23 шілде. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 23 шілдеге арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

Жылнама
Фото: Kazinform

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Бүкіләлемдік киттер мен дельфиндер күні

Бұл күн 200 жылға жалғасқан аяусыз қырып-жоюдан кейін,1986 жылы киттерді аулауға тыйым салғаннан бастап Киттер қасапханасы халықаралық комиссиясы (International Whaling Commission: IWC) тарапынан бекітілді. Тыйым бүгінгі күнге дейін өз күшінде және барлық әлемде киттерді аулауға, сондай-ақ олардың саудасына рұқсат етілмейтіндігін білдіреді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы Қазақстан Республикасы Грузия Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты.

1992 жылы Қазақстан Республикасы Колумбия Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты.

1999 жылы Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңы қабылданды.

2004 жылы Қазақстанда мұнай сапасы банкі құрылды. Компанияның көмірсутекті шикізат базасы мұнайды тасымалдау, сақтаудың түрлі кезеңдерінде оны теңестіруге жол ашады.

2010 жылы Франция Сенатының Қаржы жөніндегі комиссиясының Астана және Алматы қалаларына сапары барысында комиссия төрағасы Жан Артюи Қызылағаш ауылындағы су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға қаржылай гуманитарлық көмек берілетінін жеткізді. Франция елшілігі «Жансүгіров қорына» 30 мың еуро (5,7 млн теңге) мөлшерінде қаражат аударғанын мәлім етті. Қаржылай көмек Қызылағаш ауылындағы 560 үйді сұйылтылған газбен қамтамасыз ету және газ плиталарын сатып алуға жұмсалды.

2019 жылы Байқоңыр ғарыш айлағына ұшу алдындағы дайындық үшін Skybot F-850 антропоморфты роботы жеткізілді. Skybot F-850 адам тектес роботын «Android техникасы» компаниясы мен ТЖМ техникалық тапсырмасы бойынша Перспективалық зерттеулер қоры жасаған. Ол орбитада 1,5 апта болып, содан кейін Жерге оралды.

2019 жылы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» (РҒБО) АҚ және Intelsat Global Sales & Marketing Ltd (Intelsat GS&M) халықаралық спутниктік байланыс ұйымы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Сондай-ақ, «РҒБО» АҚ мен Intelsat GS&М өкілдерінің кездесуі кезінде келешекте бірлескен байланыс спутнигін жасау, сондай-ақ Алматы облысындағы «Көктерек» ғарыштық байланыс орталығы базасында қазақстандық телепортты пайдаланудың жаңа мүмкіндіктері талқыланды.

2021 жылы қазақстандық актер Еркебұлан Дайыров Канндағы World Film festival кинофестивалінде «Үздік азиялық актер» номинациясын жеңіп алды. Актер қазақстандық режиссер Эля Гильманның «Күнбағыс» фильміндегі рөлі үшін марапатқа ие болды.

2021 жылы қостанайлық ағайынды Артем мен Александр Кулик әлемнің ең биік тау шыңдарының бірі - Эльбрусты бағындырды.

2021 жылы Көкшетауда ауыл шаруашылығы техникасын сату және қызмет көрсету бойынша ТМД-дағы ірі сервистік орталық ашылды. Мұнда «John Deere» техникасын жөндеу бойынша толықтай қызмет түрлері көрсетіледі. Заманауи техника құралдары бар бұл сервистік орталықта ауыл шаруашылығы саласының қазіргі заманғы талаптары мен үрдістеріне сай келетін жабдықтар бар, Қазақстан бойынша қосалқы бөлшектерді үздіксіз жеткізеді, күрделі жөндеу жүргізіп, бұзылған техниканы қалпына келтіреді. Сондай-ақ, мұнда фермерлер мен жас мамандарды ауыл шаруашылығындағы жаңа технологияларды игеруді де оқытады.

2023 жылы БАҚ және туризмнің 1-ші Халықаралық форумында Ақпарат және әлеуметтік даму министрі Дархан Қыдырәлі «Үркер» ұлттық сыйлығына екі жаңа номинация қосылатынын хабарлады: үздік YouTube арнасы және үздік подкаст. Бұл саланың дамуына серпін беріп, түркі әлемін жақындата түседі.

Соңғы жаңалықтар