23 сәуір. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 23 сәуірге арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

күнтізбе
Фото: Kazinform/ Midjourney

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік кітап және автор құқығын қорғау күні

Бұл атаулы күн 1996 жылы UNESCO шеңберінде Уильям Шекспир (1564-1616), Мигель де Сервантес (1547-1616) және жазушы-тарихшы Инко Гарсиласоде ла Веганы (1539-1616) еске алу мақсатында бекітілген. Үш жазушы да 1616 жылғы сәуірдің 23-інде өмірден өткен. Қазір осы атаулы мерекеге орайластырып, барлық өркениетті елдерде кітап жәрмеңкелері, көрмелер мен фестивальдар өткізіледі. Халықаралық атаулы күннің мақсаты — кітап пен оның авторларына құрмет көрсету ғана емес, халықты ағарту, мәдени дәстүрлер санасын дамыту болып табылады.

Ұлттық кітап күні

Мемлекет басшысының үшінші Ұлттық Құрылтайдың негізгі сессиясында қоғамда мықты оқу мәдениетін қалыптастыру туралы берген тапсырмасына сәйкес Қазақстанда «Ұлттық кітап күні – 23 сәуір» атты жаңа мереке белгіленді. «Кітапқа деген сүйіспеншілік – керемет қасиет. Көптеген елдер оқу мен кітапқа арналған ұлттық күнді атап өтеді. Ең бастысы, біз жастардың бойына кітапқа деген сүйіспеншілікті сіңіруіміз керек. Сонда ғана біз кітап оқитын ұлтқа айналамыз», - деп атап өтті Президент Ұлттық Құрылтайдың үшінші сессиясында сөйлеген сөзінде.

Түркия Республикасының ұлттық егемендік және балалар күні

1919 жылы Мұстафа Кемаль Ататүрік бастаған түрік халқы Түркияның тәуелсіздігі үшін соғысты бастады. 1920 жылы 23 сәуірде Анкарада Түркияның парламенті — Ұлы ұлттық Мәжілісі құрылды. Қазақстан Республикасы мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы 2 наурызда орнатылды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

2004 жылы Астана қаласында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы құрылды. Оның бас директоры болып профессор, тарих ғылымдарының кандидаты Роза Аманғалиқызы Бердіғалиева тағайындалды.

2009 жылы Қазақстан Президенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізу туралы» Заңға қол қойды. Заң Наурыз мейрамын мерекелеу күндерін үш күнге — наурыздың 21-нен 23-не дейін ұлғайтуды және Қазақстан Республикасы күнін (25 қазан) мерекелеуді алып тастауды көздеген.

2010 жылы ҚР Ұлттық кітапханасында «Телелифт» жүйесі орнатылды. Бұл Орталық Азиядағы алғашқы осындай кітапхана. Соның арқасында қорда сақтаулы тұрған кітаптар бірнеше минуттың ішінде оқу залына жеткізіледі.

2017 жылы Брюссельде өткен жас пианиношылардың Merci, Maestro! халықаралық байқауында Қазақ ұлттық өнер университетінің тәрбиеленушісі Биәли Бикенов «Ең жас орындаушы» санатында лауреат атанды.

2018 жылы Бейжіңде «Балдырған» балаларды дамыту орталығының ресми ашылу рәсімі өтті. Бұл шетелдегі қазақ тілінде білім беретін алғашқы жеке орталық.

2019 жылы Жеңіл атлетикадан Дохада өткен Азия чемпионатында 400 метрге жүгіруден ерлер арасындағы бәсеке аяқталды. Екі күн ішінде қазақстандық желаяқ еліміздің екі рекордын орнатты. Жартылай финалдық жарыста ол аталған қашықтықты 45,38 уақыт көрсеткішінде жүгіріп өткен. Литвин 400 метрді 45,25 секундта бағындырды. Бұл Қазақстанның жаңа рекорды. Бұдан басқа 100 метрге жарысудан әйелдер арасындағы бәсекеде қазақстандық Ольга Сафронова Азия чемпионы атанды. Ол аталған қашықтықты 11:17 секундта жүгіріп өтіп, құрлық додасының жаңа рекордын орнатты.

2021 жылы «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» мен «Татарлардың дүниежүзілік конгресі» халықаралық одағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Меморандумның басты мақсаты — екі ел арасындағы бауырластық достықты нығайту және Ресей Федерациясының Татарстандағы қандастарға білім, мәдениет саласында көмек қолын созу.

2022 жылы Женевада ҚР Нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы халықаралық конвенцияның орындалуы туралы сегізінші-оныншы жиынтық мерзімді баяндаманы сәтті қорғады. Конвенцияға қосыла отырып, Қазақстан нәсілдік кемсітушілікті оның барлық нысандары мен көріністерінде жоюға, нәсіліне, түсіне, ұлттық немесе этникалық тегіне қарамастан, әрбір адамның заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етуге міндеттеме алды.

2024 жылы Астанада қазақ хандары туралы комикстердің тұсауы кесілді. Қазақ хандығының негізін салушылар Керей мен Жәнібек хандар туралы комикстің авторы 21 жастағы жазушы Ілияс Юсупжанов.

2025 жылы Қостанайдағы автобустар мен аялдамаларда Екінші дүниежүзілік соғыс батырларының – атақты қазақстандықтардың, Қостанай облысы тумаларының портреттері бейнеленген плакаттар ілінді. Олардың қатарында Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова, Талғат Бигелдинов, Рақымжан Қошқарбаев, сондай-ақ Иван Павлов, Леонид Беда, Сұлтан Баймағамбетов, Сейітхан Темірбаев және Илья Сьянов болды. Әрбір суретке жолаушыларды батырлардың өмірі мен жетістіктері туралы ақпарат бар арнайы беттерге сілтейтін QR коды қоса беріледі. Бұл жолаушыларға автобустан шықпай-ақ Жеңіске баға жетпес үлес қосқан жерлестері туралы көбірек білуге ​​мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар