24 маусым. Жылнама

АСТАНА. KAZINFORM - Kazinform оқырман назарына 24 маусымға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

Жылнама
Фото: Kazinform

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Сот және сот қызметкерлері күні

Бұл күнді «Сот және сот қызметкері күні» кәсіби мерекесі деп белгілеу кездейсоқ емес. 1992 жылы дәл осы күні тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап қолданыста болған «Қазақ КСР-нің сот жүйесі туралы» заңға тек соттың сот төрелігін жүзеге асыруы туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1938 жылы алғаш рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі сайланды. Жоғарғы Кеңес мемлекеттік биліктің ең жоғары органы ретінде республикаға қатысты кез-келген мәселені шешуге және өз қарауына алуға өкілетті болды.

1970 жылы Алматы циркінің ұжымы құрылды. Оның құрамына Мәскеу эстрада-цирк училищесін, Саратов және Алматы эстрада-цирк студияларын енді ғана бітірген талантты әртістер енді. Ұжым алғаш рет өнерін 1970 жылы 24 маусымда Самарада көрсетті. Осы дата Алматы циркінің және жалпы қазақстандық цирктің құрылған күні саналады. Себебі бұл - еліміздегі алғашқы труппа болды.

1992 жылы Түркістан қаласында Қазақстан мен Өзбекстан Республикалары арасындағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа қол қойылды.

1996 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің №774 қаулысымен «Қазақстан Республикасы тұрғындарының дене даярлығының Президенттік сынақтары» бекітілді.

2010 жылы Түркия Республикасының астанасы Анкара қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш орнатылды. Биіктігі бес метрден асатын ескерткіш түрік астанасының «Генчлик парк» орталық жастар саябағына қойылды. Мүсіннің биіктігі - 2 метр 60 сантиметр. Ол таза қоладан, ал тұғыры мәрмәрдан жасалған. Авторы - Гюрсель Чаталтепе.

2011 жылы Астанада Сербия Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің ашылу рәсімі өтті. Елшіліктің кеңсесі «Рэдиссон» қонақүйінің 6-шы қабатында орналасқан.

2016 жылы Ташкентте Шанхай ынтымақтастығы ұйымы Мемлекеттер басшылары кеңесінің шағын құрамдағы кездесуі өтті. Оған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімов, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин, Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин қатысты. Кездесудің негізгі қорытынды құжаты ШЫҰ-ның 15 жылдығына арналған Ташкент декларациясы болды.

2017 жылы ірі еуропалық телеарна - Euronews Алматы туралы сюжет түсірді. «Метрополитэнс» бағдарламасында Қазақстанның мәдени астанасы - Алматы туралы баяндалады.

2018 жылы қазақстандық Мөлдір Мекенбаева 55 кг дейінгі салмақ дәрежесінде және абсолюттік салмақта «Los Angeles Open» ашық чемпионатында джиту-джитсу бойынша 2 алтын медальді жеңіп алды. Спорттан бөлек Мекенбаева актриса ретінде танымал. Ол «Қазақ батырлары» тарихи телевизиялық сериалында басты рөлді сомдап, «Любовь по наследству» және «Саяхатшы» фильмдеріне түскен.

2018 жылы археологтар Ақтөбе маңында сирек кездесетін археологиялық табысқа кенелді. Сармат дәуіріндегі қазбалардан бірден үш қола қазандық табылды. Ол бұл жерде тайпа көсемдерінің жерленгенін білдіреді. Ғалымдардың пайымдауынша, қазбалар біздің эрамызға дейінгі V-VI ғасырларға тиесілі.

2018 жылы Алматы облысында аты аңызға айналған полиция генералы Әбдіқадыр Болсамбековке ескерткіш орнатылды. 4,5 метрлік ескерткіш Сарқан қаласының орталығына қойылды. Ә.Болсамбековтің бюстін қазақстандық мүсінші Мирлан Азмағанбетов граниттен жасады.

Генерал-майор Әбдіқадыр Болсамбеков екі майданға - Екінші дүниежүзілік соғысқа және милитаристік Жапониямен жауынгерлік әрекеттерге қатысқан. 1947 жылы соғыстан оралды. Саяси партияларға тіркеліп, полицияда қызмет етті. Әбдіқадыр Болсамбеков кәсіби мансабының барлық сатыларынан өтіп, Сарқан ауданындағы полиция қызметкерінен полиция генерал-майоры дәрежесіне дейін жетті.

2019 жылы 11 жасар Аделина Мұхаметжанова «American Protégé» халықаралық байқауының 1 дәрежелі лауреаты атанды. Жас әнші байқауда бірнеше классикалық туынды орындап, әлемнің 50 елінен келген әншілердің барлығын шаң қаптырды. «American Protege» - әлемдік әншілердің басын қосатын халықаралық байқау. Үміткерлердің дауысы аудиотаспамен тыңдалады. Жеңімпаздар Нью-Йорктегі Карнеги Холл ғимаратында өнер көрсетуге шақырылады.

2020 жылы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі» мен «Қазпошта» АҚ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске арналған пошта маркаларын сатылымға шығарды. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі — тақырыптық марка шығарған алғашқы құқық қорғау органы. Марка дизайнына құқық қорғау органының коммуникативті логотипі негізге алынған. Маркада Агенттіктің «Әділдік. Парасаттылық. Сенім» құндылықтары жазылған. Бұл құндылықтар логотипте қолданылған түстерде де берілген: аспан түстес – әділдікті, кемелдікке, жаңаруға ұмтылуды; көк түс – сенім мен қауіпсіздікті бейнелейді.

2021 жылы «URKER-2021» ұлттық сыйлығының жеңімпаздары белгілі болды. «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің сайты - inform.kz жылдың үздік жаңалықтар порталы деп танылды. ҚазАқпарат жаңалықтары inform.kz сайтында қазақ, орыс, ағылшын, қытай және өзбек тілдерінде таратылады. Редакция шетелде тұратын отандастарға қазақ тіліндегі жаңалықтарды тарату үшін латын және араб графикасын қолданады.

2021 жылы қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай Канадада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу бағдарламасын толықтыратын арнайы музыкалық кеш ұйымдастырылды.

2023 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Сарытомар ауылында қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толуына арналған мерекелік шаралар өтті. Мерейтойды мерекелеуге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов қатысты

Соңғы жаңалықтар