24 қаңтар. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 24 қаңтарға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР
Халықаралық білім күні
БҰҰ Бас Ассамблеясы 2018 жылдың 3 желтоқсанындағы (A/RES/73/25) қарарымен қабылданған. Халықаралық білім күні – адам құқының аса маңызды бөлігі екенін және бұл мемлекеттің міндеті екенін еске салу үшін аталып өтеді. Сонымен қатар, әділ әрі инклюзивті білім – әлемдегі кедейшілікпен және гендерлік теңсіздікпен күрестің аса маңызды тетігі. Осы күні БҰҰ мен ЮНЕСКО әлемдегі мемлекеттер мен ұйымдарды білім саласында жаһандық деңгейде ынтымақтасуға, жалпыға ортақ білім сапасын ең басты басымдық ретінде белгілеуге шақырады.
Халықаралық эскимо күні
1922 жылы Онава (АҚШ, Айова штаты) қаласындағы тәттілер сататын дүкеннің иесі даниялық Христиан Нельсон шоколадпен көмкерілген балмұздақ текшесіне патент алды. Ол оны «эскимо-пай» - эскимос бүктемесі деп атаған. Арада көп жыл өтсе де, бұл өнім бүкіл әлемде, соның ішінде Қазақстанда да балалар мен үлкендердің сүйікті тағамдарының біріне айналды.
Комьюнити-менеджер күні
Жыл сайын қаңтардың төртінші дүйсенбісінде әлемнің түрлі елдерінде аталып өтетін мереке ең жас әрі ең дамушы кәсіп түрлерінің біріне арналған.
Комьюнити-менеджерлер қауымдастықты құру, дамыту, басқару және қатысушыларыларымен қатынас орнату үшін жауапты, сондай-ақ UGC-жүйелерін құру және оларға қолдау көрсетумен айналысады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1995 жылы Брюссельде болған кездесуде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен НАТО-ның Бас хатшысы Вили Клаес «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» бағдарламасы шеңберіндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Дәл осы күні Брюссельде Қазақстанның Бенилюкс елдеріндегі елшілігінің ашылу салтанаты болып өтті. Оған Қазақстанның мемлекет басшысы және Бельгия королі отбасының мүшелері және үкімет адамдары, осы елде тіркелген басқа елдердің елшілері қатысты.
1996 жылы ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» заң күші бар Жарлығы шықты.
2013 жылы Павлодарда Қазақстан Жазушылар одағының филиалы ашылды. Өңірдің ақындары мен жазушыларының шығармашылық одағы қанатының астына қазақ және орыс тілдерінде туынды жазатын дарынды адамдарды шоғырландырды.
2014 жылы Гамбург қаласында ҚР құрметті консулдығы ресми ашылды. Шара барысында ГФР-дағы ҚР елшісі Нұрлан Оңжанов жаңа құрметті консул Киллингерге консулдық патентті тапсырып, Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықты кеңейту ісінде табыстар тіледі.
2018 жылы Вашингтонда Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталығы ашылды. Қазақстан туралы кітаптар енді әлемнің басты кітапханаларының бірі – АҚШ Конгресінің кітапханасында да бар. АҚШ-тың осы ұлттық кітапханасы әлемдегі ең үлкен кітапхана. Оның негізі 1800 жылы қаланған. Кітапхана қоры 156 млн басылымнан асады, жылына 1 800 000 оқырманға қызмет көрсетеді.
2019 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві мен Қолжазбалар мен сирек кітаптар орталығының жанында «Архив-2025» ғылыми-әдістемелік орталығы құрылды. Орталықтың міндеттері – қайтарылған құжаттардың бірыңғай базасын құру, шет елдердің мұрағаттарымен ынтымақтастық жасау, «Архив-2025» бағдарламасы шеңберінде іс-шараларды іске асыру бойынша барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар мен ғылыми қоғамдастықтың ведомствоаралық үйлестіру және өзара іс-қимыл орнату.
2020 жылы Америка Құрама Штаттарында ұлы ақын, ағартушы Абай бейнеленген пошта маркалары мен бір жағында әл-Фараби бейнесі бар, екінші жағында «Рухани жаңғыру» логотипі – қазақ халқының рухани мәдени және рухани жаңғыруы бейнелейтін қалықтап ұшқан бүркіт бейнеленген естелік монеталар шығарылды.
2022 жылы Маңғыстау облысының тұрғыны Эльдар Ягяев Хельсинкиде өткен әлем чемпионатында турникке тартылудан чемпион атанды. Қазақстандық спортшы 96,5 кг салмақпен көтеріліп, осылайша жаңа әлемдік рекорд орнатты.
2022 жылы «Colorit» лақап атымен өнер көрсетіп жүрген Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің 4-курс студенті Арыстан Әбілдин өткен жылдың қорытындысы бойынша шығармашылық табыстары және Slava Marlow&Morgenshtern «Быстро» хитіне кавері рекордтық көрсеткішпен, дәлірек айтсақ 45 млн рет тыңдалғаны үшін қос платина дискісін алды.
Платина дискісі – сатылған көшірмелер санына байланысты берілетін музыкалық альбом мәртебесі.
2024 жылы Алматы әкімдігі 24 қаңтардан бастап барлық мектеп оқушылары қала мұражайларын тегін тамашалай алатын шешім қабылдады. Бұл оқу үдерісін байытып, олардың мәдениетке, өнерге, тарихқа деген қызығушылығын оятады. Сонымен қатар, мұражайларға бару балалардың сыни ойлауы мен талдау дағдыларын дамытуға көмектеседі.
2024 жылы Ыстанбұлда Түркі мемлекеттері ұйымының Бәсекелестік кеңесі құрылды. Қатысушылар кеңес қызметінің негізгі қағидаттары мен жол картасын бекітті. Түркия Кеңеске үш жыл төрағалық етеді.
2024 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев Башқұртстан Республикасының басшысы Радий Хабировты қабылдады. Мемлекет басшысы Башқұртстан Республикасы ерекше орын алатын өңіраралық ынтымақтастық Астана мен Мәскеу арасындағы екіжақты қарым-қатынастарға елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті. «Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты қарым-қатынастарға қосымша серпін беру тұрғысынан үлкен маңызға ие. Біз өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен немесе гуманитарлық сала болсын, байланыстарымызды әртараптандыруға бар күш-жігерімізді салып жатырмыз», - деді ол. Мемлекет басшысы бірқатар келісімдердің, соның ішінде үкімет деңгейінде қол қойылған 2023-2024 жылдарға арналған Ынтымақтастықтың жол картасының сәтті жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.