24-25 қазанда Астанада өтетін жәрмеңкеде қандай өнімдер ұсынылады

АСТАНА. KAZINFORM — Астанадағы «Қазанат» ипподромының аумағында Республика күніне орай 24-25 қазанда кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Онда Қарағанды және Қостанай облыстарының тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астанада өтетін жәрмеңкеге Қызылорда мен Атырау облыстары 600 тоннадан астам өнім жеткізеді
Фото: Астана әкімдігі

Жәрмеңке аясында екі өңір мың тоннаға жуық ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімін әкеледі.

Қарағанды облысынан елордаға 583 тоннадан астам өнім жеткізіледі. Оның ішінде:

• картоп – 310 тонна;
• еттің барлық түрі – 134,7 тонна;
• көкөніс – 80 тонна;
• сүт өнімдері – 15 тонна;
• балық – 7,5 тонна;
• тауық жұмыртқасы – 310 мың дана;
• бакалея өнімдері – 36 тонна.

Қостанай облысы 400 тоннадан астам ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімінің 100-ден астам түрін ұсынады. Атап айтқанда:

• еттің әр түрі – 49 тонна;
• сүт өнімдері – 31 тонна;
• шұжық өнімдері мен еттен жасалған жартылай фабрикаттар – 23 тонна;
• жарма және макарон өнімдері – 30 тонна;
• картоп пен көкөніс – 90 тонна;
• ұн – 40 тонна;
• нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер, сусындар, бал және басқа да тауарлар.

Жәрмеңкеге екі өңірден 140-тан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші мен кәсіпорын қатысады.

Жәрмеңкенің мақсаты – елорда тұрғындарына сапалы ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерін арзан бағада ұсыну, отандық өндірушілерді қолдау және өнімді делдалсыз, тікелей өндірушіден тұтынушыға жеткізуді дамыту.

Жәрмеңке 24-25 қазан күндері сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін Қарқаралы тасжолы, 1 мекенжайында өтеді.

Айта кетейік, Астанада Қарағанды облысының креативті жәрмеңкесінде 10 млн теңгенің өнімі сатылды.