниежүзілік метеорология ұйымының конвенциясы күшіне енді. 1961 жылдан бастап атап өтіледі. Пәкістан Ислам Республикасының Ұлттық мерекесі - Республика күні. 1956 жылдан бастап атап өтіледі. 1947 жылы бұрынғы Британ Үндістаны тұрғындары діни-қауымдық сенімі бойынша Үндістан және Пәкістан мемлекеті болып екіге бөлінді. Үндістанда - индуистер, Пәкістанда - мұсылмандар шоғырланды. Пәкістан мемлекетінің басшысы - Президент. Жоғарғы заң шығарушы органы - Парламент. Астанасы - Исламабад. 1992 жылғы наурыздың 24-де Қазақстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасы арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 9 жыл бұрын (2005) Алматы әкімдігінің www.almaty.kz сайты ашылды. Сайт оңтүстік астананың мәдени ескерткіштерінің тарихынан бастап өмірінің барлық жақтарын қамтиды. Алматы әкімдігінің және оның бөлімшілері мен қызметтерінің құрылымы берілген, әкім шешімдері мен талқыланатын сұрақтар жарияланып тұрады. «Сұрақтар және ұсыныстар» айдары бар. 8 жыл бұрын (2006) Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» Заңға қол қойды. Аталған Заң Қазақстандағы инновациялық қызметті ынталандырудың құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін белгілейді. 5 жыл бұрын (2009) Қызылорда облысында сол аймақтағы бірінші қыздар футбол командасы құрылды. «Жігер» командасының құрамына 16-17 жастар шамасындағы қыздар кірді. 4 жыл бұрын (2010) Таразда Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімовтың қатысуымен «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильмінің таныстырылымы өтті. Бұл фильм Қазақстан мен Ресей арнайы қызметтерінің халықаралық есірткі қылмыстық топтарын талқандау жөніндегі бірлескен операциясы туралы баяндайды. Фильмнің басты тақырыбы - Отанға жанқиярлықпен қызмет ету, адалдықты, сүйіспеншілікті ту ету Қарт барлаушы басты рөлін сомдаған КСРО халық әртісі, белгілі актер және режиссер Асанәлі Әшімов. ЕСІМДЕР 89 жыл бұрын (1925-1983) қазақтан шыққан химик-металлург, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Жазушылар одағының мүшесі БӨКЕТОВ Ебіней Арыстанұлы дүниеге келді. Солтүстік Қазақстан облысы Сергеевка ауданында (қазіргі Шалақын ауданы) туған. Қазақ металлургиялық институтын (Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) бітірген. Е.Бөкетов химия саласына жаңа леп қосқан - халькогендер мен халькогенидтер технологиясының негізін қалаған. Мыс құрамынан теллур мен селен сияқты зиянды қалдықтарды тазартудың гидрохимиялық жолын тапқан. Ғылым мен мәдениет саласындағы 50-ден астам еңбектің авторы. Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры болып, осы оқу орнына дарынды ғалымдарды топтастыруға көп еңбек сіңірді. Классикалық әдеби шығармаларды да тәржімалаумен айналысқан. Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған. 1992 жылы академик Е.Бөкетов есімі Қарағанды мемлекеттік университетіне тағайындалды. 87 жыл бұрын (1927) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, филология ғылымының докторы, профессор, КСРО педагогика ғылымдары академиясының кореспондент-мүшесі, көрнекті ғалым, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, әдебиет сыншысы Серік ҚИРАБАЕВ дүниеге келді. Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Атасу ауылында туған. 1951 жылы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. Институтты бітіргеннен кейін, аспирантурада оқи жүріп, қазақ көркем әдебиет баспасының аға редакторы, "Әдебиет және өнер" журналы редакциясының бөлім меңгерушісі болып істеген. 1952 жылдан 1955 жылға дейін С.Қирабаев - "Пионер" журналының редакторы, одан кейін "Социалистік Қазақстан" газеті редакциясының әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болған. 1957 жылы кандидаттық диссертация, ал 1964 жылы филология ғылымының докторы ғылыми атағына диссертация қорғаған. Кейін Педагогика ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі болып, Қазақтың Абай атындағы Мемлекеттік университетінде көп жылдар бойы дәріс оқып, қазақ әдебиеті кафедрасын басқарған. 1988-1995 жылдар аралығында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры болып қызмет атқарған. С.Қирабаевтың шығармашылық қызметі студенттік жылдарынан басталған. 1948 жылдан бастап баспасөзде оның сын мақалалары жиі басылды. 1956 жылы "Ғабиден Мұстафин" атты монографиясы жарық көрді, екі жылдан кейін бұл кітап орыс тілінде шықты. Содан кейін "Спандияр Көбеев" (1958), "Өнер өрісі" (1968), "Сәкен Сейфуллин" (1973), "Әдебиет және дәуір талабы" (1976), "Революция және әдебиет" (екі томдық, 1977), "Шындық және шығарма" (1981), "Шындық және шеберлік" (1983), "Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері", "Жүсіпбек Аймауытов" (1990) және тағы басқа көптеген зерттеулер мен монографиялардың, әдеби процестің әртүрлі жақтарын әралуан қырынан сөз ететін көптеген мақалалардың, әсіресе, бірталай мектеп окулықтарының авторы ретінде қалың оқырман қауымға, әдеби-мәдени қоғамдық жұртшылыққа кеңінен танылды. Ол - Қазақ әдебиеттану ғылымы саласындағы жетекші ғалымдарымыздың бірінен саналады. С.Қирабаев "Еңбек Қызыл ту", "Халықтар достығы" ордендерімен, "Еңбектегі ерлігі үшін", т.б. медальдармен марапатталған. 1996 ж. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері болды. Филология ғылымының докторы, профессор, КСРО педагогика ғылымдары академиясының кореспондент-мүшесі, көрнекті ғалым, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, әдебиет сыншысы Серік Қирабаев - әдебиетке жан - жақты, білімімен, мол дайындық пен келген сыншы. 65 жыл бұрын (1949) актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі МҰҚАМАНОВ Мырзахмет дүниеге келді. Алматы облысының Панфилов ауданында туған. Алматы эстрада-цирк өнері студиясын бітірген. 1975 жылдан Талдықорған облыстық (қазіргі Алматы облысы) филармониясының әншісі болған. Ол 1978 жылы Бүкілодақтық халық әндері байқауының лауреаты, 1980 жылы Ә.Қашаубаев атындағы байқаудың бас жүлдегері атанды. 61 жыл бұрын (1953) философия ғылымының кандидаты, Қазақстан Республикасы Жаратылыстану ғылымдары академиясының корресподент мүшесі ОМАРОВ Керей Сейітжанұлы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Алматы шет ел тілдері педагогикалық институтын бітірген. 1988-1990 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің аға ғылыми қызметкері. 1990-1991 жылдары - Grand Canyon University-дің шақырылған профессоры. 1991-1993 жылдары - «Құлагер» біріккен кәсіпорнының бас директоры. 1993 жылдан «Емшан» акционерлік қоғамының президенті, «Атриона» біріккен кәсіпорны басқармасының төрағасы, «TMM International» біріккен кәсіпорнының атқарушы директоры болған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен 2 мәрте марапатталған. 48 жыл бұрын (1966) «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ-ның президенті, техника ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық көлік академиясының академигі, Ұлттық геотехника қоғамының, Халықаралық топырақтар механикасы және геотехникалық құрылыс қауымдастығының, Америка ұлттық география қоғамының мүшесі ТЕЛТАЕВ Бағдат Бұрханұлы дүниеге келді. Жамбыл облысы Мерке ауданында туған. Алматы автомобиль-жол институтын, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Механика және машинатану институтының докторантурасын бітірген. 1991-1996 жылдары - Алматы автомобиль-жол институтының оқытушысы, аға оқытушысы. 1996-2002 жылдары - Қазақ көлік және коммуникация академиясының аға оқытушысы, доценті, профессоры, бөлім меңгерушісі. 2002 -2006 жылдары - Мұхамеджан Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы автомобиль жолдарын жобалау, салу және пайдалану кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2006 жылдан бастап - қазіргі қызметінде. «Өлеңбаян» атты өлеңдер, балладалар және поэмалар жинағы 1997 жылы жарық көрді. 1990 жылы Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған тұңғыш республикалық жас ақындар мүшәйрасының лауреаты, 2001 жылы өткен Артығали Ыбыраевқа арналған республикалық жыр мүшәйрасының жүлдегері. 37 жыл бұрын (1977) Қарағанды облысы әкімінің орынбасары МҰХАМБЕТОВ Ғабит Мұхамбетұлы дүниеге келді. 1999 жылы әл-Фараби атындағы қазақ мемлекеттік ұлттық универститетін, 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірді. Экономика ғылымдарының докторы. Еңбек жолын 1997 жылы «Казкоммерцсекьюритиз» ААҚ сауда және инвестиция департаментінің қаржы талдаушы ретінде бастады. 1998 жылдан бастап «Nova -свинец» ЖШС коммерциялық директоры қызметін атқарды. 1999 жылы «Қазақстан стандарттау, метрология және сертификаттау орталығы» РМК мониторинг және сыртқы байланыстар бөлімінің маманы болып істеді. 2000 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі стандарттау, метрология және сертификаттау жөнінде комитетінің техникалық саясат, стандарттау және мемлекеттік қадағалау бөлімінің бас маман қызметін атқарды. 2000 жылдың қарашасынан бастап Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі стандарттау, метрология және сертификаттау жөнінде комитетінің заң шығару және іс жүзінде қолданылатын метрология бөлімін басқарды. 2001 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің тәуекелдерді бақылау бөлімінің бастығы лауазымына тағайындалды. 2002 жылдан бастап өз еңбек жолын Қазақстан Республикасы Экономика және сауда министрлігінің стандарттау, метрология және сертификаттау жөнінде комитеті басқармасының бастығы қызметінде жалғастырды. 2003 ж. бастап 2005 жылға дейін «Қазақ метрология институты» РМК бас директоры болды. 2005 жылдың қазанынан бастап Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі (бүгінде Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі) Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы болып қызмет атқарды. 2011 жылдың 21 қаңтарынан бастап Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. 3 мерейтойлық медальдармен марапатталған.113 жыл бұрын (1900-1989) египет сәулетшісі Хасан ФАТХИ дүниеге келді. 104 жыл бұрын (1910-1998) жапон кинорежиссері, сценарист, продюсер Акира КУРОСАВА дүниеге келді. 88 жыл бұрын (1926-2005) кеңестік және грузин актері ГОМИАШВИЛИ Арчил Михайлович дүниеге келді.

Соңғы жаңалықтар