23 сәуір. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 23 сәуір күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

жылнама, күнтізбе, туған күн, календарь
Коллаж: Kazinform

ЕСІМДЕР

64 жыл бұрын (1962) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылымының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Қазыбек Жарылқасынұлы ИСА дүниеге келді.

Қазыбек Иса
Фото: parlam.kz

Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысында туған. 1984 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының көркемдік-графикалық факультетін тәмамдаған.

Еңбек жолы: 1984-1991 жылдары Шардара ауданы Қызылқұм ауылында орта мектеп мұғалімі, 1991-1993 жылдары«Жас қазақ» бірінші республикалық демократиялық газетінің бөлім меңгерушісі, 1993-1998 жылдары «Өркен» газетінің бөлім редакторы, 1998-2000 жылдары «Қазақпарат» баспа корпорациясының вице-президенті, 2000-2002 жылдары «Жас қазақ үні» газеті бірінші бас редакторы — директоры, 2009-2012 жылдары «Жас қазақ үні» газеті редакторлар кеңесі төрағасы — бас директоры, «Жұлдыздар құпиясы» журналының бас редакторы, «Тұран» баспасының директоры қызметінде болды. 2019 жылдан бастап — ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшесі.

2023 жылдың наурыз айынан бастап қазіргі қызметінде.

«Құрмет» (2011), «Парасат» (2018) ордендерімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011), «Сергей Есенин» (2014) медальдарымен, «Мәдениет қайраткері» (2009), «Тіл жанашыры» (2011), «Ақпарат саласының үздігі» (2014) төс белгілерімен марапатталған. «Тәтті шөл» кітабы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын (2008) алған.

45 жыл бұрын (1981) «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ Басқарма мүшесі – қолдау және ресурс жөніндегі атқарушы директор Әсем Амантайқызы СЕЙІТОВА дүниеге келді.

Әсем Амантайқызы СЕЙІТОВА
Фото: caa.gov.kz

«Есеп және аудит» мамандығы бойынша жоғары білім (2002); Экономика магистрі.

Еңбек жолы: ҚР Мемлекеттік кіріс министрлігінде, ҚР Қаржы министрлігінің Салық комитетінде, «KazTransCom» АҚ-да, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-да жұмыс істеген (2002); «Қазаэронавигация» РМК Экономика және тарифтер департаментінің директоры ҚР Авиация әкімшілігі бас директорының орынбасары (2024-2025).

2025 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі қызметінде.

36 жыл бұрын (1990) «Интергаз Орталық Азия» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Мирас Қапарғалиұлы ҚИЯҚОВ дүниеге келді.

Мирас Қапарғалиұлы ҚИЯҚОВ
Фото:intergas.kz

Алматыда дүниеге келген.

Алматы энергетика және телекоммуникация университетін, электр энергетикасы инженері, инженерия және технология бакалавры (2012); электр энергетикасы инженері, инженерия және технология магистрі (2014); Алматы басқару университетін, экономика және бизнес, экономика және бизнес бакалавры (2017).

Еңбек жолы: «Алматы электр станциялары ЖЭО-2» АҚ релелік қорғаныс және автоматика инженері (2012-2017); «Алматы электр станциялары ЖЭО-2» АҚ релелік қорғаныс және автоматика тобының басшысы (2017-2019); «Crystal Management» АҚ жетекші энергетикі (2019-2021); «Қазақстан инвестициялық даму қорының» аға талдаушысы (2021-2023); «Қазақстан инвестициялық даму қорының» инфрақұрылым департаментінің директоры (2023-2024); «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының энергетикалық активтер секторының басшысы (2024).

108 жыл бұрын (1918-2006) Қазақстанның Халық қаһарманы, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, әйгілі партизан Қасым ҚАЙСЕНОВ дүниеге келген.

Қасым Қайсенов
Коллаж: adebiportal.kz/pixabay/kazinform

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында туған. Өскемен саяси-ағарту техникумын бітірген. 1939-1940 жылдары Павлодар облыстық оқу бөлімінде инспектор болды. 1940 жылы Қызыл армия қатарына шақырылып, арнаулы әскери мектептен өткен. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында жау тылында партизандық қозғалысты ұйымдастыруға белсене қатысқан. Партизан қозғалысының алғашқы жетекшілері ретінде Закарпатье, Молдавия, Румыния, Чехословакия жерін неміс басқыншыларынан азат етуге, көптеген күрделі операцияларды жүзеге асыруға қатысқан. Қасым Қайсенов соғыс жылдарында өзін өжет, тапқыр және ұйымдастыру қабілеті зор командир ретінде көрсетті. Ол басшылық еткен отряд көптеген операцияларды сәтті жүзеге асырып, жауға дүркін-дүркін соққы берген. 1945-1953 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төралқасында, Жамбыл облысының Жуалы, Свердлов аудандық кеңестерінің атқару комитетінде жауапты қызметте болған. 1953-1970 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында, «Жазушы», «Қайнар» баспаларында редактор, директордың орынбасары қызметтерін атқарған. ҰОС кезіндегі өзінің партизандық өмір жолы, қарулас достарының қаһармандық ерлік істері жайлы сыр шертетін «Жас партизандар», «Илько Витряк» «Переяслав партизандары», «Ажал аузында», «Партизан соқпақтары», т. б. әңгіме, очерк, повесть жинақтарын шығарған. Шығармалары орыс, украин, қырғыз, т. б. тілдерге аударылған. Көркем аударма саласында М. Муратовтың «Ломоносовтың жастық шағы», Николай Томанның «Сабылтқан сағым», Мамед Кулизаде Жалилдің «Пошта жәшігі» кітаптарын қазақ тіліне тәржімалаған.

3-дәрежелі «Б. Хмельницкий», 2 мәрте 1-ші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, көптеген медальдармен, сондай-ақ «Чехословакия партизаны» орденімен, есімі жазылған қарумен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар