24 қазан. Тұлғалар туған күн

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін, яғни 24 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
None

58 жыл бұрын (1964) Қазақстан Республикасының индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Айтбайұлы ӨСКЕНБАЕВ дүниеге келген.

КСРО Ішкі істер министрлігінің Қарағанды Жоғары мектебін, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Дипломатиялық академиясын бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты.

Индустрия және сауда, туризм және спорт министрліктерінде басшылық қызметтер атқарды. 2007-2011 жылдары – ҚР Туризм және спорт вице-министрі; 2013-2014 жылдары – Өңірлік даму министрінің бірінші орынбасары; 2014 жылдың тамыз айынан 2016 жылдың мамыр айына дейін – ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары; 2016-2018 жылдары – «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарушы директоры; 2018-2019 жылдары – Қазақстан Республикасының инвестициялар және даму вице-министрі. Қазақстан Республикасының индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі (2019-2021).

Қазіргі лауазымын атқаруға 2022 жылдың қаңтарында кірісті. «Астана», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай» медальдарымен марапатталған.

54 жыл бұрын (1968) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Ержан Сапарбекұлы СӘДЕНОВ дүниеге келген.

Шығыс Қазақстан облысында туған. С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін (1993); ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қарағанды жоғары мектебін (1998) бітірген.

Еңбек жолы: Ішкі істер органдарында 1993 жылғы шілдеден бастап орта және аға басқарушы құрамның әртүрлі жедел лауазымдарында қызмет атқарған. Басшылық лауазымдардағы тәжірибесі мол. Әр жылдары Риддер, Өскемен қалалары полиция басқармаларының, Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы, Маңғыстау облысының Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, ІІМ Жедел департамент бастығы, Көліктегі Полиция департаментінің бастығы болып қызмет етті. 2016 жылғы маусымнан бастап Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ақмола облысының Полиция департаментінің бастығы лауазымын атқарды. Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің басшысы (2019-2022).

2022 жылғы қаңтар айынан бастап – қазіргі қызметінде.

49 жыл бұрын (1973) Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы аппаратының жетекшісі Сәкен Қайырұлы ӘБЖАНОВ дүниеге келді.

Қарағанды қаласында туған. 1997 жылы Е.А. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін экономика және менеджмент мамандығы бойынша, 2018 жылы мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша тәмамдаған. 2011 жылы Қазтұтынуодағы Қарағанды экномикалық университетінде экономика саласындағы құқықтық реттеу мамандағы бойынша және Корея Республикасындағы мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру институты мен ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік қызмет академиясында білім алған.

Еңбек жолы: 1998-2001 жылдары – Қарағанды облыстық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының жетекші маманы; 2001-2001 жылдары – Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің өңірлік саясат және бюджетаралық қатынастар департаменті бөлімінің бас маманы, бастығы; 2003-2005 жылдары – ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің әлеуметтік саладағы шығындарды жоспарлау департаменті басқармасы бастығының орынбасары; 2005-2006 жылдары – Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті талдау және әдіснама басқармасының бастығы; 2006 жылы – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қауіпсіздік кеңесінің бас сарапшысы; 2006-2019 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары, қаржы-экономикалық бөлімінің меңгерушісі.

2019 жылдың наурызынан бастап қазіргі қызметінде.

«Құрмет» орденімен, «Үздік мемлекеттік қызметші», «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгілерімен марапатталған.

45 жыл бұрын (1977) Қарағанды ​​облысы Теміртау қаласының прокуроры Арман Найманбайұлы ОМАРОВ дүниеге келді.

Алматы облысында дүниеге келді. Қазақ мемлекеттік заң университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Прокуратура органдарындағы қызметін 1999 жылы Алматы облысы прокуратурасының Кербұлақ ауданы прокурорының көмекшісі лауазымынан бастаған.


Түрлі жылдары Алматы облысы прокуратурасының азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот қаулылары мен атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалау басқармасы бастығының орынбасары, облыс прокурорының атқарушылық іс жүргізу жөніндегі көмекшісі, Талдықорған қаласы прокурорының көмекшісі, Талдықорған қаласы прокуратурасының соттарда қылмыстық істерді қараудың заңдылығын қадағалау бөлімінің басшысы, Алматы облысы прокуратурасының мемлекет мүдделерін білдіру жөніндегі басқарма басшысының орынбасары қызметтерін атқарды. Алматы облысы Райымбек ауданының прокуроры болып қызмет етті, ал 2016-2022 жж. Алматы облысы Ұйғыр ауданының прокуратурасын басқарды.

Қазіргі қызметін 2022 жылдың тамыз айынан бері атқарып келеді.

44 жыл бұрын (1978) Қарағанды облысы прокурорының орынбасары Талғат Бақытұлы МҰҚАШЕВ дүниеге келді.

Е.А. Бөкетов Қарағанды мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолы: 2000 жылы – Қарағанды қаласы прокуратурасының сот қаулыларының және Атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалау бөлімінің прокурордың м.а.; 200-2001 жылдары – Қарағанды қаласы Совет ауданы прокурорының көмекшісі; 2001-2002 жылдары – Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы аудан прокурорының көмекшісі; 2002 жылы – Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы аудан прокурорының аға көмекшісі; 2002-2004 жылдары – Қарағанды облысы прокуратурасының қылмыстық істер бойынша сот қаулыларының заңдылығын қадағалау басқармасының прокуроры; 2004-2007 жылдары – Қарағанды облысы Абай ауданы прокурорының орынбасары; 2007-2009 жылдары – Қарағанды қаласы Октябрь ауданы прокурорының орынбасары; 2009 жылы – Қарағанды облысы прокуратурасының сотында сот актілерінің заңдылығын қадағалау және мемлекет мүддесіне өкілдік ету басқармасының бастығы; 2010-2013 жылдары – Қарағанды облысының прокуратура сотында Мемлекет мүддесін білдіру басқармасының бастығы; 2013-2017 жылдары – Қарағанды облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры; 2017-2020 жылдары – Қарағанды облысы Абай ауданының прокуроры.

2020 жылдың наурызынан бастап қазіргі қызметінде.

36 жыл бұрын (1986) QazaqGaz ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Санжар Серікбайұлы ЖАРКЕШОВ дүниеге келген.

Қарағанды облысында туған. Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін қаржы мамандығы бойынша (1995), Остин қаласы Техас университетін (АҚШ) мұнай-газ инжинирингі мамандығы бойынша (2010) тәмамадаған.

Еңбек жолы: Остин Мұнай және геожүйе инжиниринг орталығында ғылыми қызметкер (2008-2010); Калифорния, Колорадо және Техас штаттары бойынша бұрғылау инженері (АҚШ); Бұрғылау бойынша аға инженер, Ирак; Бұрғылау бойынша бас инженер (Сахалин аралы); ExxonMobile корпорациясының аға жобалаушы инженері, Атырау (2010-2016); Кәсіптік супервайзер бастығы, Merlin ERD компаниясында бұрғылаудың жетекші инженері, Перт (Шотландия) (2016-2018); басқарушы кеңесші, McKinsey and Company компаниясының мұнай саласындағы жаһандық сарапшы, Лондон (Ұлыбритания) (2018-2019). Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі (2019-2020). Украина «Нафтогаз» ҰАҚ кен орындарын барлау және өңдеу блогының басшысы (2020-2022).

Қазіргі лауазымында – 2022 жылдың наурызынан бері.


Соңғы жаңалықтар