23 тамыз. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 23 тамызға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР
Халықаралық құл саудасы мен оны жоюды еске алу күні
Жыл сайынғы Халықаралық құл саудасы мен оны жоюды еске түсіру күні ЮНЕСКО Бас конференциясының 29 С/40 қарарымен жарияланған. Мұндай шешім осы ұйымның Атқару комитетінің 150-ші сессиясының 8.2 қарарында жасалған ұсыныстар негізінде қабылданды.
Санто-Доминго аралында 1791 жылы 22 тамыздан 23 тамызға қараған түні лап еткен құлдар көтерілісін есте қалдыру мақсатында осы күн таңдап алынған.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1996 жылы Алматы қаласында, Достық даңғылы мен Жамбыл көшелерінің қиылысына ақын Жамбыл Жабаевтың ескерткіші орнатылды. Жоба авторлары: мүсінші Б. Әбішев, сәулеткерлер — С. К. Баймағамбетов, Т. Ералиев, С. Фазылов.
1996 жылы Алматыда Қырғыз Республикасының елшілігі ашылды.
2010 жылы Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы аясында Ұйымдағы қазақстандық төрағалықтың ресми логотипі бекітілді. Ресми логотип ШЫҰ елтаңбасын қамтиды. Онда қыран бейнеленген. Қыранның астында ұйымның екі жұмыс тілінде (орыс, қытай) «Қазақстан» деп жазылған. Екі бүйірінде ШЫҰ-да Қазақстанның төрағалық ету жылдары — 2010-2011 жылдар деп жазылған.
2011 жылы ҚР Ұлттық банкі әл-Фараби бейнесімен номиналы 500 теңгелік алтын медальды айналымға шығарды. Монета 999 сынамалы алтыннан әзірленді, салмағы — 7,78 грамм, диаметрі — 21,87 мм, дайындау сапасы — «proof», таралымы — 4 мың дана.
2012 жылы Бішкекте Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі ІІ саммитінің Декларациясына қол қойылды. Құжатқа Қазақстан, Түркия, Қырғызстан президенттері мен Әзербайжан Премьер-Министрі қол қойды. Осы саммитте Түркі кеңесінің туы бекітілді.
2013 жылы Астанада Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығын ұлықтауға орай өткізілген форум аясында Алакөл қорығына Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының (ЮНЕСКО) биосфералық резерват мәртебесін беру рәсімі өтті. Алакөл биосфералық резерватының ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік желісіне қосылуы аймақтың қайталанбас табиғатын сақтауға, сонымен қатар Қазақстанның экономикасы мен туристік әлеуетін жан-жақты дамытуға көмектеседі. Дипломды ЮНЕСКО-ның Бас директоры Ирина Бокова берді.
2013 жылы WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкинге Қарағанды қаласының құрметті азаматы төсбелгісі мен дипломы табыс етілді.
2013 жылы ЮНЕСКО бас директоры Ирина Бокова Орталық Азияға жасаған ресми сапары аясында Астанада Серік Сәпиевке ЮНЕСКО-ның спорт жөніндегі елшісі мандатын тапсырды. Бір ай бұрын Серік Сәпиев «Спорттан ЮНЕСКО чемпионы» құрметті атағына лайық деп танылған болатын. Сәпиев осы атаққа қол жеткізген әлемдегі 13-ші спортшы болды.
2016 жылы Жапония астанасы Токиодағы «Дайго Фукурю-мару» музейінде Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күнге арналған мемориалдық панельдің ашылу салтанаты өтті. Онда Семей полигоны, «Невада-Семей» қозғалысы, Қазақстан Президентінің Семей ядролық полгонын жабу туралы тарихи шешімі және т. б. жөнінде ақпарат қойылған.
2018 жылы «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ өкілі Дәурен Алыбаев алғаш рет WNFM (World Nuclear Fuel Market — Дүниежүзілік ядролық отын нарығы) қауымдастығы басшыларының құрамына кірді. Тағайындау Монтерейдегі (АҚШ) жыл сайынғы WNFM кездесуінде дауыс беру нәтижесінде жарияланды. Алғаш рет «Қазатомөнеркәсіптің» WNFM кеңесінде өзінің өкілі пайда болды.
2019 жылы Үндістанның Нью-Дели қаласында әл-Фараби атындағы қазақ-үнді ғылыми-білім және мәдени орталығы ашылды.
Жоба әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Қазақстанның Үндістандағы Елшілігінің қолдауымен жүзеге асырылды.
Орталықтың ашылуы 2020 жылы ЮНЕСКО-ның қолдауымен кең көлемде атап өтілетін әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған.
2020 жылы танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің Польшадағы тыңдармандары RadioDimash.pl («Димаш радиосы») бірегей жобасын іске қосты.
2021 жылы Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданындағы Тоқтамыс ауылының маңынан төрт мың жыл бұрын салынған пирамида тәрізді тас ескерткіштер табылды.
Шығыс Қазақстаннан табылған тарихи жәдігер ерте қола дәуіріне жатады. Тас ескерткіштерде жылқы мен аңдардың бейнелері бар. Ескерткіштерді жапондық әріптестерімен бірге зерттеген отандық ғалымдар оларға 3856 жыл болғанын анықтады.
2021 жылы Пусан қаласында (Корея Республикасы) Қазақстан Республикасының Бас консулдығы ашылды.
Пусан қаласында Қазақстанның Бас консулдығын ашу туралы шешім Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының ынтымақтастығына жаңа серпін беру үшін қабылданды.
2022 жылы Алматыда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ғылыми кітапханасының ғимаратында Айтиева Раушан Бахытқызына (1936-2021 жж.) арналған мемориалдық тақта орнатылды. Р. Б. Айтиева 45 жылдан астам уақыт аталған оқу орнының кітапханасында жұмыс істеп, 1967 жылдан бастап директор қызметін атқарды. Раушан Бахытқызы еңбек жолында ҚазССР Білім Министрлігінің, Қазақ республикалық кәсіподақтар комитеті Төралқасының және т. б. марапаттарымен марапатталды. Раушан Айтиева А.Байтұрсынов атындағы медальмен, «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапатталды. Ал 2012 жылы Р.Айтиеваға ҚР Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері» жоғары мемлекеттік атағы берілді.
2023 жылы Мемлекет басшысы АҚШ Сенатының Ұлттық қауіпсіздік және үкімет істері жөніндегі комитетінің төрағасы Гэри Питерсті қабылдады. Сенаторды қарсы алған Мемлекет басшысы оның сапары екіжақты ынтымақтастық мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасуға жақсы мүмкіндік беретінін атап өтті. АҚШ — жаһандық қауіпсіздікті нығайту, ядролық қаруды таратпау, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және демократиялық құндылықтарды ілгерілету салаларында әрқашан Қазақстанның стратегиялық серіктесі.
2024 жылы Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Ұлытау өңіріне жұмыс сапары аясында Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2021 жылы салынған Жошы хан тарихи-мәдени кешенінде болды. Жошы ұлысының құрылғанына биыл 800 жыл. Олжас Бектенов кесене іргесінде орналасқан, Жошы хан ескерткіші, шатырлы қалашық бар тарихи-мәдени кешеннің жай-күйімен танысты. Кешен Елбасының тапсырмасымен Алтын Орданың 750 жылдығы аясында салынған. Ашылған уақыттан бері бұл орынға еліміздің өңірлерінен, жақын және алыс шетелдерден 35 мыңнан астам турист келген.
2024 жылы елордада Триатлон саябағындағы көпір асты кеңістігінің аумағында Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арналған жаңа қабырға суреті пайда болды. Қабырғаның биіктігі 4 метр. Онда жамбы атушы – турнир кезінде нысананы көздеп тұрған адам бейнеленген. «Жамбы ату» — жүйрік атпен белгілі қашықтықтағы нысанаға садақтан оқ ату ұлттық спорт түрі.