24 қараша. Тұлғалар туған күн
Kazinform оқырман назарына 24 қарашаға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
68 жыл бұрын (1957) «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ Қоғамдық кеңесінің төрағасы, Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Егор Яковлевич КАППЕЛЬ дүниеге келді.

Ақмола облысында туған. 1980 жылы Целиноград инженер-құрылыс институтын инженер-құрылысшы мамандығы бойынша, 2012 жылы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін бітірген (экономика ғылымдарының магистрі). Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолы: 1980-1986 жылдары Ақмола облысы Вишневка ауданы Вячеславский кеңшарында техникалық қадағалау инженері, аға бригадир, 1986-1987 жылдары ҚКП Вишневский аудандық атқарушы комитетінің нұсқаушысы, 1987-1990 жылдары Вишневский аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, 1990-1995 жылдары «Анарский» кеңшарының директоры (Ақмола облысы, Донецкое ауылы), 1995-2004 жылдары Ақмола облысы Аршалы ауданының әкімі болып қызмет атқарған. 2004-2007 жылдары Ақмола облысы Ерейментау ауданының әкімі, 2007-2012 жылдары IV сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, 2012-2016 жылдары V сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, 2017-2018 жылдары Ақмола облысы әкімінің орынбасары лауазымын атқарды.
64 жыл бұрын (1961) Қазақ эстрада театрының бас директоры, «Бауыржан-шоу» театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанда «Сатира және әзіл» бірінші эстрадалық театрының негізін қалаушы Бауыржан Сабзалыұлы ИБРАГИМОВ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Алматыдағы Сәулет-құрылыс институтын (инженер-құрылысшы), Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтын (драма және кино актері) тәмамдаған.
Еңбек жолы: 1988-1992 жылдары «Тамаша» телетеатрының актері әрі коммерциялық директоры, 1992-1998 жылдары Алматы қаласындағы Теміржолшылар сарайының бас директоры, 1998-2002 жылдары Алматы қаласындағы «Целинный» кинотеатрының бас директоры, 2002-2007 жылдары «Ақбура» өндірістік кооперативінің директоры, 2007-2012 жылдары «Фуд-Стар» ӘКБ басқарма төрағасы, 2012-2016 жылдары Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры болды. 2016 жылы «BNB-Group» құрылыс компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған.
Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, халықаралық эстрада әртістері байқауының лауреаты.
57 жыл бұрын (1968) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нүрия Исмагилқызы НИЯЗОВА дүниеге келді.

Алматыда туған. Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық университетінің Алматы филиалын инженер-технолог мамандығы бойынша, Ресей Федерациясының Новосибирск мемлекеттік университетін психолог мамандығы бойынша бітірген. Ұйымдастыру психологиясы мамандығы бойынша — Бизнес психологиясының халықаралық дипломы бар.
Еңбек жолы: 1989-1991 жылдары технолог-инженер, № 152 Шаруашылық есеп жүргізуші ұйымы, Алматы қаласының асханалар мен мейрамханалар тресі, 1998-2008 жылдары «Шаһар» телерадиокомпаниясы, Hit TV, «Energy» радиосы, Алматы қ, Бизнесті дамыту жөніндегі директоры болып қызмет атқарды. 2008-2012 жылдары жеке бизнеспен айналысты. 1999 жылдан бастап «Отан», «Нұр-Отан», қазіргі «Аманат» партиясының мүшесі. 2016 жылдан бастап Алматы қалалық «Аманат» («Нұр-Отан») партиясы Саяси Кеңесінің мүшесі. 2012 жылдан бастап «Ильдаш» Татар этно-мәдени және гуманитарлық даму орталығы» Қоғамдық бірлестігінің Басқарма төрайымы. 2014 жылдан бастап ҚР Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. 2020 жылдан бастап Алматы қаласы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары. 2015-2020 жылдары Алматы қаласы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы, 2016-2021 жылдары «Нұр-Отан» партиясынан VI шақырылымдағы Алматы қаласы Мәслихатының депутаты, 2016-2021 жылдары Алматы қаласы Мәслихатының тұрақты Комиссиясы төрағасының Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі орынбасары, 2016-2023 жылдары Алматы қаласы бойынша «Аманат» партиясы Алатау филиалының Партиялық бақылау комитетінің төрайымы болды. 2021-2023 жылдары «Аманат» партиясы Алматы қалалық филиалының Партиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары лауазымын атқарған.
Қазіргі қызметін 2023 жылдың қаңтарынан бері атқарып келеді.
«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.
55 жыл бұрын (1970) «Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті» ЖЕАҚ Директорлар кеңесінің мүшесі Мақсат Оңғарбайұлы ИБАҒАРОВ дүниеге келді.

Түрікменстан Республикасының Ташауыз облысында туған. 1992 жылы Жаңаөзен мұнай мен газ колледжін мұнай мен газ ұңғымаларын эксплуатациялау механигі мамандығы бойынша, 1999 жылы Ш. Есенов атындағы Ақтау университетін мұнай мен газ кенорындарын игеру инженері мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1992 жылы «Өзенмұнайгаз» өндірістік бірлестігінде скважиналарды жерасты жөндеу операторы қызметінен бастап, осы салада бірқатар жылдар қызмет етті. 2000-2001 жылдары «Өзенмұнайгаз» АҚ қарасты тәжірибелі-эксперименталдық өндірістік басқарманың бас инженері, 2001-2002 жылдары № 2 мұнай-газ өндіру басқармасы бастығының орынбасары, бұрғылау, скважиналарды жөндеу бөлімінің жетекші инженері, 2002-2008 жылдары № 1, № 3 мұнай-газ өндіру басқармасының бас инженері, № 2, № 4 мұнай-газ өндіру басқармаларының бастығы қызметтерін атқарып келді. 2008-2009 жылдары «Өзенмұнайгаз» ӨФ персоналды басқару және дамыту бөлімінің бастығы, 2009-2010 жылдары «Өзенмұнайгаз» ӨФ жұмысшыларының кәсіподағы» ҚБ төрағасы болып сайланып, қоғамдық жұмыстармен белсенді айналысты. 2010-2013 жылдары № 2 мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы, 2013-2019 жылдары «ӨзенМұнайГаз» АҚ бас директоры, 2019-2022 жылдары Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының әкімі, 2022 жылы«Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры лауазымын атқарған.
35 жыл бұрын (1990) Маңғыстау облысы Ақтау қаласының прокуроры Дауылбай Нұрлыбайұлы ЧЕЛПЕКОВ дүниеге келді.

2012 жылы Әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің «Заң» факультетін үздік бітірді. 2014 жылы жоғарыда аталған жоғары оқу орнының құқық магистранты дәрежесін алды.
Еңбек жолы: 2013-2017 жылдары Ақтау қаласы прокурорының көмекшісі лауазымында қызмет атқарды. 2017-2019 жылдары Ақтау қаласы прокуратурасының қоғамдық мүддені қорғау бөлімінің бастығы, 2019-2023 жылдары Ақтау қаласы прокурорының орынбасары, 2023-2025 жылдары Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданының прокуроры болып қызмет етті.
Қазіргі лауазымын 2025 жылғы қазан айынан бастап атқарып келеді.
130 жыл бұрын (1895-1983) қазақ балалар әдебиетінің негізін салушылардың бірі, ақын, жазушы, аудармашы Сапарғали Ысқақұлы БЕГАЛИН дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында туған. 1915 жылы Семей қаласындағы орыс-қырғыз (қазақ) училищесін бітірген. 1929-1935 жылдары Дегелең облыстық атқару комитетінің төрағасы, Қарқаралы уездік атқару комитетінің мүшесі, бөлім меңгерушісінің орынбасары, аудандық халық судьясы болды. Қазақ егіншілік халық комиссариатында, Түрксіб басқармасында жауапты жұмыстар атқарды. 1935-1960 жылдары «Теміржолшы» газетінде, Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтында, Қазақстан Жазушылар одағында әр түрлі қызметтер атқарған. Алғашқы өлеңі «Қазақ бозбалаларына» деген атпен 1914 жылы «Айқап журналының» № 9 санында басылды. Алғашқы кітабы «Қыран кегі» 1944 жылы жарыққа шықты. 1948 жылы басылған «Көксегеннің көргендері» повесі артынан орыс тіліне аударылған. 50-60 жылдары «Жас бұтақ», «Ермектің алмасы», «Бақыт», «Жеткіншектер», «Ананың күші», «Мектеп түлектері» әңгімелер жинақтары, өлеңдер мен поэмалар жинағы «Сырлы қайнар», «Цимлян теңізі», «Көтерілген тың» шыққан.
Жазушы Шоқан Уәлихановтың бейнесін жасауда көп жұмыс істеген, нәтижесі — «Шоқанның балалық шағы», «Шоқан асулары» повестері, «Замана белестері» романы жарық көрді. Халық ақындарының шығармаларын сұрыптап жинақ етіп шығарды, өнер саңлақтары жөнінде, жыр алыбы Жамбыл Жабаев туралы монография жазды. Көптеген туындылары шетел тілдеріне аударылған. С. Бегалин А. Пушкиннің, М. Лермонтовтың, Д. Мамин-Сибиряктың, Н. Лесковтың және тағы басқа жазушылардың шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған.
Халықтар Достығы, 2 рет «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.