23 тамыз. Тұлғалар туған күн

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін, 23 тамыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

23 тамыз. Тұлғалар туған күн

ЕСІМДЕР

7 9 жыл бұрын (1944) қазақ ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығысының лауреаты Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Ақжайық ауылында туған. 1966 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар пединститутының филология факультетін тәмамдаған.

Еңбек жолы: 1966-1971 жылдары Орал облыстық «Орал өңірі», Талдықорған облыстық «Октябрь туы», республикалық «Қазақ әдебиеті» газеттерінде әдеби қызметкер, 1971-1972 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында редактор, 1972-1975 жылдары «Жұлдыз» журналында әдеби қызметкер, 1975–1981 жылдары «Жазушы» баспасының аударма редакциясында редактор болған. Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры болды.

Тұңғыш өлеңдер жинағы «Өрімтал» 1967 жылы жарық көрді. «Наз» (1969), «Қанышым – іңкәрім» (1971), «Сені ойлаймын» (1973), «Ақ қанат» (1975), «Бақыт әні» (1978), «Жайық қызы» (1980), «Белокрылая» (1981), «Ақжелең» (1985), «Сүмбіле» (1990) атты кітаптары басылып шықты. 2001 жылы «Ақ шағала» атты таңдамалы жыр жинағы, 2004 жылы «Лебединая верность» атты жинағы жарық көрген. С. Капутикян, В. Тушнова, А. Ахматова өлеңдерін қазақ тіліне аударған. Көптеген ән мәтіндерінің авторы.

Құрмет» (2005) орденімен; «Қазақстан Республикасының тәуелсiздiгiне 10 жыл» (2001), «10 жыл Астана» (2008), «Қазақстан Республикасының тәуелсiздiгiне 20 жыл» (2011), «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» (2015), «Қазақстан Республикасының тәуелсiздiгiне 25 жыл» (2016), «20 жыл Астана» (2018) медальдарімен; «Тіл жанашыры» (2008), «Қазақстан Республикасының полициясына 20 жыл» (2015), «Желтоқсан оқиғасына – 30 жыл» (2016) төсбелгілерімен марапатталған.

74 жыл бұрын (1949) мемлекет қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі,

Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы БИЖАНОВ Ақан Құсайынұлы дүниеге келді.

Қазақ политехникалық институтын, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. Инженер-электрик, саясаттанушы. Саяси ғылымдар докторы. Саяси ғылымдар академиясының вице-президенті. Алматы қаласы әкімінің орынбасары болып қызмет істеген. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық Кеңестің мүшесі.

2005-2017 жылдары ҚР Парламенті Сенатының депутаты. 2017 – 2021 жылдары - «Философия, саясаттану және дінтану институты» РМК директоры. Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы (2021 жылдан бері).

«Құрмет» орденімен, ТМД ПАА «Содружество» орденімен, жеті медальмен марапатталған.

6 6 жыл бұрын (1957) «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті» КЕАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Гүлмира Истайбекқызы ИСІМБАЕВА дүниеге келді.

Жамбыл облысында туған. Жамбыл педагогикалық институтының филология факультетін орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі мамандығы бойынша, сондай-ақ С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дың заң факультетін заңгер-құқықтанушы мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын мұғалім, орта мектеп директорының орынбасары болып бастаған. 1990-1993 жылдары – XII сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, он екінші сайланған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Ғылымды дамыту және халыққа білім беру мәселелері жөніндегі комитетінің хатшысы, комитет төрағасының орынбасары. 1993-2007 жылдары – Алматы қаласы білім департаментінің директоры. 2007-2011 жылдары – ІV сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2012-2016 жылдары – бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2016-2021 жылдары – алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мәжіліс Төрағасының орынбасары.

2021 жылдың қаңтарынан бастап қазіргі қызметінде.

12 жылдық білім беру бағдарламасы бойынша 1-сыныпқа арналған «Букварь» оқулығының, 11 жылдық білім беру бағдарламасы бойынша 1-сыныпқа арналған «Букваренок» оқу құралының, «Языковое самосознание и мотивация языков» оқулығының авторы.

«Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, омырау белгісі ұсыныла отырып, Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хатымен, Ы. Алтынсарин омырау белгісімен, «М.В. Ломоносов» медалімен, А.С. Пушкин медалімен, грамоталармен марапатталған.

5 6 жыл бұрын (1967), Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Ольга Валентиновна ПЕРЕПЕЧИНА дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысында туған. Қорған ауыл шаруашылығы институтын экономика және ауыл шаруашылығын ұйымдастыру мамандығы бойынша бітірді (1989).

Еңбек жолы: «Новокаменский» совхозының экономисі (1989-1992); агрофирманың бас экономисі (1992-1996); Қызылжар аудандық қаржы басқармасының басшысы (1996-2002); Солтүстік Қазақстан облысындағы статистика департаменті басшысының орынбасары, басшысы (2011-2014); Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қаржы және бюджет Комитетінің мүшесі (2014-2020). Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы (2017-2022).

2022 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі қызметінде.

«Құрмет» ордені (2016); «Қазақстан тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарының иегері.

4 9 жыл бұрын (1974)Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Михайлович МАЛАХОВ дүниеге келді.

Ақмола облысының Көкшетау қаласында туған. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Алматы жоғары мектебін (1995), Т. Рысқұлов атындағы Экономика және қаржы университетін (2005) бітірген.

Ішкі істер органдарында, қаржы полициясында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте және экономикалық тергеу қызметінде жұмыс істеген.

Ол Ішкі істер министрлігінің тергеушісінен Қаржы полициясының облыстық және орталық аппараты мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы басқармалары бастығының орынбасарына дейінгі еңбек жолын өтті.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке келгенге дейін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің Жедел департаментінің басшысы қызметін атқарған.

2022 жылдың наурыз айынан бері қазіргі қызметінде.

ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, мерейтойлық және ведомстволық наградалармен марапатталған