24 маусымнан бастап Маңғыстау облысындағы сұйытылған газ бағасы 35 теңге болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 24 маусымнан бастап Маңғыстау облысындағы сұйытылған газ бағасы 35 теңге болады, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
None
None

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Маңғыстау облысының аумағында жалпы мерзімі 180 күнге (жарты жыл) созылатын сұйытылған мұнай газының бағасын уақытша мемлекеттік реттеу жүргізуде. Осы ретте, аймақтағы сұйытылған газдың шекті бөлшек сауда бағасы бекітілді.

«24 маусымнан бастап сұйытылған мұнай газының бағасын уақытша мемлекеттік реттеу басталады. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығын негізге ала отырып, «ҚазГӨЗ» ЖШС-нен сұйытылған газдың 1 тоннасын 34 000 теңгеге дейін арттыру туралы өтініш түсті. Біз бүгін соны талқылап, «ҚазГӨЗ» ЖШС үшін үстеме ақыны есептемегенде тоннасы 28 000 теңге көлемінде болатын шекті көтерме бағаны бекітіп отырмыз. Жанармайдың 1 литрі үстеме ақымен 17 теңгені құрайды. Аталмыш тариф өз күшіне енеді. Зауыт бұл тариф бойынша 180 күн, яғни жарты жыл жұмыс жасайды. Тариф деңгейін асырған субъектілер әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 159 бабы бойынша жауапқа тартылады. Шағын және орта бизнес өкілдері үшін айыппұл - 250 айлық есептік көрсеткіш, ірі субъектілер үшін - 1 000 айлық есептік көрсеткіште белгіленген.  Егер бірнеше рет бұзатын болса, айыппұл құны да арта береді», - деді Маңғыстау облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті басшысының м.а. Бақытжан Бекмұратов.

Бүгінгі таңда «ҚазГӨЗ» ЖШС - Маңғыстаудағы сұйытылған газды өндіретін жалғыз зауыт. Газдың тапшылығы, ең алдымен, жанармайға деген сұраныстың артуынан болып отыр. Егер бұрын ішкі (жергілікті) нарық айына 6,5 мың тонна газды пайдаланса, 2016 жылдың мамыр айында газ сұранысы 12 мың тоннаға дейін өсті. Бұл барлық «ҚазГӨЗ» өнімінің 90%-ы. Сонымен қатар, «ҚазГӨЗ» ЖШС газды ішкі нарыққа Энергетика министрлігі бекіткен баға бойынша 1 тоннаны 11 000 теңгемен, яғни 1 литрін 6 теңгеден шығарып отырды. Газдың өндірістік өзіндік бағасы тоннасы -  28 000 теңге.

«Зауыт 40 жыл бойына жұмыс жасап келеді. Біздер, зауытты дер уақытында сол жерде тұрып жөндей алатын мамандарды даярладық. Бұл өртке және жарылысқа қауіпті өндіріс орны. Өнеркәсіптік қауіпсіздікті сақтау үшін зауытты жаңалау керек. Қазіргі уақытта біз зауытты дамытудың Стратегиялық жоспарын дайындап жатырмыз. Онда цехтарды кезең-кезеңімен жаңарту, өндірістің энергия тұтынуын азайту қарастырылған. Сондай-ақ, зауытты болашақта жетілдіру үшін, өзімізбен өндірілетін мұнай және газды химия өнімдерін іске асыруды ойластыру үшін шетелдік мамандарды тартамыз», - деп атап өтті «ҚазГӨЗ» ЖШС директоры Кәрім Нағманов.

«Аймақтағы барлық автокөліктерге құятын газ бекеттеріндегі газдың бағасы 35 теңге болады. Тек Бейнеу ауданында ғана газдың литрі 45 теңге болады. Өйткені Бейнеуден Жаңаөзен қаласына дейінгі және кері қайтар жол - 1 000 шақырым. Бүгінгі күннен бастап, ішкі нарыққа шығарылатын сұйытылған газдың шекті көтерме бағасы тоннасына 28000 теңгені (үстеме ақысыз) құрайтын болады. Бұл баға тек біздің зауыт үшін қолданылады. Бөлшек бағаны мемлекеттік реттеу зауыттың шығындарынан құтылуына, сондай-ақ, заңсыз әрекет ететін кәсіпкерлердің айла-шарғыларынан қашуға мүмкіндік береді», - деді Маңғыстау облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары Бекқали Жұбанов. 
Бүгінгі таңда құқық қорғау органдарымен аймақтағы жүк көліктерінің қозғалысын бақылау жүргізіліп жатыр. Облыс шекарасында тәулік бойына барлық автокөліктердің қозғалысын қадағалайтын кезекшілер қойылған. Сондай-ақ, жергілікті полиция күн сайын сұйытылған газдың жөнелтілуін «ҚазГӨЗ» зауытынан бастап автогаз құю бекеттеріне дейін бақылап отырады.

Соңғы жаңалықтар